Рақымжан Отарбаев. Американың ұлттық байлығы (Әңгіме) #1

Рақымжан Отарбаев. Американың ұлттық байлығы (Әңгіме) #1

Отарбаев Рақымжан 1956 жылы 19 қазанда Атырау облысы, Құрманғазы ауданында туған. 1977 жылы Орал педагогика институтын бітірген. Жазушының әр жылдары «Шер», «Жұлдыздар құлаған жер», «Жайық жыры», «Қараша қаздар қайтқанда», «Дауысыңды естідім», «Отверженный мир» атты прозалық жинақтары және таңдамалы шығармаларының 2 томдығы жарық көрген. «Бейбарыс сұлтан», «Бас», «Нашақор жайлы новелла», «Нұржауған-ғұмыр», «Сырым батыр», «Мұстафа Шоқай» сынды пьесалары республикалық және шетел театрларында сахналанған.

 

Аңшы дара ауыз мылтығын құндағынан омырып, майға шыланған матамен қайта-қайта ысқылай сүрткен. Төңірекке «Қапардың қанды ауызы» атанып кеткен мылтықтың шынболатына өң кіріп жылтырай қалды. Жарықтық әкесінің көзіндей қару ғой.

Қошалақтың   адыры   мен   төбе,   тепсеңін   сыдырып аң қағып, қанжығасына қоян байлап қайтса да мейірленіп: «Бұл мылтықтың аузына мың аң сыйып кетеді», – деп күмпілдеп жер-көкке сыймай оралатын.

Шалы олжалы келсе, шешесі өз етегіне өзі сүрініп жүріп имекбас жез құман мен легенді алдына тосып, ақ сүлгіні тізесіне тастап жылы суды сыздықтатып құяр.

– Осы заманда қай қазақ қазан қақпағын булап жас етті күн сайын жеп отыр дейсің? – деп, шегір көз ақ шұнақ шал танауына уысын толтырып су атып жіберер еді. – А? Ырысы алысқа шашыраған мына біз шығармыз. Анау ойдағы ел қуаты жоқ көк қыртылдақ қызыл шылқылдақпен күнелтіп, тісінің суын сорып шықылықтап отыр.

Даладағы аңды қорасындағы малдай көріп жүріп дәулет те жинамапты. Соңында мұраға қалғаны – айдаладағы жалғыз тоқал там мен осы қанды ауызы, бес-алты уақ жандық.

Күн  байығасын  пеш  жанында  тұрған  пілте  шамды тұтатты. Көлеңке ыдырап үйдің төрт бұрышына тығылды. Қазан астындағы от бәсеңси бастаған екен, ошақ аузында жатқан жыңғылдың үш-төрт түйірін қосымша етті. Жас еттің иісі жайылып, қараша үйге жылылық енді.

Пеш түбінде жатқан қызыл құрақ көрпеге тізе сындырып қабырғаға қараған, әкесі мен шешесінің үлкейтілген суретіне көзі түскені. Пілте шамның сығырайған сары бояқ сәулесімен ақ шұнақ шал тіпті нұрланып кеткендей.

Шегір көзіне жылу жүгіріп: «Қасқырдың бөлтірігін алмас бұрын арланы мен қаншығын құрт. Әйтпесе, аяқ жетер жердегі малшыларды ұлардай шулатып бітеді», – дейтіндей.

Әкесінің қасқыр қақпандай шаппа-шап мінезіне қанық Қапар ақ шұнақ шалды ғұмырында бір-ақ мәрте ашуландырыпты.

Онда да әскерден келетін жылы. Онда да әлгі интернатта жатып оқитын екі-үш жаманның шешесі Қадишаны алар жолы. Өз-өзінен желденіп, әскер киімін шешпей үсті-басын сары ала жез ғып төрт-бес ай жүріп алған. Сол беделдің арқасында ғой…

Көрші ауылдың үстін ертеңді-кеш шаңытып шауып, оң босағада отырған қызды оңтайлап жібергені…

Құда түсіп «міне, міне, той» деп отырғанда шар ете қалған шатақ тұтансын. Азын-аулақ ағайынның басын қосып ақылдасар шайда әкесі:

– Құдаға жеңі бар көйлек салғалы отырмыз, – деп берілер китті тізбелеген.

– Дырдай құдаға жағалы киім кигізбеу ұят емес пе, – деп қалды бұл дастарханға емініп-емініп қойып.

Аз дәулетін тұтамдап отырған әкесі шегір көзінің сұғымен аямай шанышты. Бірақ ләм демеді. Момындықтан бас алмайтын шешесі ғана: «Тек, көбейгір», – деп күбірлеп тынды.

– Құдағиға ше? – десіп азын-аулақ ағайыны емпілдесіп барады.

– Құдағиыма гүлді орамал деп отырмын, – деді шешесі даусын одан әрі бәсеңсітіп.

– Өй, орамалы несі? Тым болмаса қамзол бермейсің бе? – деді тағы да бұл шыр етіп.

– Апырым-ай, қарағым-ай, әскерден қатынның зары өтіп келген екен, жағаласпай қоя тұрсаңшы, – деп нағашысы басу айтқансыды.

– Ал, тойға не соямыз?

– Қасқа сиырды соямыз да, – деді бұл жолы қапы қалмайын деп әке-шешесінің алдын орап кетіп.

– Әкең не айтар екен? – дейді нағашысы түскір жан-

тайып жатып.

«Қатын алатын мен, қалған шаруаны қамдайтын бұлар, неткен әділетсіздік?!» – деп өзіне анық билік тимей зығыры қайнап отырған Қапар да қарап қалмады.

– Әкем шоясын біле ме?

Сол сол-ақ екен, ақ шұнақ шал аруақ көтергендей орнынан мөңкіді дейсің. Тұлыптай боп ісініп, сырт терісі сөгіліп кете жаздаған.

– Уау, атаңа нәлет, қатын алған жалғыз сен бе едің?!

О несі, а? Жалғыз сиырды тойға сойып, ертең келінді сауып шайқатық қылайын деп пе ең, а?

Азын-аулақ ағайын қолға тұрмай қақшаңдаған ақ шұнақ шалды: «Бір ашуыңды қи, көкетайлап», – жатып, әзер басқан…

Шамның сары бояқ сәулесі жүздерінде ойнаған әке-шеше суреті жарға арқа сүйеп бұған «әй, балам-ай»,– дейтіндей.

Қапар мылтығын қайта құрастырып, оқшантайын босағадағы шегеге ілді. Қазан енді бір-екі бүлк етсе ет те туырылып түсе қалар. Ертең алакөбеңде тұрамын, ерте қамданайын деп дастарханға қол соза беріп еді, сырттан ат оқыранды.

Артынша есік сықырлай ашылып «Ассалаумағалейкөм» деп еңкіш келген шынжау сары жігіт еніп келе жатты.

– Әлік алдым. Төрге оз!

–  Ау,  Қапеке,  жалғыз  өзің  шошайып  бұл  не  отырыс? Апам қайда? – деп шынжау сары екі бұтын құшақтастырып отыра кетті.

– Е, өзіміздің Жетес екенсің ғой. Жол, болсын!

– Сайлаудың сабылысы. Кандидаттарға дауыс беріңдер, депутат жасайық деп ел-жұртты үгіттеп жүрмін.

Қадишамен әріден аталастығы бар әрі бар жаһанның жаңалығын аузына тістеп жүретін осы жігіттің әр қылығы қыр адамына қызық-ақ.

 

(Жалғасы бар)

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: zoologist.ru

M. Auelkhan