- Негізгі бет
- Проза
- Алғашқы қар...
Алғашқы қар
Оқырман назарына Арман Әлменбеттің "Алғашқы қар" атты шығармасын ұсынып отырмыз. Проза "шегініп" барады дейтіндердің көңіліне өзгеге ұқсамай, өз қолтаңбасын қалдырып жүрген жас жазушының туындылары медеу болары ақиқат. Бұл пікірге саналы жазармандар ренжи қоймас. Қайта күннен-күнге ішкі қуаты толысып келе жатқан жас жазушының әңгімелерін іздей жүріп оқыңыз!..
I
Біздің ауылда алғашқы қар қашанда тосыннан жауады. 8 сыныпта оқып жүрген кезім. Отын әкеле жатқанбыз. Айнала аппақ болды да кетті. Газ-53дің рөлінде отырған 81-дегі Әлихан: "А-а-ал, қыс келді" деген маған жымия қарап. Менде жымиятын шама жоқ. Қазір мына ағаштың бәрін қалай түсіреміз деп ойлап отырмын. Өйткені саларда Әлихан жалғыз өзі салды деуге болады. Менің ілмиген арық кезім, бөренелердің астында қалып қоя жаздап, аяққа оратылып жүргем де қойғам. Сол кезде достарым, әкем қайда жүр екен? Есімде жоқ. Есімде қалғаны, келе жатқанда айналаны аппақ қылып алғашқы қар жауып кеткені ғана...
II
Былтыр алғашқы қар жауғанда ауылда болған жоқпын. Қар қалыңдап, қыс әбден орныққан кезде бардым. Ел соғымдарын сойған, бірін-бірі шекеге шақырысып жатқан шақ екен. Көрші-көлемнің барлығы дерлік бұл салтты атқарып тастапты. Тек бір үй ғана... Түменбектің үйі. Жылда солай. Ол үй шақырады деп ешкім күтпейді де. Өйткені Түменбектің өзі кемтар адам. Көзі көрмейді, жасы біразға келіп қалған. Аздап арақ ішетіні бар... Әйелі ешкіммен араласпайтын, томаға-тұйық адам. Тек үйінің жанынан өтіп бара жатқанда ғана балаларына ұрысып жатқан ащы айқайын еститін едік. Ал балалары... Үлкен қызы күйеуге шыққан деседі. Ақылы кемдеу болатын. Одан кейінгі ұлы – Дидар. 7 сыныптан кейін оқудан шығып кеткен. Үйінің шаруасын істеп, өзінен әлдеқайда кіші балалармен ойнап жүреді. Одан кейінгі баласының атын білмеймін. Жасын да шамаламаппын. Әйтеуір, жаздың күндері күннің көзіне шығарып қойғанда ғана көретінбіз. Мүгедектерге арналған арбада отырады. Енді ойлап отырсам, сол бала ұл ма еді, қыз ба еді, мен оны да білмейді екенмін...
Ауылға барғандағы әдетім бойынша түс әлетінде оянып, сүйретіліп далаға шыққам. Аппақ қар көзді қарықтырып, аштырар емес. Көрші үйдің қорасының артынан біреу атпен шыға келе жатты.
- Қалайсың, Арман?
«Бұл кім», – деп ойладым тани алмай, – «Осыларды келген сайын танымай қаламын». 3-4 айдың ішінде осыншама өсіп кеткен қайсы екен...
- Ә-ә, Дидар, жағдай қалай?
Мен бұл сөзді айтқанша, Дидар тізгінін тартпастан жанымнан өте шыққан. Шанаға арқан жалғап, санына орай, тақымына басып алыпты. Шанада «престелген» шөп. «Е-е-е, қыс басталмай жатып, шөптері біткен екен ғой» деп ойлап едім ішімнен.
III
Алматының күзі биыл созылып кетті. Күз болғанда, жауын-шашынсыз, қоңыр күз. Жапырақтар судырап жерде әлі жатыр, құп-құрғақ болып. Күн барған сайын суытып келеді. Таудың басындағы ақ та бірте-бірте көлем алып келе жатқандай.
Біздің үй көмір-ағашты әлі түсірмеп еді. Енді ертерек қамданса екен... Менен келер пайда жоқ, мына жақта қалалық жылу жүйесінің қосылуын күтіп, өз бетіммен жатқан адаммын. «Әкей бар ғой, реттейді ғой» деп өзімді жұбатып қоямын.
Көршілердің бәрі де қысқа дайын шығар. Олар ондайға ерте қамданушы еді ғой. Тек бір үй... Түменбектің үйі. Бірақ ол үйде биыл от жағылмауы да мүмкін. Өйткені былтыр көктемде Түменбек мас болып отырып от жаққан екен, түнде түтін ішке соғып, иіс тиіп қалыпты. Әйелі қаладағы қызына кеткен екен. Екі күннен кейін келсе, күйеуі мен екі баласы түнгі ұйқыға бас қойған күйлерінде жатқан көрінеді. О дүниеге қалай аттанғандарын да білмей қалған.
IV
Әкем хабарласты. Ауылда алғашқы қар жауыпты. Ылғи осылай күтпеген уақытта жауады...
Дайындаған: Қайсар Қауымбек
Сурет: жеке мұрағаттан
Қ. Қауымбек