- Негізгі бет
- Поэзия
- Ләйлә...
Ләйлә
Бүгін сіздерге жас ақын Жақсылық Қазымұраттың өлеңдерін ұсынып отырмыз. Тынысы кең, қиялы ұшқары ақын бір өлеңімен-ақ жаныңызға нұр, кеудеңізге шуақ сыйлайды. Әрі сізді тұңғиық сезімнің тереңіне тартады.
Ләйлә
Тұнық даусы айға сұғынған,
Күйіңді ақын шерт кенен,
Үмітін үзбей Ләйлә сұлудан,
Кенежиренін ерттеген.
Қырынға жетпес қиян хас-ғарып,
Қанатын шыңға жайсын дәл.
Ләйләдан ғана қиял жастанып,
Дәл сондай сүйген қайсың бар?
Тақымымдағы құлатай жүдеп,
Тасқа тұяғын қаймана басып,
Кеудеме қонды Жұматай жүрек
Бір ғұмыр бойы Ләйлаға ғашық.
Ұйқымды ашып түрен дүбірің,
Ләйләнің гүлдеп тоты – қабағы,
Түсімде аға күреңкүлігің,
Мама ағашымда оқыранады.
Қайғыңнан кисе кең дала кебін,
От болып маздар көзімде кей үн,
Ләйләні сүйген мен ғана едім,
Жұматай ақын өзіңнен кейін.
Ғұмырдың жортып барқыт–қырын да,
Ертеңге аңыз жетер үзік үн.
Жұматай ақыннан артықтығым да
Ләйләға салам неке жүзігін.
Қарлығаш қыз
Естімей ешкім ақынның абаданды үнін,
Қарақшы тірлік жанымның тонаған жырын,
Жалын кеудеме су тамыз қанатыңменен,
Қарлығаш қызы, қайдасың, Қарағандының.
Ақыннан ару тәтті жыр күтпесін неге,
Алматыны әсте киелі құтты есім деме.
«Шайтан шаһардың» қарғам-ау құны жетпейді,
Өзіңе жазған жырымның нүктесіне де.
Ұлытау қызы жаның жаз, көзің құба таң,
Жырлап берейін мендегі төзімді ұнаса ән.
Безбүйрек қала жаныңа қаяу қалдырса,
Лағыл жыр оқып түндерде өзім жұбатам.
Дуала ойға болса да, қала іші қарық,
Ақын құрбың ем мінезі өр, жаны шың анық.
Алматы түні жыр жазам өзіңе арнап,
Құлан шабыттың қаламнан шаңы шұбалып.
Шырқалып өзге көшеде, сарайда басқа ән,
Тұрмайды енді қалада арайлап аспан.
Сағынсаң құрбым барып кел Ұлытауыңа,
Ештеңеге де қайрылып қарайламастан.
Сағынышымды күлкіңмен толқыт қарағым,
Құр аңсап қайтем таңдарын қортық қаланың,
Тұлпарға міндім мен-дағы сен кеткен түні,
Жоңғардың тылсым жонына жортып барамын.
Сурет: livejournal.ru
Л. Лига