Сәуле Досжанова. «Ақшаның кепиеті» (әңгіме)

Сәуле Досжанова. «Ақшаның кепиеті» (әңгіме)

Қазақстан Жазушылары Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, ақын Сәуле Досжанованың «Ақшаның кепиеті» атты әңгімесін ұсынамыз.

Ақшаның кепиеті

әңгіме

Жалғыз ұл жер бауырлап жылап жатыр. Зор даусынан қабырға дірілдеді...

Оның айтқан сөздері жанындағы кейуананың сай-сүйегін сырқыратып, жылаған даусы жан-жүйесін босатты. Ақ бурыл шашы орамал астынан дудаланып шығып, иығы шодырайып, қу сүйегі қалған Ана отырған орнынан сүйретіле тұрып баласының жанына келді. Арбиған саусақты арық қолымен ұлының ақ бура басын алдына алып құшақтап, маңдайынан желкесіне қарай сипады. Арыстандай ақырып, өгіздей өкіріп жатқан еркек жуасығандай, анасының шодырайған тізесіне басын қойып, манағы сөздерін енді ақырын дауыспен қайталай бастады.

- Апа, сенің айтқаның келді. Бізді ақшаның кепиеті ұрды! Қайда барсам да жолым кесіліп, бір жаманшылық өкшелеп қуады да жүреді. Мен Зайнапты өлтірем, сол бізге осы сұмдықты шақырған! Өлтірем!-деп ұмтылған баласын енді Ана бауырына тартып, құшағына қысты. Оның тарам-тарам болып бетін жуған жасы баласының шашына сіңіп жатты.

- Қой, балам! Өзі ақымақ әйеліңді өлтіргенмен іс бітпейді. Оның қанын мойыныңа жүктеп қайтесің. Балаларыңның обалына қаласың.

- Сол балаларым үшін өлтірем, кесір қатынды! Ол балаларымның болашағын құртты, Апа. Енді олар кедейшілік пен жоқшылықта өтетін болды. Қызымның қайда жоғалып кеткенін кім біледі?

- Қой, балам! Әкеңнен құрсақта қалып сен де жетілдің, қатарынан қалмай азамат болдың. Олар да өз күндерін көреді. Маңдайына кедейлік жазылса, оны көреді, ақылдары болса жол тауып жарыққа шығады.

- Менің жолымның болғыштығына ата-әжем мен сенің ақ тілеуің себеп болды. Сенің үлкенді құрметтеп, кішіге ізет жасап, еңбекті қадірлегеніңнен мен осы күнге жеттім, Апа. Ана ақымақ қатын не еңбектің, не адамның қадірін білмейді. Келген бақты қуып шығады. Қайтіп менің балаларымның жолы болады,-деп қу сүйек анасын құшақтаған алпамсадай еркек басын көтере беріп, босаға түбінде сүйеніп тұрған әйелін көре жын көргендей көтеріліп, «Өлтірем!»,-деп тап берді.

Жалмауызға да жан керек, бір әулеттің берекесін кетіріп, бағын қуып, дәулетін қашырған Зайнапхан бір кезде келін боп түскен шаңырағынан аяқ-аяғына тимей  қашып бара жатты.

                                              * * *

Рашиттің әкесі – Эмиржан егіс басында аударылған трактордың астында қалып мерт болды.

Анасы – Мервангүл қайғы жұтып, қан құсып жүріп баласын шала туды.

Ата-әжесі жалғыз ұлынан қалған, шала туған нәрестені тұмаққа салып өсіріп, бауырларына басты. Арыстай азаматынан айырылса да артында қалған бөбегінің тілеуін тілеп,  сабыр тұтты. Жиырмадан енді асқан  келіндеріне үш жылдан соң ақ баталарын беріп, әйелі қайтыс болған азаматқа ұзатты. Енді қайтсін! Мервангүл адал сүт емген, ақ пейіл бала ғой, екі мұңлықты аяп, жалғыз тұяқты бауырларында қалдырды. «Құдай салды, біз көндік» деген екі қарт Рашитті көздері жұмылғанша қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Мектеп бітірген соң өзі алғыр бала бірден «Кеңестік сауда техникумы» деп аталатын сол замандағы ең бір беделді оқу орнына түсіп кетті. Мервангүл ұлы оқуын аяқтағанша ата-енесін өз отбасымен қабатында алып, бақты. Дәмі таусылғанда атасын арулап о дүниеге аттандырды. Енесін өз анасындай  ардақтады. Екінші күйеуінен туған балалары да кемпірдің бауырынан шықпайтын. Осындай мейрімді де қайырымды әйелге жерлестері құрметпен қарап, қыз-келініне үлгі етіп отыратын. Әйелдің басты бір арманы орындалып Эмиржанның жалғыз тұяғы келіншек алып қарашаңырағына ие болды!

