Бақыт Беделханұлы: "Қарашадан басталған қайран өмір"

Бақыт Беделханұлы: "Қарашадан басталған қайран өмір"

Жақында ғана Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Бақыт Беделханұлының "Менің де жаным мейірге сол бір шөлдейтін..." деген атпен өлеңдер топтамасын жариялаған болатынбыз. Бүгін ақынның тағы бір топ өлеңін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Жыл қайыру

Қарашада шөп басын жел кемірер,

Шұнақ аяз шұқшиып, ерге мінер.

«Қауыс» соңы, аяғы «Боқыраудың»

Бітпей қалған бейнетің белде жүрер...

 

Тоң сіресер желтоқсан жебірленіп,

Жер жериді дүниеден «кебінденіп».

Ай менен күн алысар «Ақыраппен»

өлі әлемге қалсам деп өмір беріп.

Сондайда бір қаласың жеңілденіп...

 

Ал, қаңтарда «Қырықаяқ», «Тоқырау» кеп,

Сере қарда сері аяз отыр-ау, деп,

Өмірдің суретін сап терезеңе

Жүреді мұздан өрмек тоқыған боп.

Ол кезде ешкім ойламас опынам деп...

 

Ақырып «Ақпан» келер «Тоқпанменен»

Қысқа күнде жылымас оттан денең.

Өте шығар бұл ай да ит қуғандай

Қарлы боран ұйытқап, соққанменен.

...Қиқуы тез тиылған көкпар көрем.

 

«Ұттың» соңы құт болып «Әз» келеді.

Аққу ұшып, қаңқылдап қаз келеді.

Әз Наурызда теңеліп күн менен түн

Жадырап көрінеді жаз бедері.

Жамырап соны да жұрт мәз көреді.

 

«От амалы» – Көкек пен Сәуір келіп,

Балбырайды бар әлем бауыр керіп.

Өзен, көлдер еріне есінейді,

Жіңішкеден жуанды тәуір көріп.

...Тәубәшылға жатады Тәңір беріп

 

«Сартан» жайлап Мамырда «Зауза» келер.

Жақсылығын дайындап жазға берер.

Шұрқырап мал өреді беткей асып,

шыдасаң аз ғана егер...

Арқа-жарқа болады азбаған ел.

 

«Мырзасы» бар маусымның – өз уағы,

Осы ай соңы – мезгілдің сөзуары.

Шіліңгірдің сүйретіп шылбыр күнін

Содан соң, «Сарша-сағыз» созылады.

...Қоңырланып малшының қозы, лағы.

 

«Үркер» ауып, келгенде «Сарша-тамыз»

Жұлдыз санап бітеді палшы атамыз.

«Қыркүйекте» «Масақты» таразылап,

Жер емшегін созғылап шаршатамыз.

Өткен күнін өзіне аңсатамыз...

 

«Қазанменен» көш түзеп ел барады...

Елмен бірге құс қайтып, көл қалады.

«Қазан ұрмай, қар жаумай» Қарашаға

жеткізбей Бұғы мүйізін жел қағады.

Көңіліңнің басталардай енді алаңы.

 

Төрт мезгілдің біреуін қаза қылмай,

Қадіріне жетейін таза нұрдай,

Қарашадан басталған қайран өмір,

Қарашаға жетсе екен қазан ұрмай!...

* * *

Тобыр түбі – топалаң.

Тобылғы түбі – сап қамшы.

Топ жылқым қайтты жотадан,

Торысын бөлек баптап бақсамшы.

Тәбәрік боп қалған еді ғой атадан,

Төбеліне қара күйе жақсамшы.

 

Қазан-қазан ет астым,

Бастан жақты айырып бөлек салсамшы.

Көмейіне от тыққанша ошақтың,

Бойына сіңбей көбігін ерте алсамшы!..

Табақ тартып қазанымды босаттым,

Жауырынын жаныма сақтап қалсамшы...

 

Бақытын ойлап ем басқа ұлттың,

Басым бақбақтай гүлдеді.

Жел тұрмасына бәс тіктім,

Анық-ты оны заманның желі үрлері.

...Асығып жүріп тас жұттым,

жаналқымдап жаһандану дүрмегі.

 

Алты малта ас еді,

Алты айшылық жолға шықсам да.

Тұғырым – алтын ердің қасы еді,

Алтауды асқақ тұтсам да.

Намысым әр кез ар алдындағы бәс еді,

Сол үшін басымды көрге тықсам да.

 

Тәңірім бағын қиған күн,

Еңсемді тіктеп, ес жидым,

...Табалдырығы құйма алтын,

Есігінен еңкейіп кірер ескі үймін!

Жоқ іздеп кеткен арманның

Мен қашан сүйіншісін естимін?!

***

Ау, байқұс құсым-ау, қанатың керіп, жаймайсың,

Күндіз кеудемде, түнде төбемде сайрайсың.

Шырылыңменен шыңытып алып,жанымды

Қайғыңмен неге қайрайсың?!

 

Ау, байқұс құсым-ау, келеді кейде маған да ой,

Ойсыз деймісің...Тәніңді емдеген жаман ғой.

Бірақ ,менің жаным ауырады.

                                   Өмір, өмір ме – амал ғой?..

Жан емдейтіндерге барайын деймін,

Барсам, қайта алмай қалам ғой...

...Уай, бар дейсің бе,

Жоқ, әлде, қал дейсің бе?

 

Ессіз күніме ес болатындай ей, құсым,

шыр-шыр етесің...  менің қамымды жеймісің?!

...Тірімде қасымнан табылмағандар,

өлгенде басымнан табылар деймісің?..

...Е, жарайды, ол да боп қалар,

Оған дейін біреуі молда боп қалар....?!

Дайындаған: Шерхан Талапұлы 

Сурет: thenews.kz

Н. Айдархан