Жүсіпбек Аймауытов. Көсем әрі көркем сөздер

Жүсіпбек Аймауытов. Көсем әрі көркем сөздер

Бірін-бірі жем қылу

Қалың шөптің арасында жантайып жатыр едім, білегімнің астында жыбырлаған ақ құртқа көзім түсті. Сілкіп жерге түсірдім. Жерге түсіп әлгі құрт бүрісіп біраз жатты да, жыбырлап басын көтерді. Керіліп бойын жазды, құйрығын жиып, жиырылып кеудесін ілгері итерді. Жатық жерде жорғалап, шөп-шаламға өрмелеп, азаптанып бара жатты. Жыбырлаған байғұстың сорына кезеген құмырсқа кез болар ма? Ортан белден бір тістеп, құйрық басын қайқайтып алып кетті.

Cол жағыма қарасам, екі талдың түбінде торын құрып, түкпірінде шыбын аңдып өрмекші отыр. Қайтер екен деп мен де қарап отырдым. Өрмекші де тырп етпестен көп күтті. Екпіндеп ұшқан кей шыбын құрулы торды байқамай, қанатының қырымен сүйкеп өтіп жүр, кейбірі қона түсіп, торды сезіп, шошып кетіп жүр. Торға шыбын таянған сайын, өрмекші ұшатын құстай қомданып, оңтайланып қояды. Бір шыбын бой жасаған немеше ызылдап ұшты. Олай-былай шарқ ұрып торға келіп сарт етті. Талпынды, бұлқынды, бұлқынған сайын шырматылды. Жаушы-жалам өрмекші де ұмтылды, қона түсті, салды тұмсықты.

Жәндіктер қысқа қалай қамданады

Қыр хайуандары қыс таянғанын сезеді де, ерте бастан қам қылады. Кірпі мен тышқан інге кіріп, қыс қатып жатады. Кірпі жапырақ жинап соған оранады. Тышқан қу шөпке оранып, құнысады. Тиын ағаштың қуысына тығылады. Ол күздің қара басынан ағаштың бүршігін, жаңғағын, саңырауқұлақты жинап алады. Қыстың құны соларын жейді де, ұйықтайды. Жарқанат баспаналы жерге кіріп, тырнағымен бірдеңеге жабысып, басын салбыратып жаз шыққанша ұйқымен болады. Жылан, шаян, кесіртке, бақалар тас астына, ағаш түбіне, жылы жерге кіріп жазға дейін қатады. Қоңыз, құрт, сүліктер де сондай бірдеңе қылады.

Балықтар ғана тереңде, су түбінде қыстайды. Қайта қоян бәлекет қыстай ақ қарға алас ұрып, жүгіріп тамақ іздеп жүргені. Шөп аршып жей ме, ағаштың қабығын кеміре ме, қырманның тұқымын тере ме, әйтеуір, дамыл таппайды. Адам қамын жемесе, үй хайуанаттарына да қыс бапты тимейді. Жыл шыққан малдың түрі қандай? Байғұстарға жылы қора, ен тамақ болар ма еді!

Соқыр мен көзді кісі

Бір соқыр көзді адамнан:

- Сүттің түсі қандай? – деп сұраған. Көзді адам:

- Сүттің түсі – әппақ, ақ қағаздай, – деген,

- Қол да қағаздай сыбдырлап тұра ма?

- Жоқ, әппақ ұндай

- Ұндай сусымалы, майда екен ғой?

- Жоқ, кәдіміл ақ қоян бар ғой, тап сондай.

- Қояндай жұмсақ, мамық болды ғой?

- Жоқ, дәл қар сияқты әппақ.

- Олай болса, қар сияқты суық екен ғой?

Сөйтіп көзді адам сүттің түсін неге салыстырса да, соқыр бір түсіне алмай қойған.

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: baq.kz

M. Auelkhan