- Негізгі бет
- Проза
- Қадыр Мырза Әли....
Қадыр Мырза Әли. Даңқ #2
"Жазмыш". Даңқ.
«Шын даңққа лайық адамдар сол даңқтың болмағанын қалайды», - дейді испан ақыны Фернандо Песоа. Даңқты болып көрмеген адамның миына сыймайтын пікір. Сыймаса да, ақылға салып ойлағаны дұрыс. Мықтылардың аузынан кездейсоқ сөз шықпайды. Ал мен өзім осы көзқарасты жөн көремін. Өйткені даңқтан саналы түрде қашқақтап, жанын қоярға жер таппаған дарындар аз емес.
Солардың бірі - Стефан Цвейг. Онымен сөйлескісі келгендер онымен таныс болғысы келгендер, ең болмағанда бір мәрте көргісі келгендердің өзі каншама? Сол тілектердің бәрін бірдей орындай берсе, Цвейгтің шығармашылықпен шұғылданарлық мүмкіндігі қалмайды ғой. Сондықтан ол, өзінің қыр соңынан қалмай қуып жүрген жанкүйер оқырмандарынан бой тасалап, бір қаладан бір қалаға уақытша ауысып отырған. Біреу-міреу танып қояды деп, күндіз көшеге шыға алмай, түн жамылып қыдырады екен байғұс. Басқа қалаға барып, басқа фамилиямен тіркеліп, қонақүйдегі бөлменің терезесін күндіз тас қылып жауып, үстел үстіндегі шамын жағып жазуына кірісетін болған. Ол өзі жұмысты түнде істеп үйренген жазушы. Күндізгі қараңғылық - оның өзін-өзі алдауы.
Адамның бүкіл өмірі өзін-өзі жұбату, өзін-өзі алдау ғой. Сондықтан Стефан Цвейгтің әлгі қылығына таң қалуға болмайды. Оның да өз логикасы бар. Біріншіден, ол күндіз жаза алмайтын болған. Екіншіден, күндіз қыдырып, қала аралаудан тағы қорыққан. Шынында да біреу-міреу танып қойса, қашқанынан не пайда? Қолға түседі! Түссе болғаны - ел оны махаббатымен-ақ буындырып өлтіреді.
Михаил Зощенкойың халі бұдан да жаман болған. Мен - Михаил Зощенкомын деп, конақүйлерге орналасып, жанбаспұлын да, сөйлескен телефон ақысын да төлемей, кейбір алаяқтар зытып отырады екен. Елдің өзінен сатып алып, елдің өзіне қайта сататын делдалдық дүкендерде де! «Мен - Зощенкомын, ақшасын әкеліп беремін», - деп ұстатпай кеткен жылпостар көп болған. Соның кесірінен Михаил Зощенконы бір емес, бірнеше мәрте сотқа да шақырған.
Жалпы әйгілі сықақшы жұмыс істемек түгіл, көпшілікке, елге көріне де алмайтын жағдайға жеткен. Бірде ол Қырымға Бондаренко деген фамилиямен барып демалып қайтқан.
Бұл мәшһүрліктің, даңқтың сыртқы зияны. Басқалар тарапынан болатын қиындығы. Бұдан қашып құтылуға болады. Ал оның өзіңе ғана байланысты қаупін қайда қоясың? Оның таза дертке, манияға айналатын да кездері бар. «Даңқ түсіңе бір кірсе болды, ол сені ауруға, емі жоқ ауруға айналдыратын дауасыз дерт», - депті Поль Валери. Мұны да жоққа шығара алмайсың.
Даңқтың құрбандығы аз емес. Соның бірі - Шеридан. Даңқ оның кеудесіне ібіліс ұялатқан. Оның жанын жын жайлаған. Ол мақтау-мадақтың есірменіне айналған. Жұрттың дүрілдетіп соққан шапалақ-қолы, бірінен-бірі асқан қолпаштау ақын-драматургты тірі жүре алмайтындай жағдайға жеткізген. «Тойымсыздық, қанағатсыздық, атаққұмарлық - құмарлық атаулының жексұрын түрі», - дейді. Қате! Олар әшейін ұсақ құмарлықтар. Ең күшті, ең куатты, бәрінен асқан аждаһа құмарлық - даңғой даңқ құмарлық! Ең үлкен, ең керемет ерліктер мен адам ақылына сыймайтын сұмдық қаскүнем қанішерліктің түбінде міне, осы даңқкұмарлык жатады, - деп жазыпты Холландуға сол Шериданның өзі. - Міне, осы сұмдық дерттен құтқарар құдірет болса, қалғандары маған түк емес. Даңққұмарлықпен салыстырғанда олар әшейін шыбын-шіркей!»
Қанша айтқанмен мықтының аты мықты ғой! Өзін-өзі осылай сыбау кімнің қолынан келеді?!
«Семіру шошқаның өзіне қандай сор болса, артық даңқ адамның соры», - дейді қытайлар.
