Ерлан Нұрдыханұлы. "Мұзға орап қойсаң да, сөнбеймін, Көнбеймін рухымды жоюға!"

Ерлан Нұрдыханұлы. "Мұзға орап қойсаң да, сөнбеймін, Көнбеймін рухымды жоюға!"

Ақын Ерлан Нұрдыханұлы 1975 жылы қыркүйектің 9 жұлдызында ҚХР, Алтай Көктөғай ауданының Өндірқара деген жерінде дүниеге келген. 1997 жылы Іле педагогика институтының саясат факультетін бітірген. «Армысың, ару дүние...», «Таң бөбегі», «Көлеңке көзіндегі елес» жыр жинақтарының авторы.

Мен іздеймін балалығымды

 

Мен іздеймін балалығымды,

Сағынам.

Тәп-тәтті мұңмен табиғатыма шағынам.

Көңілдегімді көзі шалса егер,

Патша да

Іздесер еді-ау, секіріп түсіп тағынан.

 

Мен іздеймін балалығымды...

Сағынам.

Қайсы бағытқа қарасам да, әттең, қамығам.

Аспан атызда жарқырап жатыр орақ ай,

Айтшы сен уақыт, айырылды ол қашан сабынан?

 

Сапсыз орақ, сары ала дүние, салқын кеш,

Сандалған сана, сағыныштармен ал, тілдес.

Балалығым-ай, барлығы сенен садаға,

Періште екеш періштелер де алтынға «өш»!

 

Қанбады-ау шөлім, қаз қанатындағы сусылға,

Балалығым-ай, балсың ба, әлде, усың ба?

Отсың ба, әлде сусың ба?

Байлығым менің баянды көңіл тынымым,

Қалып қалған ба кішкентай сенің уысыңда.

 

Адал да аңқау алғашқы адам, шырайлым,

Еркесі едің еркіндік пенен Құдайдың.

Бір түп ши, бір тал жапырақтан да сұраймын,

Іздеймін үнсіз, шөлдедім саған, мұңайдым!..

Аспан аға

(Мағжан Жұмабаевтың рухына)

 

Кеудесінде ақша бұлттар гүл ашқан,

Неткен зәулім, неткен мұңлы бұл аспан.

Алтын көпір, аға, сенің рухың,

Жерде гүлге,

Көкте күнге ұласқан.

 

Жерде гүлмен, көкте күнмен тамырлас,

Сенің жұмбақ өміріңе жаным мас.

Аспан аңсап өлген өршіл ақынның,

Жер бетінен табыты да табылмас.

 

Жер бетінің арқандаулы қонағы,

Тек аспаннан аңсар азат моланы.

Хұсни ғалам ақ жалауы анау бір,

Құс жолының жолағы.

 

Қайран аға,

Сөз маржанын тізерге,

Қайтып қана серт етерміз біз елге.

Мен сағынған жасыл құсы ғайыптың,

О, дариға, отыр қонып тізеңде.

 

Көлге айналған көз жасымнан ұрттап ап,

Көп толқимын сұм тірлікке сырт қарап.

Шырылдаған нәрестедей жүректі,

Тек түсімде ұйықтатамын бұлтқа орап.

 

Кеудесінде ақша бұлттар гүл ашқан,

Неткен зәулім, неткен мұңлы бұл аспан.

Алтын көпір, аға, сенің рухың,

Жерде гүлге, көкте күнге ұласқан!

 

Жазда жаңбыр, қыста қырау, қар құлап,

Қарайсың бір қара көзің қан жылап.

Аспан барып өлген ақын жоқ шығар

Аспанға елі көмген ақын бар бірақ!...

Көкжалдың көзі

 

Алыстан шақырған асыл нұр,

Көкжалдың көзіндей жасыл бір.

Шаршаған тарихым көктемде

Шөптерге көз жасын шашып жүр.

 

Шаршаған тарихым көктемде,

Көз жасын шашып жүр шөптерге.

Бар жалғыз сыздаған сағыныш,

Басқалай ештеңе жоқ менде.

 

Көктемнен тәтті арман көп көрдім,

Шөптерден ақ маржан көп тердім.

Тербелем елесін бесік қып,

Бөрілер ұлыған бөктердің.

 

Жанымды мүжиді түнгі ызың,

Онан да даңғаза күндізім.