Сырттан қараған адамға бәрі ойдағыдай, бәрі армандағандай. Қандай қиындық болса да талшыбықтай Мервангүл қайыспай көтеріп келе жатқандай. Соның төзімділігі арқасында ата-енесі, күйеуі, балаларының ойлағандары орындалып, мақсаттарына жетіп жатқандай. Еңбекқор шаңырақтағылар таңның атысына кім егінге, кім сабаққа, кім қызметке құмырсқаша жыбырлап кетіп барады. Күннің батысына бәрі ағаш дарбазаның есігін сықырлатып кезек-кезегімен қайтадан құмырсқаша отбасыларына оралып жатады. Кешкі ас үстінде әркім күні бойғы тындырғанын жариялап, тапқан табысын отанасы – Мервангүлдің алақанына салып, ертеңгі күннің жоспарын құратын. Осындай шат та шадыман шаңырақ шынашақтай ғана Зайнапхан деген келін түскеннен шайқалды.

Әулет «Дада» деп құрмет тұтқан Зайыржанның өгей әкелігі бетіне басылды. Қырық құрау болса да Мервангүлдің үлкен жүрегіне сиып, айрандай ұйып отырғандардың бір-біріне қан жағынан туыстығы жоқтықтары әшкере болды. Енді ғана қызметке тұрып, ел аузына ілініп келе жатқан Рашиттің табысы тиынына дейін саналып, оның көп аузында кетіп жатқаны айқындалды. Ақыр соңында ұлын құшақтап, ұйғырша айтқанда «жамандап» жас келін төркініне тартып отырды. Артынан барған күйеуіне жеке үйге бөлініп шықпаса –  ажырасатынын мәлімдеді. Анасының да көңілін қимай, жарының да көңілін қимай басы былғаңдап жүрген жігітті енесі үйге кіргізбей қойды. Жалғыздан қалған қу жалғызының жасып жүргенін көргеннен Хелча момайдың қаны көтеріліп, аяғы қайтпас сапарға аттандырды. Ақырында шынашақтай келін жеңіп, Зайыржан мен Мервангүл бар жиған-тергенімен Жаркенттен Рашитке үй сатып алып берді.

Зайнапханның арманы орындалып отау боп шықты...

Рашит аудандық сауда басқармасында бас маман болып қызметін атқарып жүрді.  Аудан көлеміндегі асханалар, азық-түлік дүкендері мен сауда-саттық орындарының бәріне кезекпен барып, кіріс-шығыстарын тексеріп, іс қағаздарын қопарыстырып қайтады. Жалғыз жүрмейді, басқарманың орынбасарымен не бөлім бастықтарымен бірге іс сапарға шығады. Олар келе жатыр дегенді естігеннен мекеме басшылары мен қызметкерлерінен ес кетеді. Ішпей, жемей қанша қатып қалған есепші болса да тексерушілер бір ши шығарады. Тексерістің соңы – ревизорларды риза етіп, көліктерімен жеткізіп салуға ұласады ғой. Үйлеріне алып келгенде қаппен күріш, қант, қымбат ішімдіктер дегендей сәлем-сауқатымен қосып үйіне кіргізіп, қоштасады. Айлығы – майлығына, майлығы – шайлығына ұласып Рашиттің отбасы қоңдана бастады. Зайнапхан өз билігі өзіне тиген ханшайымға, бір ұл, бір қыздың  анасына айналды. Ішкені алдында, ішпегені артында. Өзінен артылғанын төркініне тасиды.

Зайнапхан үшін осы алқып-шалқып, шашып-төгіп жүргені бақыт!

Рашит табысын үйге алып келеді, одан ары ол қайда кетіп жатыр, өзінің бауырлары мен анасына бірдеңе тиіп жатыр ма, жоқ па – жұмысы жоқ. Таңертең асығып қызметіне кетеді, кешке қарай балаларын сағынып асығып үйіне келеді.

Рашит үшін осы тынымы жоқ, табысы көп еңбегі бақыт!

