Балтабек Нұрғалиев: "Ана деумен лүпілдесін Жер-жүрек"

Балтабек Нұрғалиев: "Ана деумен лүпілдесін Жер-жүрек"

Балтабек Нұрғалиев 1990 жылы 16 маусымда Ақтөбе облысы, Шалқар қаласында дүниеге келген. Республикалық, Халықаралық дәрежедегі ақындар, режиссерлар байқауларының жеңімпазы. 2008 жылы М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатын бітірген. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының «Театр өнері» факультетінің «Драма театры режиссурасы» мамандығы бойынша 2013-жылғы түлегі, Үздік диплом иегері.

Астана қаласында өткен Шығармашыл жастардың ХІ Халықаралық «ШАБЫТ» фестивалінде «Үздік әдеби шығарма» номинациясының «Поэзия» түрі бойынша М.Мақатаев атындағы диплом иегері. 2008 жыл.

Мәскеуде өткен «Журавли над Россией» атты Ұлы Отан соғысындағы халықтар ерлігіне арналған Халықаралық ақындар байқауының ІІ-дәрежелі лауреаты. 2011 жыл.

Астана қаласында өткен Шығармашыл жастардың XV-Халықаралық «ШАБЫТ» фестивалінде «Үздік әдеби шығарма» номинациясының «Поэзия» түрі бойынша Гран-При иегері. 2012 жыл.

Балтабек Нұрғалиевтің «Ана деумен лүпілдесін Жер-жүрек» атты циклінен өлеңдер топтамасын ұсынамыз.

*** *** ***

Бұл қала беріп қойған тасқа маңыз,

Несіне, анашым, біз жасқанамыз?

Жүректің суытпайық жылы төрін,

Саялар болмаса да баспанамыз.

 

Жасымай, жетім бала атансаң да,

Дейсің сен қырандармен қатар самға.

Қарызым өтелер ме алдыңдағы,

Меккеге үш арқалап апарсам да? 

 

Сіңірдің Ана тіл деп жақсы тілді,

Арайлы айқындадың мақсұтымды.

Өлгенше, ақ жыр жазсам ақ жүрекпен,

Ақ ана, ақтармын ба ақ сүтіңді?

 

Анашым, сендік жүрек – хан сарайы,

Өр ұлың өзге пана аңсамайды.

Жүрегің соғып тұрса,мендік жүрек,

Өмірді сүюден еш шаршамайды. 

 

Мен үшін алақаның – мәңгі жібек,

қалайша, мені ойлаумен қалдың жүдеп?

Тасжүрек – тасқоғамда... Ана, сенде –

Жаныма жылу сыйлар жалғыз жүрек.


Анашым, уайымдама, құр езілме,

Қайсарлық ерден артық мінезіңде.

Жүрегім жарылқа деп тілейтұғын,

Құдайдан кейінгі орын бір өзіңде.

 

Нұр еттің ғұмырымның ұзын көшін,

Анашым, пейіш жатыр ізіңде шын.

Жаныма жылу берер, ЖАЛҒЫЗ ЖҮРЕК

Мейірімді лүпілің үзілмесін!!!

*** *** ***

Алшы, ана,

ине-жібінді,

Жүрегім тағы тілінді,

Жалыма менің қанат бер,

жабырқау тұсын жамап бер.

 

Жаңғырық тастар көктемін,

тасбауыр бұлттар тастанды.

Өзгеден алар жоқ кегім...

жылатам анау аспанды!

Ине-жіп алшы, анашым,

Жұбатшы мынау қасқаңды!

 

Алшы, ана,

ине-жібінді,

Жүрегім тағы тілінді,

Киімді қайтем жыртылған,

Күйімді қайтем құртылған?

 

Жаяулап қалар жердемін.

Жалаңбас, көрсең, жотамды.

Жалаңаяқ ергемін,

Жотамды қайғы қопарды.

Ине-жіп алшы, анашым,

Жұбатшы мынау ботаңды!

 

Алшы, ана,

ине-жібінді,

Жүрегім тағы тілінді,

Кім жуар үйген кірімді,

Табармын қайдан үніңді?

 

Сендей болсын деймін мен,

Қыздарды көрсем бұрымды.

Бұрымды қыздар таласып,

Қызғанад сенен ұлыңды.

Ине-жіп алшы, анашым,

Жұбатшы мынау құлынды!

 

Алшы, ана,

ине-жібінді,

Жүрегім тағы тілінді,

Жалыма менің қанат бер,

жабырқау тұсын жамап бер.

 

Жаңғырық тастар көктемін,

тасбауыр бұлттар тастанды.

Өзгеден алар жоқ кегім...

жылатам анау аспанды!

Ине-жіп алшы, анашым, 

Жұбатшы мынау қасқаңды!

Аңсау

Анам отыр ақ жаулық көктемінде,

Қошақаны келмеді-ау... күткенінде.

Балалық шақ елесі қалған сіңіп,

Көкіректің түу сонау түп төрінде.

 

Кеудемнен көгершін боп ән ұшқаны-ай,

Ізін шайды жолдардың ағыс талай.

Балалық шақ шалғай тым көрінсе де,

Әлі есімнен келеді алыстамай.

 

Шапшаң уақыт екпінін уағыздар мың,

Қабағына қараман қар-ызғардың.

Осы күнім үшін мен, бүгін үшін,

Балалыққа, алдымен, қарыздармын!

 

Қу тірліктің қайтемін, бос атағын,

Көгін жырлап өтемін, қоса тауын.

Туған жерді әніме бөлесін деп,

Бұлбұлымды бағымнан босатамын!

 

Қайран ауыл артымда жырақ қалды,

Қарсы алдымнан жаудырып сұрақтарды.

