- Негізгі бет
- Проза
- Дос (новелла) ...
Дос (новелла)
(Шаттықтың суреті)
- Дос екі түрлі болады,- деді Қаһар, - бірі – жан дос, екіншісі – нан дос. Жан досың о дүниеде сауабынан сыйлайды, сенімен қиындықты тең көре алады...
Мен сендім. Аласұра дос іздедім... Кереметтей еркін сезілетін аспанға көз тіктім. Қарлығаштарым менің!
"Біз жақтың қарлығаштары адамды жақын тартып, жанай ұшып жүретін". Мүкесінің сөзі. Төсі аппақ, тамағы қызыл, түсі қап-қара, құйрығының айыры көзге бірден ұрылатын. Ал мыналар сұрғылт, құйрығының айыры да бір-біріне жуықтап, орнына түскен сынықтай бітісе бастаған. Бұлар – қарлығаштың азғаны. Яки мен көрмеген таңсық екінші бір түрі. Қаланың қарлығаштары...
- Далам менің! Бағзыда ұшқан құстан сәлем айтатын бабаларым менің!.. Көк еркелері мен екі аяқтылардың достығы өздері өмір сүрген кеңістіктің қашықтығындай шалғайланып бара жатқаны ма?
- Әлдеқашан солай болған...
Әр жолы ауылға қайтқан сайын, Текестің бойына барамын. Бала кезден жалғасқан әдет. Бара сала, суға бетімді жуамын. Қыс күндері маржандай тізілген сеңнен уыстай алып, құшырлана шайнаймын. Сосын қабақ үстіне шығып, ұзақтан-ұзаққа кеткен Текеске, Текестің арғы жағасына телміремін де тұрамын.
- Қалау, сенде Шаттықтың суреті бар ма? Ең құрығанда, сыныптастарыңмен топ болып түскен сурет?!
- Жоқ, аға.
Сұраушы – менің 5 сыныпта қайтыс болған досым Шаттықнұрдың ағасы Бақытнұр.
Шаттық екеуміздің уәдеміз бар-ды.
...Ол кезде барыңмен айырбас жасағың келетін ойын түрі біздерге асық еді. Қайтыс болар жылы Шаттық Текестің арғы жағасынан (біздің ауылдың атауы бойынша аржақтан) – мұз ең жақын аралықтан маған асық лақтырып бермек еді, сол уәделі күнге таяу шақта, көз жұмды.
Уәде – уәде!
Шаттықтың суретін үйіндегілер сақтамапты. Бәлкім, суретке түсуді ескермеген.
Бақытнұр аға менен сурет сұрағаннан бір-екі жыл кейін, мен Шаттықтың суретін жолықтырдым. Әлдебір тентектікпен мектеп бастығының бөлмесіне шақырылып, сөгіс естідім. Сол бөлмеде, үстел үстіндегі әйнекке қыстырылған суреттердің арасынан бастауыштағы біздің сыныптың суретін ұшыраттым: алдыңғы қатарда аласалау мен; менің артымда домалақтау, екі бетінің ұшында шұқыры бар, от жанарлы бала. Сәл тосырқадым. Жат болған бейне – Шаттық еді.
Даусымның қатты шыққаны сондай, мектеп бастығы әлдебір ойларға берілген менің одағай үнімнен шошып қалғандай бөлмесінен қуып шықты. Сурет сұраусыз қалды. Шаттықтың бұл дүниеде сақталған жалғыз бейнесі дерексіз кетті...
Оның үнінде табиғи сырыл бар еді. Сығылып, сырылдай шығатын. Тымық кештегі Текес сарылы сол үнді еске салады. Ұзақ-ұзақ әңгімеге тартады...
- Сенің сол жақ аяғыңның екі бақайы неге қосылып тұр?
- Шешем маған екіқабат кезінде түйенің табанына таң қалған екен.
- Ой, тәуба!
- Ешкімге айтпа!
- Иә, уәде – уәде.
Бұл Шаттықтың бір белгісі еді...
- Сені ешкілік бойында жоғалттық... Ал, реңің өзің қой баққан сол мекенге тартқан.
- Көзім ше?
- Бұл жайлы ойланбаппын, Шаттық. Бірақ әпекелеріммен бастауға су алғалы барып, кір-қожалақ қолымды шым-шым қайнап, құм шағылды бұрқыратқан бастаудың қайнар көзіне салушы ем. Оның түбіне қолым жетпейтін... Көзіңді сол тым-тым тылсым сезілетін бастау көзіне ұқсатсам, бола ма?
- Ол қанбайтын сағыныш емес пе, ақымақ-ау.
- Тағы есіңде нелер бар?
- Сенің ұртыңдағы екі шұқыр. Меніңше, ол қыздарға ғана жарасатындай...
- Ол деген орны толмаған өкініш!
- Мүмкін...
...Ауылға қайтқан сайын, Сатай менен: «Неге үнемі қабақ бойына келе бересің?», - деп сұрайды. Бірде-бір рет жауап бермедім. Себебі, Текестің арғы жағасында Шаттықтың кіп-кішкентай зираты бар. Және біздің балалық, уәде...
- Уәде – уәде!
Авторы: Хамит Нұрбазарұлы
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: wikihow.com
M. Auelkhan