Мекендеп жүрсің сен,

Бөрі-Ана

Аспанның қайсы бір жұлдызын.

 

Жапырақ...

Мезгілдің демі үзген.

Дариға, олардан неміз кем!

Бөрі-Ана, өр ана едің ғой,

Сүт емес өршілдік емізген.

 

Бір тамшы қаның жүр бойымда,

Мың көкжал ұлиды ойымда.

Мұзға орап қойсаң да, сөнбеймін,

Көнбеймін рухымды жоюға!

 

Сағындым бөрілер дәуірін,

Қайдасың бөлтірік-бауырым!

Безіп бір кетсек бе бетпаққа,

Көбік қып көк дөнен сауырын.

 

Қиялым қиянға қашып жүр,

Алыстан шақырған асыл нұр -

Көзіме басылды-ау от болып

Көкжалдың көзіндей жасыл бір!

Таң бөбегі

 

Жылай-жылай көкжиектің көзі ісіп,

Қамығады өз көз жасын өзі ішіп.

Қанатынан нұр тамшылап, сол жақтан

Келеді бір жасыл қанат сөз ұшып.

 

Ол – аңсаудан жаратылған ай құсы,

Қанатында қараңғылық қайғысы.

Жер бетіне жеткен екен ақыры,

Менің мәжнүн жүрегімнің Ләйлісі.

 

Шексіздіктің жасыл қанат сөзінен,

Көбелектің сұлу мұңын сезінем.

Талықсыған таңдайыма тамызды-ау,

Жаппар Ием, көкжиектің көзінен.

 

Ей, ұлы Сөз!

сенің жасыл реңің,

Сезіндірер аспанилық нұр елін.

Мен не дейін, көлеңкенің қойнында

Көп ұйықтаса шайырға тән жүрегім.

 

Таң бөбегін орап ыстық ақ қарға,

Көктем болып кеттім міне, ақ таңда.

Қандай бақыт сенің ұшып жеткенің,

Мен өлеңге қабір қазып жатқанда...

 

Тәңірдің еркесі

 

Тәкаппар сөз сиқыры мүсіндеткен,

Өлеңді түсінемін түсім деп мен.

Санама сағынышты нұр тамызып,

Көбелек!

Көкжиектен ұшып жеткен.

 

Көбелек.

Келген ұшып тым жырақтан 

Елесін аймалатып мың бұлаққа.

Ашылар қанатының лебімен-ақ,

Мұздаған көкірегім-мұңлы қақпа.

 

Беймаза бейнелермен найзаласып,

Жатқанда асау көңіл майдан ашып.

Өмір боп еркелейді өлең маған,

Өліммен отырсам да аймаласып.

 

Ішінде көлбең қағып ертегі – оттың,

Өзіңдей мені, сірә, өртемек кім?

Мен сені нұрдан туған сөз-көбелек,

«Тәңірдің еркесі!» деп еркелеттім.

 

Жыландай арбаса да түн есіріп,

Алдымнан ашылады күн есігі.

Көбелек! Енді сенен айырылмасқа,

Баптаймын көкірегімде гүл өсіріп...

Мезгіл элегиясы

Жылжиды дымқыл тұман жер бауырлап,

Мен де ауырлап –

Сүйретіп келем зілдей ізімді құр,

Сүйеді сәл мұңайып жүзімді іңір.

Әнеки жапырақ та жатыр жылап,

Қыздардың тағдырындай қызыл ғұмыр.

 

Жапырақ – қызыл күрең, дерт емгендей,

Немесе өртенгендей.

Күбірлеп өте шықты әлде біреу:

«Өмірге неге асықтым, ертең келмей!»

 

Сол бір сөз – ақ жыланға айналып бір,

Мойныма қыл шылбырдай байланып тұр.

Адасып ақ тұманда кеттім білем,

Қайдасың қасиеттім, әй, жарық нұр?!

 

Іңір қарт, мыти ұстап мыс таяғын,

Орнынан зорға тұрды үш таянып.

«Асықпа!» – дегім келді, кім біледі,

Сол шалдың етегінен ұстай алып.

 

«Өмірге неге асықтым, ертең келмей!»

Сол сөзден тілім де сәл өртенгендей.

Қара түн қашып сенен кеткім-ақ бар,

Болса да торғын толқын көрпең көлдей.

Әфсаналық өлең

 

Мезгілдің жұмбақ жырын жаттаған,

Балық қыз, адам бейнелі...