Алаңдаулы анам жүр... тілеу үзбей,

Ұзақ жолға себебі ұлы аттанды.


Өтті уақыт... қатпайды оған басым,

Бір сәт кейін білемін оралмасын.

Іздейді екен асылын адам жаны,

Сол асылы ғайыптан жоғалғасын.

 

Жоғалтқам жоқ түк те мен, қалғымаймын,

Жыр-кемеммен кешермін алдым – айдын.

Жете алмай бір қасына сан мұңайдым,

Бақ-ырысым – туған жер, мәңгі баймын!

 

Жолығатын мезеттің тоса таңын,

Жырымды адал жаныма дос атадым.

Аңсап жүрмін аулымды... аунап қайтсам...

Жүрген болар күтіп ол қошақанын!

Май шам

Бал балалық.

Біздің ауыл.

Кешқұрым.

Кеш болса да көңілде жоқ еш тыным.

Сабақ қарап жанталасар уақыт бұл,

Алу үшін мұғалімнің «бестігін».

 

Білім қуған бала едік жатпайтын,

Білмей-көрмей жаны тыным таппайтын.

Аяқтамай тапсырмасын ұстаздың,

Таңым менің қуанышпен атпайтын.

 

Ауылда өскен әрбір бала біледі,

Жалғыз жау ол – түннің қара түнегі.

Сабақ қарап бастағанда үйлердің

Жарығы өшіп қалатұғын үнемі.

 

Менмұндалап қай әріптер, қай сандар,

Қиялыма қанат байлап ой самғар.

Мұныменен тоқтамаушы ед оқуым,

Себебі сол – анам жағар май шам бар.

 

Балғын күнім. Өзім мәз боп отырам,

Жылу алып, жарық алып отынан.

Анам жаққан алақандай май шаммен,

Мен Абайды,

Махамбетті оқығам.

 

Ауылда өскен керек бұны ұғуы,

Май шам деген – сұлулардың сұлуы.

Анам жаққан сонау сұлу май шамның,

Жүрегіме сіңіп кеткен жылуы.

 

Кездерімде түнек қысып, тарыққан,

Сонау май шам мейірімін танытқан.

Көзіме нұр сіңіп кеткен мәңгілік,

Анам жаққан май шам бөлген жарықтан.

 

Сонау май шам ақыл берді, ой салды,

Ұстаз болып байыпты да байсалды.

Ғұмырымның сәулесіне айналған,

Анам жаққан ұмытпаспын май шамды.

 

Түнді серпіп,

талабыммен таң құштым,

Заңғар көкте ұшу – арман.

Зау құспын.

Жол сілтеген адастырар сәттерде,

Анам жаққан май шамға сол алғыс мың.

 

Жетпей жатса, жанарыма,

Ай, сәулең,

Кеудемде бар қайтпайтұғын қайсар дем.

Іздеп табам ақиқаттың ауылын,

Қара да тұр,

анам жаққан май шаммен!

*** *** ***

...Естен кетпей жүр әлі жылағаным,

Құшағына тығылып Жыр-ананың.

 

«Қой, балам!-деп, - ер адам жыламайды»,

Төкпек болды жаныма нұр-арайды!

 

«Қиындықты қарсы ал – деп – жасымай түк!»

Анам маған отырды басу айтып.

 

– Қалайша, ана, мен енді жыламайын,

Қайрылмай-ақ кетті ғой бір ағайын?!

 

Досым сатып, күлкі етті күн аманда,

Жылауды, әйтсе, жас жаным сұраған ба?

 

Ұғасың ғой хәлімді, ана, менің,

Жалғандыққа жат еді жан әлемім...

 

Таза туып, бұл қалай, ана – ақ таңым,

Кір қоғамның қолына каратқаның?!

 

....Сөзін былай бастады сабырлы анам:

«Сый еткен-ді өзіңді Тәңір маған...

 

Тудым сені жүректің тазалығын,

Деген оймен тайсалмай жазар ұлым.

 

Саған деген сеніммен, үмітпенен

Мен өмірді біл, балам, сүріп келем!»

 

Сүртіп солай көзімнің бұла жасын,

Тұрды мені жұбатып Жыр-анашым!

*** *** ***

Байқағаным...

бір бөпенің қолында

Бөпесі бар – қуыршақ.

Бағу жайлы пайымы бар оның да,

Зейін салып, ұғынсақ.

 

Сол бөпені көтергендей құрсағы,

Анасындай қам істеп...

«Киіміңді бүлдірме» деп «ұрсады»...

«тамағыңды тауыс» деп...

 

Қуыршақ қой... жоқ қой оның... жан-күйі ,

Тірідейін сенеді.

Бәрі шындық... айтатұғын әлдиі,

Бесікке де бөлеуі.


Өзі бөпе... «бөпем» дейді ұдайы,

Қуыршағы қолында.

Бағып-қағып, еркелетер шынайы,

Мейірі бар оның да!

 

«Ұйықта» дейді... «тыныш дейді»... «түн» дейді,

қамын ойлап бөпенің.

«Бөпем!» дейді... шындығында білмейді,

Өзі бөпе екенін.

 

Суынғанда, суынғанда көр-кеуде,

Сәби сезім жылытқан.

Еске аларсың сәбилерді көргенде,

Мейіріңді ұмытқан.

 

Ойы түгіл... ойыны да дем  берер,

Көңіл бар ма бөлулі?

Сәбилерден үйренер ме ед пенделер,

Мейірімге сенуді?!

 

Менің жаным – мәңгі сәби кейіпте,

Жылағаны – шынайы.

Мейірімге... шақырады биікке...

Жүрегінің Құдайы!

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: Vk.com

Н. Айдархан