Ақын Жанат Әскербекқызының "Ай-тамғы" атты жаңа кітабы жарық көрді

Ақын Жанат Әскербекқызының "Ай-тамғы" атты жаңа кітабы жарық көрді

Филология ғылымдарының докторы, белгілі ақын Жанат Әскербекқызының "Ай-тамғы" атты жаңа жыр жинағы жарық көрді, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақынның аталған кітабы Астана қаласындағы "Профи-Медиа" баспасынан 1200 данамен жарық көріп отыр. Жаңа кітап жөнінде автордың өзі: "Ай-тамғы" атты жаңа кітаптың шығуына демеушілік жасаған Шыңғыс Риаханов атты ініміз. Кітап 15 баспа табақ көлемінде "Профи-Медиа" атты баспадан шықты. Осы баспа директоры Жандос Бәделұлының ұсынысымен кәдесый даналары әзірленді. Жалпы өлең кітабының мазмұны мен формасы бір-біріне толық сай болып, оқырманға қай жағынан да эстетикалық ләззат сыйласа деген ойымды осы кітапты шығарарда орындауға талпындым. Осы мақсатыма жетуіме қолдау көрсетіп, көмек жасаған Шыңғыс ініме және айтқанымдай безендіре білген Жандос ініме, графикалық суреттерді салған Толқын атты жас суретшіге, осы бала сурет салады деп ұсынған Жанарбек Берстен атты суретші әрі мүсінші бауырымызға шын көңілден ризашылық білдіремін. Бұл жыр жинаққа жаңадан жазылған өлеңдер кірді және бұрын жарияланған кітаптардан таңдалып берілді", - дейді. 

Ал, кітаптың атауына қатысты қойған сұрағымызға автор: "Кітап атына келер болсақ, кішкентай күнімізден "тамғы" деген сөзді естіп өстік. Қайыр, үміт, шарапат деген ұғымды да беретін бұл сөздің астарында үлкен мән бар. "Жақсыдан тамғы дәметер көңіл бар" демей ме қазақ... "Ай" мен үшін ерекше мәнге ие. Рухани ағам Светқали Нұржан тарапынан кітап атын осылай десең деген ұсыныс түскенде бірден ұнаттым. Өз көңілімдегі атау болатын...", - деп ағынан жарылды.

Жанат Әсербекқызы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Қарасу ауылында дүниеге келген. «Ғарыш билер ғұмырымды», «Қаракөз бұлақ», «Қаңтардағы қызыл гүл», «Көктүріктер әуені», «Қаз қанатындағы ғұмыр» атты жыр жинақтары шыққан. «Миф дүниесі және көркемдік әлем», «Көркемдік өріс», "Мифтің поэтикадағы қызметі" атты ғылыми-зерттеу кітаптарының авторы. Орыс ақындары М.ЛермонтовтыңН.Гумилевтің, жапон ақыны Сайгёнің, тәжік ақыны Фарзонаның өлеңдерін қазақ тіліне аударған. Сондай-ақ, өлеңдері қырғыз тілінде шыққан «Қазақ поэзиясының антологиясы» жинағына енген. 1993 жылы ұйымдастырылған республикалық «Аққұс» ақындар мүшайрасының жүлдегері. Республикалық «Шабыт» шығармашылық жастар фестивалінің бас жүлдегері. 2001 жылы Қасым Аманжоловтың 90 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшайрасының жүлдегері. Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығына ұйымдастырылған бәйгеде «Көктүріктер әуені» өлеңдер топтамасы үшін үшінші жүлдені жеңіп алған. Әбдіраштың Жарасқаны атындағы сыйлықтың лауреаты (2004). Жанат Әсербекқызы бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында қызмет етеді.

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: Жанат Әскербекқызы

Ұқсас жазбалар:

Алғаш рет Қазақстанда "егіз кітап" шықты

Арман Әлменбеттің алғашқы кітабы жарық көрді

Азамат Тасқараұлының «Жусан Қыз» атты жыр жинағы жарық көрді

Қазақ поэзиясы тағы да бір жаңа жыр жинағымен толықты

Н. Айдархан