Әфсаналарым сыбырлап маған:

- Еркесі судың! – дейді оны.

 

Ағынға қарсы ағады келіп,

Самғайды бейне құс болып.

Ағарған шашы жағаны көміп,

Жатады бір сәт түс көріп.

 

Қалықтап рухы қайтады күннен,

Жүрегін нұрға шомдырып.

Аспанға мадақ айтады, бірде –

Алақанына аққу қондырып.

 

Тағылым етіп тамызған дала,

Таңғы бір шықтай құс үнін.

Естимін бүгін аңыздан ғана,

Ей! Менің ерке мүсінім...

 

Елесің бастап барады мені,

Қиялша жым-жырт ғасырға.

Жабырқау ымырт.

Жаралы бөрі

Қалмайды бір сәт қасымнан.

 

Бейуақ менің бесігім еді,

Балық қыз, сүйдім бұл шақты!

Тірі су тірлік есігім еді,

Анамдай алтын құрсақты.

 

Көз жетпес шексіз көлемге кірем,

Ұрғашы суға табынып.

Сосын бір мұңлы өлеңде жүрем,

Өзімді-өзім сағынып....

 

*****

 

Жалғыз тамшы дұға–мұң,

Жанарына байланып.

Түн қалқитып құлағын,

Отыр әне, ойланып.

 

Құлағына ал, оның

Құран оқып мұңлы аспан.

Қорқынышты әлемім,

Қоңыр салқын үн қосқан.

 

Мың жүректің зарығы,

Құмарлыққа құйып нұр.

Сан ғасырдың сарыны,

Қас-қағымға сыйып тұр.

 

Сен!

Осылай сездірдің

Жан дүние мекенін.

Жанарына мезгілдің,

Мен де сіңіп кетемін.

 

Қайта айналып келер де,

Қанатымды тасқа ұрып –

Таң елесін,

Берем мен

Топыраққа тапсырып.

 

Ал, жап-жасыл шөптердің

Жапырағында даусым бар...

Айналамын көктемнің,

Көзіндегі маусымға!

Мезгіл қолы

 

Шашына көгілдірлі қаяу сіңген,

Ойланып жатыр әне, ояу шілде.

Мен көрдім-түнге малған мезгіл қолын,

Дегендей: «Мың құбылта бояушың-мен!»

 

Мезгілдің арбиған сол арық қолы,

Меңзейді тағы маған табыт жолын.

От тамшы оятады, тырнағынан -

Шаршаған жүрегіме тамып менің.

 

Жеткен бір сағыныштай түрме жақтан,

Тым қышқыл жүрегімде жүрген ақ таң.

Көбелек-көктемдерім кеткен ұшып,

Сап-сары саусағына бір қонақтап.

 

Ал, менің ажалыма асыққаным,

Тәрізді қилы заман ғашықтары.

Сүйрейді мезгіл қолы мені солай,

Ақ сәуле көлеңкемнің шашып қанын.

 

Аластап азат аспан тілімді өтпен,

Тастың да тамырына үнім жеткен.

Мәңгілік алақанда, отырармын

Елестер ерінінде күбірлеп мен!

Аяқталмас ертегі

 

Топырақпен бірге оянып көктемде,

Әлде неге шөліркейді от кеуде.

Ой кешемін шудасына оранып,

Жез бұйдалы желмая бұлт жеткенде.

 

Өрт өзені -

Тамырымда тасып қан,

Алып аспан мұхитына асыққан.

Шарабыңды шалқыта құй, Қара Жер,

Қарақат түн қайғысынан ашытқан.

 

Жұпар шарап-түннің нілі,

Шымырлап -

Шырынынан тіріледі мың ырғақ.

Алапат бір шөл бар менде, ағайын,

Бұлағымды жұтып қойған құм ұрлап.

 

Жұпар шарап-түннің нілі,

Тіл өртеп...

Жүрегімде бүр жарады гүл ертек.

Күннің қызы күнікейдің ғашығы,

От құшақтап оянады бір ертек.

 

От құшақтап оянады түс көрсе,

Ақша бұлттар -

Мамық жастық, құс көрпе...

Алтын арқау - аяқталмас ертек бұл,

Аспан қызы жер бетіне түскенше.

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: автордың жеке мұрағатынан

M. Auelkhan