Мервангүл де келіні мен баласының өсіп-өніп отырғанына риза. Жасында сүйіп қосылған Эмиржанның жалғыз тұяғының абыройы өсіп, түтінінің жалғасып отырғанына шүкіршілік етеді. Өзінің бауырындағы жамандары да адам болып келеді. Зайыржанның қара кетпені мен Айдарлының ақ топырағы аман болса бау-бақшасы жылда жайқалып, табысы шаш-етектен болары сөзсіз. Күйеуі еңбегін еміп, маңдай теріне сенген азамат. Күн ұясына отыра кетпенін көлденеңдей тақымына басып, көк есегіне мініп, қырдан құлдилап келе жатқанынан таниды. Тамның төбесінен түсе сала құмыраға құйған сусынын қолтығына қысып, құстай ұшып алдынан шығады. Жақындағаннан күйеуінің «Анархан женим татлық, яр-ай!» деп әндетіп келе жатқанын естиді. Екеуі мәз болып, бір-біріне қарай күлімдеп келе жатады. Сусынын қос қолымен көтере сіміріп алған еркек басына байлаған шаршыны шешіп алып, терін сүртеді. Келіншек көк есектің шылбырын қолына алып жетелеп үйге баратын жолға түседі. Ерлі-зайыпты екеуі туған жердің жусаны бұрқыраған хош иісті ауасын рахаттана жұтып үйлеріне келе жатады.

Мервангүл мен Зайыржан  үшін осы жүрістері бақыт!

Жазиралы Жаркент өңірі туралы әңгіме қозғалса, алдымен кең-байтақ қазақ жерінің алып та көне Қытай мемлекетімен шектес­кен шекаралы аймағы көзге елес­тейді.  Қорғас өзені арқылы көне көрші­мізбен иық тіресіп, елдің бас қақпасы “Қорғас” кеденімен тұ­ғыр­ланып  жатқан  ауданда әркім өз бақытымен сусындап жүрген сексенінші жылдардың соңында елде экономикалық то­қырау пайда болды. Дүкен сөрелері бос қалды. Отбасындағы адам санына орай картішкімен азық-түлік берілетін кездер басталды. Грамдап құмшекер, литрлеп май үшін кезекте тұрғандарды көргенде жаның құлазиды.

Он бес республиканың басын құрап тұрған алып держава тарап, он бес Тәуелсіз елге айналды. Азаттық алған алғашқы жылдарғы ең үлкен қиыншылықтар халықтың тұрмысы мен көңіл-күйіне тікелей қатынасы бар экономика сала­сын­да туды. Тарихи жаңару кезеңінде түрлі оқиғалар қалыптасты. Нарықты біздің табиғатымызға жат деп байбалам салғандар да, әуелі экономиканы жөндеп алып барып, нарыққа көшуді ұсынғандар да болды. Осы жолда талай кедергілердің кездесетін білсе де ел нарық жолын таңдады. Бұрын біз жүрмеген, біздің тарихи са­на­мыз­да тіпті сүрлеуі де жоқ нарық жолына түстік. Экономиканы ырықтандыруға, қоғамдық мүлікті жекешелендіруге, колхоздар мен совхоздарды та­ратуға кірісті. Нәтижесінде бұрынғы қалыптас­қан шаруашылық жүйесінің күл-талқаны шық­ты. Ауылда да, қала­да да ха­лық тұрмысы күрт төмендеді, елде жұмыс­сыздық басталды.

Бағаны шектемей, тізгінін ағы­тып жіберді.  Әрбір заттың бағасы он-жүз еселеп өсті. Экономика саласындағы реформалардың ал­ғаш­қы жылдардағы көрінісі осылай болды.  Нарық жүйесі жұмыссыздық, ақшаның құнсыздануы, инфляция дегендей өз қиындықтарымен келді.

Осы жағдай алдымен Рашиттың замандастарының басына туып, солар жұмыссыз қала бастады. Біраз сандалып қалған жұрт саудаға бас қойды. Жаркенттің Қытаймен шекаралас болуының тұрғылықты халыққа пайдасы осы кезде болды. Делдардар екі араны жолға айналдырып, ала қаптарын арқалап арғы жақтың сапалы-сапасыз тауарларын бері қарай тасый бастады. Сатылатын затқа өтуіне қарай өз қалауларынша баға қойды. Келе-келе қаптап тасығаннан көліктеп тасуға көшті. Қаншалықты өткізсе, соншалықты пайдасы да көбейеді. Рашит Зайнапхан екеуі де ел қатарлы екі жақтап саудаға кірісіп кетті. Делдалдармен байланыс орнатып, Алматыға қарай да тауар арттырып жүрді. Жаркенттің ортасынан арт-артынан жалға алып дүкен ашып, үйлеріне ақша судай ақты.

