Дастан Омаров: "Мылқау қызға махаббат"

Дастан Омаров: "Мылқау қызға махаббат"

Дастан Омаров 1993 жылы қаңтардың 21 жұлдызында Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Бірнеше қалалық, облыстық, республикалық жыр мүшәйрасының жеңімпазы. Қазіргі таңда Астанадағы "Техника және бизнес" университетінің 4 курс студенті. 

Мылқау қызға махаббат

Адамдардың ар алдында әрдайым,
Болады екен, болады екен шындығы.
Көкірегімде қара бұлттай бар уайым,
Мең-зең қылған мені тағдыр бір күні.

Кешір мені серілік бар бойымда,
Сені көріп санап қалдым құт бағым.
"Сәлем" дедім ештеңе жоқ ойымда,
Неге жылап кетіп қалдың?.. 
Ұқпадым!

Жасың өтпей тұрып қалған желкемде,
Сені іздеуді бейтаныс қыз бетке алды.
Құрбың келіп бірақ та ару ертеңде,
Ұрсып жатып сені мылқау деп қалды.

Сене алмастан өзімді алдап өз басым,
Көңілімді қайта-қайта жұбаттым.
Білмейсің ғой сорғалаумен көз жасым,
Сені ойлаған минут сайын жылаппын!

Сенің мұңың Жаратқанның жарлығы,
Иә, тағдыр сені сәл-сәл мұңайтты.
Кешір бірақ тілі бардың барлығы,
Бақытты деп саған жаным кім айтты?!

Түскен сайын дидарыңа көзім әр,
Мендік жүрек тебірене тапты әз мұң.
"Ұнаттым мен кешір" деген сөзі бар,
Сендік тілде себелете хат жаздым.

Сезімімді сыйдырған ем бұл хатқа,
Ойым да жоқ жаралайтын жаныңды.
Мейлі, маған бір ауыз да тіл қатпа,
"Мылқаумын" деп байлама тек бағыңды.

Қуат беріп талай әуен құлаққа,
Сен айта алмас жазылады көп ән де.
Сен түгілі сыбдырлайды бұлақ та,
Бұлақ құрлы көрмеген бе сені әлде?!

Үнсіз ғашық болып өткен қанша жан,
Қаншама ақын жыр арнаған елеске.
Бұл махаббат дауысыңды аңсаған,
Сөйлеуден де мықты сезім емес пе?!

Қартаялық, тіпті, бірге көз жұмып,
Сен - сұлу жар, ал мен болсам - әдемі ер.
Бұл дүниеде тіл қатпассың сөз жұлып,
О дүниеде сөйлеймін деп уәде бер?!..

 

4540 теңге

Бір қызға:
- өтініш маған қарызға 4540 теңге бере тұршы?
- жәй ма?
- ауылға кетейін дегем, керек боп тұр билетке...
- Астана күшті ғой, ауылда не жейсің?
- ауылда ма... Ауылда...

Болмағасын Астанада шалқып тұрақ,
Қоясың-ау сен де бір артық сұрақ.
Бауырына Астана баспағасын,
Ауылыма сағыныш тартып тұрад!

Сұрақ қойдың, қалқам-ау, біртүрлі сен,
Ауылда жоқ тиятын шіркін көсем!
Сен де ауылды аңсар ең ұрлап жүріп,
Кептірілген әжемнің құртын жесем!

Естен кетпес түсінсең сәт бұл айқын,
Кез келді саған оны нақтылайтын
Аямай-ақ ит тірлік ұрды мені,
Жалаң аяқ тікенде шапқылайтын!

Бастық келсе биязы жан дейтін-ақ,
Әжем шығар алдынан кәмпитын ап.
Олар да кетуші еді қарындарын,
Қазы менен қымызға қампитып ап!

Асығым да тұрмай жүр алшысынан,
Тілің үйріп айранның тамшысынан.
Батамыз деп қызыққа бұзық болып,
Атамыздың қорқушы ек қамшысынан!

Шаттық үшін ауылда уақыт тегін,
Ала таңда жусанның таттық демін.
Мінгізбеген асауға мініп шауып,
Бір сөзбенен ауылда бақытты едім!

Мансап, билік қалмады үміт мүлде,
Ал Астана жүр жанымды тіліп күнде.
Қысқасы мен бақытты болу үшін,
Жетпей тұр 4540 теңге!..

 

Үш әріп

Күн де мынау, түн де мынау үш әріп,
Мұң да үш әріп - қоятұғын құса ғып.
Үш әріпке сыйып кеткен көп ұғым,
Үш әріпте болып тұр ау күш анық!

Үш әріпті қылған жоқпын босқа арқау,
ДОС та үш әріп жаныңда әркез тосқан жау.
ҰЛЫ деген үш әріпке сияды,
АНА - шырақ, және ӘКЕ - асқар тау!

Үш әріпке ұшқыр сөздер тап келді,
Ал басқасын көңілім де жат көрді!
Үш әріпті нәсіп етіп, Жаратқан,
АТА-ӘЖЕ сіздей маған бақ берді!

Байқамаппын бұны неге бұрын дәл?! 
Үш әріпті қасиет деп ұғыңдар!
Өлшенбейтін өміріңе тұғырлы:
АПА, АҒА, ІНІ деген ұғым бар!

Сүйктім-ау енді маған кінә артпа,
Қызғаныштан кетем деуші ең жыраққа!
Маған қымбат үш әріп те СЕН барсың,
Көрдің бе, әне, ОЛ сыймады бірақ та!

Үш ақ әріп үмітіме жетік тым,
Үш әріпті үлкен үлгі етіппін!
Үлесімді ұмтып барам, айтпақшы
Үш әріпке МЕН де сыйып кетіппін!

Дайындаған: Жасұлан Исакаев

суреттер: vk.com, panoramio.com, daraboz-iman.kz

Ж. Исакаев