Оянып жатыр Алматы...

Оянып жатыр Алматы...

Массагет ұжымы сіздердің назарларыңызға жас ақын қыз Әбілхан Ақеркенің өлеңдерін ұсынады. Өлеңдері бір оқығаннан-ақ көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Тәтті қиялдар мен армандар еліне сапарға шақырады. Оқып көріңіз! 

Оянып жатыр Алматы

Жастығым – сағым,  көрпем –мұң,

Жамылып алып, өртендім.

Ұрысып қалып ұйқыммен

Төсегін түннің төңкердім.

 

Шабытым – қонақ, жырым – құт,

Оқы да, менің сырымды ұқ,

Сол сырды іште жасырған

Сөздерім бейне шымылдық.

 

Кәрі түн неткен ұзақ тым,

Жұлдыз боп көкте жүз ақтым.

Тұтқыны болып отырмын

Ой дейтін үлкен тұзақтың.

 

Құр қағаз бенен құр қалам

Ұйқымды солар ұрлаған.

Жо-жоқ, жылап отқам жоқ

Өйткені жасым құрғаған...

 

Жанарды көкке қаратып,

Жырымнан жұлдыз жаратып

Дәл менің үміттерімдей

Келеді қайта таң атып.

 

Көңілім – күзгі күміс шық,

Жүрегім жаздай тым ыстық.

Шіркін-ай, қандай жағымды

Таң атар кезгі тыныштық!

 

«Кісінеді» қоңырау зарлы аты

Қарасам, сағат таңғы алты.

Сәждеге басын қоймаққа

Оянып жатыр Алматы...

 

Тек Біреуге келеді еркелегім!..

Жандырғың кеп іздесең ,өрт-өлеңім,

Түбіндемін жүректей жертөленің.

Несіне лапылдайсың,

Жетер енді!

Онсыз да маздап мұңмен өртенемін.

Сезімдерден келе ме көлкелегің,

Әлде жаншып келе ме желкелегің?

Өлең, сен одан да өртесеңші:

Жұбатпай, жылатқан еркелерін

Заманның сезімсіз серкелерін.

Ал, өрт-өлең,

ендеше жырлап өткін

Қалдырмай қазағымның еркек, ерін.

Өзге ой ойлмаңдар,

бәріне емес,

тек Біреуге келеді еркелегім!..

Сурет ақынның жеке мұрағатынан алынды

Л. Лига