Шешесі алып  берген үйді сатып, орталықтан әулі-жайы кең қос қабатты үйге қолдары жетті. Үйге де, дүкенге де қызметшілер жалдап, құлиеленуші болып шыға келді.

Азаттықтың  алғашқы кезеңінде бөлініп шыққан республикалардың бәрі де орыс сомына тәуелді болды. Тоқырау жылдарында халыққа зейнетақы, айлық тауып беруде  рубльге тәуелділік елге көп қиындық әкелді. Тәуелсіз мемлекет болғанның бір белгісі – өз ақшасын айналымға шығару еді. Содан жас мемлекеттердің әрқайсысы өз ақшасын айналымға енгізуге тырысты.

Сөйтіп, арада үш күн өткенде айналымға су жаңа теңге енгізілді. Олар  әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Абай суреттері бейнеленген 1, 3, 5, 10, 20, 50 және 100, 200 теңгелік номиналда шықты. Халықтың қолындағы рубльдерді теңгеге ауыстырып берді. Бас-аяғы үш күннің ішінде рубльдің құны көк тиын болып шыға келді...

Рашиттың дүкенінің сатушылары мен алыпсатарлары Зайнапханға тиынына дейін санап есеп беріп тұратын. Ақша ауысқанда бір сомдық сар құлақтар ауыстыруға үлгермей қалды, жиыстыра келгенде  желім қалтамен бірінді болды. Енді оның құны жоғына жыны ұстаған әйел сол қалтасымен сырттағы дәретханаға апарып қойды. Оны бірінші көрген аула сыпырушы әйел сарықұлақтарды қолына ұстап тұрып қайран қалды. Дәретханаға байқамай қалтамен шығарып жіберді ма екен? деп ойлап, қажейкесіне жүгіріп келді, қалтаны құшақтап.

- Қожайке, мына ақша салған қалтаны біреу дәретханада ұмытып кетіпті,- деп.

Күңінің қолындағы таныс ала қалтаны көрген келіншек, жұлынып, аяғының басына түскен жібек халатына сүрініп-қабынып жанына жетіп келді де:

- Немене, жаңалық ашқандай болып тұрсың, ақша ауысып, бір сомның арт сүртетін қағазға да жарамай қалғанын естімедің бе? Апар қайтадан, ең болмаса дәретхана қажетіне жарасын!,- деп қолынан жұлып алып дәретхана жаққа қарай лақтырып жіберді.

Бейшара аула сырушы не десін, тоңқаңдап жүріп шашылған сары құлақтарды қайта жинап қалтаға салып дәретханаға алып бара жатты. Миллиондаған халықтың маңдай терімен суарылған сомның  құны кеткенде кепиетінен қорықпай дәретханаға тастаған кесір қатын түк болмағандай баспалдақта керіліп көшеге қарады.

Дәретханаға қойғанымен ешкімнің оны пайдалануға қолы бармай, сол қалпында аузы ашық қалтадан көзді тартып қайран ақша бұрышта  тұрды.

Рашит Алматыдағы саудасының есебін алып қайтарда жолай Айдарлыға соғып, анасын ала келді. Баласының үйі тура қаладағыдай дәретханасы, жуынатын-шайынатын орындары ішінде болғанымен қартаң әйел өзі үйренген сырттағы дәретханаға шығатын. Бұрышта тұрған ала қалтаны, оның ашық аузынан қылтиып қарап тұрған сар құлақ бір сомдықтарды көрген әйел алғашында  өз көзіне өзі сенбеді. Суретін салған қағаз ба деп ойлады. Қолына алып, сытырлатып ұстап көрді.

О, тоба, АҚША!

Кәдімгі, бір кезде біреулер зар болған, біреулердің маңдай терінің өтеміне төленген ақша! Біреулер осы үшін соғысып, қан төгіліп, адам өлген қасиетті ақша! Оны кім дәретханаға қойып қойған. Дорбаның ішіне қолын салып ары-бері қопарылыстырып көрді. Бәрі сарықұлақ, сытырлаған бір сомдық. Иіскеп көрді. Адамдардың тер исі сіңген кәдімгі ақша! Мына сұмдықтан шошыған ана «Біссімілла!» деп дорбаның аузын жинақтап қолтығына қысып, сыртқа шығып жан-жағына қарады.