Роберт Фрост - АҚШ ақыны. Елуге тарта құрмет белгілері, басқа да толып жатқан аса қымбатты атақ, шен-шекпендері болған. Сөйте тұра, өле-өлгенше Нобель сыйлығынан үміттенген. Қашан қуанышты хабар келіп қалар екен деп, жыл аяғында дастарқанын жайып, міз қақпай күтіп отырады екен. Ауру емей немене? Ауру, әрине!
Нобель бөйгесіне Бунинмен бірге түскен Куприн де сондай адам болған. «Мен сені керемет жақсы көрем, Саша, - деп жазады Александр Куприн өзінің аттас замандасы Гринге. - Алтындай асыл талантың үшін, атақ-даңққа құмартпағандығың үшін жақсы көрем. Ал мен онсыз өмір сүре алмаймын», - дейді. Несі бар? Ондай ақындар да кездеседі. Мен сондайлардың бір-екеуін білем. Біреуі жасы үлкен аға. Қайтыс болды. Өле-өлгенше «Халық қаһарманы» деген атақты күтіп өтті... Екіншісі жасы кіші інішек. Дарынды, әрине! Жақсы да жазады. Бірақ жазып отырып, дәлірек айтсақ, жазбай жатып даңқты ойлайды.
Дегенмен осы Шеридан мен Куприн сөздерінің жаны бар. Даңқ - өте қауіпті рухани есірткі. Ақын-жазушылардың бәрі болмағанмен, біразы әдеби есірмен. Бірақ олар әдетте онысын сездірмейді. Келген даңқты қумайды. Рақаты мен азабын қатар тартып жүре береді. Біз оларға молырақ тоқталамыз. Ал әзірше, даңқтың тегеурініне барынша төтеп беріп, шығармашылықтың рақатын даңқтың рақатынан биік қоя білген дарындар жайында бірер ауыз әңгіме айтқан жөн ғой дейміз. Шын мәнінде бұлардікі ақылдылық қана емес, ерлік те!
Проспер Мерименің бір басына жететін даңқы болған. Соның өзін ауырсынып жүргенде император (Наполеон III) оны патшайымның канцеляриясын басқаруға шақырады. Мансаптың кермек дәмін жақсы білетін әккілер үшін енді таптырмайтын орын. Сөйте тұра Мериме келісім бермейді. Мүмкін архив шаруашылығын басқарасыз? Жоқ, оған да көнбейді.
Амалы құрыған патшайым содан кейін оны сенатор жасағысы келеді. Одан да бас тартарын сезген патшайым өзінің туған анасын салады. Ол Меримеге турасын айтады: «Не келісіміңізді бересіз, не біздің дұшпандарымызбен боласыз!»
Амалы таусылған Мериме қинала-қинала келісім береді. Бірақ сенаторлыққа ешқандай ықыласы болмайды. Отырған он жеті жылында не бары үш мәрте ғана сөйлейді. Үш-ақ рет!
Бірде оған Халық ағарту министрлігін ұсынады. Мериме, әрине, одан да бас тартады.
Беранженің де азаматтығы осылай. Ол тамыз монархиясын іштей қабылдаған. Ал оның либерал достары түгелге жуық билікке кеткен. Солардың бірі ақынды өз орталарына тартқысы келіп, істемейтінді істейді. Қалаған портфеліңді ал дегенге шейін барады. Ал Беранжеге түк те керегі жоқ. Беранже бәріне керек! Оған тек еркіндік, ешкімге күні түспейтін азаматтық шығармашылық, бостандық қана қажет!
Ақыр аяғында мәселе депутаттықка келіп тіреледі. Оның карсы болғанына қарамай, ұсынылып кетеді. Сайлаудың, яки дауыстың қорытындысын күтпей-ақ, Беранже халыққа қаратып ашық хат жариялайды. Шешен емеспін, мемлекет қайраткері емеспін, маған осының бәрі неге керек, - деп жалбарынады. Жұрт оның өтінішін оқиды. Бірақ ақын қиылып сұраған сайын елдің оны босатқысы келмейді. Сайлаудың қорытындысында жүздеген кандидаттардың ішінде Беранже сегізінші орын алады. Бұл ашық хат жазып, өз еркімен бас тартқанның өзінде... Ал бас тартпаса, жанын салып үгіт-насихат жұмысымен шұғылданса, қанша дауыс алар еді?! Одан кейін ол ұлттық жиналыстың төрағасына өтініш жасайды. Ол жөне оның әріптестері ақынның тілегін тағы да қабылдамайды.
Осыған ұқсас бір жайды Максим Горький де басынан кешкен. Л.Н.Сейфуллинаның естелігінде мынандай бір әңгіме бар: «Несі бар, жақсы! - дейді Максим Горький. - Бәрі де жақсы! Аман-саумын. Тамағым тоқ, танауым толған насыбай. Кез келген жерге кұрметті мүше ғып сайлайды. Кеше мен ақылы ауысқандардың арасында болдым. Көп кешікпей мені жындылар қоғамының құрметті мүшесі қылып сайлайтын шығар!» Қандай сарказм?! Өзін де аямаған, қоғамын да әжуа қылып отыр.
Қадыр Мырза Әлидің "Жазмыш" кітабынан дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: goodfon.ru
Н. Айдархан