- Негізгі бет
- Проза
- Қадыр Мырза Әли....
Қадыр Мырза Әли. "Көріпкел-әулиелік" #3
"Жазмыш". Көріпкел-әулиелік.
Қадыр Мырза Әли. "Көріпкел-әулиелік" #1
Қадыр Мырза Әли. "Көріпкел-әулиелік" #2
Әулиелік қай кезде де әулиелік. Оған соғысың не, бейбіт күнің не – бәрібір... Николай Рубцовтың өмірі, негізінен, қиюы қашқан тірліктен тұрады. Өлеңнің жазылуы да қиын. Кітап қылып шығару да киын! Ақынның өндірісі де, өнімі де өлең. Ол өз алдына жинақ болып жарық көргенше, оқырманның қолына тигенше қаншама уақыт өтеді? Осы жұмыстар түгелдей дұрыс өтіп жатпай ақынға қаржы қайдан келеді?! Болымсыз проблема емес. Әйтсе де одан басқа да толып жатқан проблемалар бар. Соның көкесі – махаббат, әйел. Бұл мәселеге біз сәл кейінірек жеке тоқталмақпыз. Ал қазір Николай Рубцовтың көріпкел бір тармағын еске түсіргім келеді. Ол былай дейді:
Кызыл шұнақ аязда өлермін мен...
Құдай аузына салғандай 1971 жылы кақаған қызыл аязда ақын өз төсектесінің қолынан қаза табады. Әйел оны қылғындырып өлтіреді.
Осы оқиғадан дәл он жыл кейін Александр Тихомировты электр поезы қағып өтеді. Ал ол жағдайды бұдан жиырма жыл бұрын жиырма жастағы ақын былай деп суреттеген:
Жарық болғанда тым жарық,
Түнекті жарып, түн жарып,
Жанардан ұрды тағы да
Жаратылыста жоқ бір жарық,
Өңінде емес, тек қана
Түсінде көрер бұл жарық.
Мұндай сөздерді қазақтар әдетте айттырмайды. Кұдай естіп қояды дейді. Мүмкін, солай да шығар.
Ақындар айтып, Құдай солардың айтқанын орындап жүрсе ше?!
Демеймін тірлік аз өтті,
Өртедім талай өзекті.
Өлсем де хабар берілмес
Пұшпағында бір газеттің.
Алайда оған өкінбен...
Мұны жазған құсалы Вл. Высоцкий, шынында да «Мәскеу ақшамынан» басқа бір де бір газет не кролог бермеген. Ал айтылмыш «Мәскеу ақшамының» өзі адам көзі түспейтін бір бұрышқа «Владимир Высоцкий дүниеден өтті» деп немқұрайлы хабарлай салған.
Сол кездердің әйгілі әншілеріне саналатын ақын Игорь Тальков та, Алла-тағаланың аппаратымен тура байланыс жасап отырғандай:
Мені көптің көзінше өлтіреді,
Және өлтірген адамды таба алмайды, -
деп жүз пайыз дәл айтып кеткен.
Кейбір дұшпандары не десе, о десін, Иосиф Бродский де үлкен ақын. Оны жиырмасыншы ғасыр поэзиясынан ешкім сызып тастай алмайды. Ол өзінің мықты екендігін көрегендігімен де дәлелдеген тәрізді:
Күз бен жазда ілінбей сұр мергенге
Бірақ қыстың салқыны сыр бергенде, -
деп жазған-ды бір өлеңінде, сонысын тағы бір анықтай түсейін дегендей
Жақында ғасыр бітеді,
Мен одан бұрын бітемін, -
деп жиырма бірінші ғасырды көре алмайтынын оқырмандарына ескерткендей болды.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев – ақын, қазақ ауыз әдебиетін жинауда зор еңбек еткен оқымысты, әдебиетші. Оны қазақтар, әсіресе, арқалық ағайындар белгілі дәрежеде әулие тұтады. Тұтса тұтқандай да. Көзінің тірісінде туған-туысқандарын, жақын-жұраттарын жинап алып, өзіне-өзі ас берген бірден-бір қазақ, меніңше, осы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Жасарын жасап, асарын асап тірлік дәмін біраз таттым ғой дегендей ақын атамыз жетпіс екіге келген соң көктемнің көрікті бір күндерінде елдің басын косып, сонда өзі сөйлейді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау: «Уа, халайық, мен бүгінде жетпістің екеуіндемін, қазір мен балталаса да өлмеймін. Ал келер жылы пайғамбардың өзі арнайы келіп қалқаласа да тірі қала алмаймын! Бұл менің асым. Амандық болса, бір жыл өткен соң дүние саламын!» - дейді. Жұрт не дерін білмей, тарап кетеді. Сонымен сол жазда Мәшһүр Жүсіп жарықтық кесенесін тұрғызады. Асты - кең көр, өзінің о дүниелік орны. Екінші қабатында, едені тақтайланған әп-әдемі бөлмеде жалған дүниеге лайық жиһаз-мүлік. Кітапханасын да сонда көшіріп әкелген. Бір жылың да өтеді. Кешегі асына шақырылған ағайындарға Мәшһүр Жүсіп қайтыс болды деген хабар да жетеді. Ел-жұрты жиналып, арулап көмеді. Көміп қана қоймайды, өзінің айтып кеткен ақыл-кеңестері бойынша бальзамдайды. Кейін бұл жер кішкене Меккеге айналады. Жұрт сонда келіп құран оқиды, мінәжат қылады, жаратқаннан перзент тілейді. Әсіресе ауру-сырқаулар, мүгедектер үлкен сеніммен барады. Ал Кеңес өкіметі ондай оғаш әрекетті ұната қоймайтын... Шыдамы таусылған облыстық партия комитетінің бір хатшысы аудандық партия комитетінің бір басшысына телефон соғып, Мәшһүр Жүсіптің кесенесін құрту жөнінде нұсқау береді. Аудан басшысы бұл шаруаны милицияға тапсырады. Бірақ бұйрықты беру бар да орындату бар ғой. Ал орындау әрқашанда қиындау. Карапайым халық әулие тұтқан аруағына қол көтеруші ме еді?! Көтермейді! Қазақ атаулы ат-тондарын ала қашады. Амалдары таусылған милиция жергілікті жұрттың тарихымен, әдеп-ғұрпымен мүлдем таныс емес бір келімсек тракторшыға ақшасы мен арағын қоса беріп өтініш жасайды. Басы ауырғанда Мәскеуді өртеп жіберуге дайын жүретін ағайын бірден көне кетеді. Ағаштан қиып тұрғызған шағын кесене трактордың тегеурінін қайдан көтерсін, қисайып барып құлайды. Жұрттың айтуы бойынша, содан кейін әлгі тәуекелшіл тракторшы жынданып ауырады. Оған тапсырыс берген милиция бастығының аузы қисайып кетеді.
Қадыр Мырза Әлидің "Жазмыш" кітабынан дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: alashainasy.kz
Н. Айдархан