Ана жерде аула сыпырушы әйел гүлдерді суарып тұр еді.

- Әй, қатын!,- деп қолын бұлғап шақырды. Ол шашыратып тұрған суын тоқтата сала жанына жүгіріп келді.

- Амансың ба?

- Жақсымысыз, апа?!

- Сен осы үйдің қызметшісісің бе?

- Иә...

- Мына дәретханаға да сен қарайсың ба?

- Иә...

- Мына ақшаны біреу дәретханаға қалдырып кеткен бе?

-  Мен де сондай ойлап, қожайкеге алып барып едім, ол қәзір құны жоқ деп қайта апарғызып қойды ғой,- деп бейшара жер шұқып тұр көзімен.

Ашу буған Мервангүл қалтаны қолтықтаған күйі балалары демалып отырған қонақ бөлмеге бірақ кірді.

Ұлы –  жол бойғы сүркілден диванда шалқасынан жан шақырып жатыр.

Келіні – дударбас біреуге аяғының  тырнағына сыр жақтырып отыр.

Немерелері – келесі бөлме телевизор көріп жатқандай.  

Есіктен алқына кірген ана есік түбінде осы көріністерге қарап тұрды. Оны ешкім байқайтын емес. Өзінше алқып-шалқып жатқан бір өмір.

Есіктен бір қадам аттады да айқай салды:

- Әй, Зайнап, сен ба мына сұмдықты істеген?!,- деп шаңқылдаған әйел даусынан шошып кеткен бояушы қыз сырын төгіп алды еденге. Көзін жұмып демалып жатқан еркек басын жастықтан жұлып алып есікке қарады. Бұл күнде толыса бастаған Зайнаптың өзі отырған жерінен атып тұрды. Арғы бөлмеден немере қыз жүгіріп келіп, не болып қалды? дегендей есіктен еліктей елеңдеп қарап қалды.

-  Мынау не?!,- деп ала дорбаны бөлменің ортасына лақтырып жіберді. Еденде сарқұлақтар ақтарылып жатты. Таныс ала дорба мен таныс сарқұлақ бір сомдықтар тағы алдынан шыққанға келіншектің жыны келіп:

- Не бопты?,- деп енесінің бетінен ала қарсы шаңқ етті.

- Найсап! Саған әке-шешең ақшаның еңбекпен келетінін үйретпеді ме? Өзің де соның бағасын білетіндей болдың ғой. Ақшаның кепиеті – астың кепиетімен бірдей! Кесірлік көрсеткендерді оның кепиеті ұрып, аштықта бұралып жатқандарын  көргенбіз. Ақшаны, асты қорлағанның неше түрін көріп, естіп едік, дәл мынандай сұмдықты тұңғыш рет көруім. Шыққыр көзім не көрді, ойбай! Ақыры жақсы болса болар еді, ойбай!,- деп ана орамалын басынан жұлып алып бетінен аққан тарам-тарам жасын сүртіп, еденге жалп етіп отыра кетті.

Әйелдердің ащы даусынан жаны шошыған Рашит денесін көтеріп, аяғын салбыратып диванда отыр, екі көзі ортада жатқан ала қаптан шашылған ақшаларда. Түк түсінсе, бұйырмасын! Анасы енді ұлына қаратып:

- Әй, көксоққан! Сен қайда қарап жүрсің, маңдай теріңді  кесір қатынға дәретханаға тастатқызып. Көр де тұр, осының түбі жақсы болмайды!Сендерді ақшаның кепиеті ұрады!,- деп ала көзімен ата қарады.

- Апа, не болды? Бұл неғылған ақша?,- дейді ұлы.

- Ана, кесапатыңнан сұра!

- Ой, апа, не бопты сонша?! Енді бұл ақшаларды ешкім алмайды, бекер қалған соң дәретханаға апарып қойғанмын. Ендеше, өртеп жіберіңіз!,- деп енесіне қарап бажырайды  келіні.

Сонда барып бірдеңенің мәнісін ұққандай болған Рашит орнынан тұрып, ортада ақтарылып жатқан бір сомдықтарды сытырлатып уыстап ұстады.

-  Немене, сен мыналарды дәретханаға  қойғанбысың?!,- деп әйеліне тап берді. Толық адам қайдан қашып үлгерсін, күйеуі шашынан шап берді. Басын өзіне қаратып алып, бетіне былш түкіріп, есікке қарай итеріп жіберді. Әйелі өзіне қарап бажылдап бірдеңе деп еді, май құйрығынан бір-ақ тепті де далаға атып шықты.

Ананың айтқаны келді ме, ақшаның кепиеті ұрды ма,  содан көп ұзамай-ақ Рашиттің тіршілігі шатқаяқтады...

Жалға алып ашқан дүкендерінің иелері уәделерінен айнып, олардан қымбат төлейтіндерге бет бұрып кетті. Алматыдағы тауар алатындары бұлардан гөрі арзан өткізетіндермен байланыса бастады. Нарық пен бәсекеге шыдамай басындағы хан сарайды сатып, шағындау үйге көшті. Ұлы құмар ойынына әуес болып жаман топқа еніп кетті. Соны ортасынан бөлу үшін Алматыға көшті. Үлкен қалада қайдан дайын тұрған жұмыс болсын. Пәтер жалдап, базарға шығып сауда жасап көріп еді, Зайнапхан қатарлас тұрған әйелдермен ұрсысып қоймады. Көп ұзамай саудагерлер жабылып Зайнапханды тауарымызды ұрлады деп жала жауып, орталарынан айдап полицияға ұстатты. Қолында қалған тиын-тебенін ісін қараған полицияға беріп, әрең құтылды.

Сандалып жүріп екеуі қала ортасындағы бір кафеге жұмысқа тұрды. Иесі жап-жас қыз екен. Өз үйінде тамақ жасамайтын Зайнапхан аспаздың көмекшісі болып, Рашит жас қыздың көлігін жүргізуші болды. Екеуіне тұратын бөлме де берді. Базарда басына тиді ме, мұнда әйелі ешкіммен ұрсыспай тыныш жүрді. Шешесіне тартып дүниеқоңыздау болып өскен қызы оқудан шығып қалды. Күндердің күнінде жоғалып кетті. Рашиттың бармаған жері, бермеген хабарламасы жоқ, қызды көрдім деген пенде жоқ.

Зайнапханның зар жылағанда етегі толады. Бірде кафенің иесі болып жүрген жас қызға жылап отырып басынан өткендерін айтып береді. Енесінің ақшаның кепиеті ұрады дегенін де жасырмады. Қолыңда барды бағаламасаң, тақыр кедей болып қалуың оңай екен дейді, ақыл айтқандай. Бір кезде күң ұстап жүрген келіншектің енді өзі күңге айналып, қызының ұшты-күйлі жоғалып кеткенін аяған қыз оларға жақсы қарап жүреді. Жақсы істеп жүр ғой деп Зайнапханды бас аспаздыққа көтереді.

Бір сырласып отырғанда жас қыз Астанада қызмет істеп, балаларына осындай жағдай жасап беріп отырған өз анасына аспазының сырын айтады. Ондағы ойы –  осы барымызды қанағат етіп, еңбектің бағасын біліп келеміз дегенді ұқтырғысы келіп еді. Анасы қызының әңгімесін тыңдап болып:

- Балам, ол әйелді ертеңнен қалдырмай жұмыстан шығарып жібер. Әйтпесе кесірі бізге де тиеді,- деді.

- Неге, апа?! Зайнап тәте бұл күнде сол істегендеріне өкінеді, түзеліп келеді,-деп араша түсті.

-  Жоқ, балам, оны Құдай ғана түзейді! Менің әкем де ақшаның кепиеті болады, ол маңдай термен өлшенеді деп отыратын. Қолыңа тиген ақшаны құрметтеп, дүкенде қайтарғанда тиынын санап ал, жерде жатқан бір тиынды да көтер деп үйреткен. Сондай қасиетті нәрсені дәретханаға қойды дегенді осынша кітап оқып, осынша адамдардан әңгімелер тыңдап жүріп, естімеппін. Оларды ақшаның қарғысы атқан шығар шынында, аулақ жүр, шырағым!,-деп шошып кетті.

Әке-шешесінің айтқанын екі етпей өскен бала ертесіне-ақ Рашит пен Зайнапханмен есеп айырысты. Соңғы бір-екі жылда осы кафеге келіп естерін жинап қалған ерлі-зайыпты тағы далада қалып, қайтадан жұмыс іздеп жолға шықты...

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: kazaitys.kz, ru.wikipedia.org 

Н. Айдархан