- Негізгі бет
- Поэзия
- Құс жолымен әуелеп...
Құс жолымен әуелеп бір ән ұшар
Айналаңды бажайлау үшін жақын маңдағы қырға шығып көз салғанда, әр нәрсені өз биігінде, өз орнында көретінің сияқты бүгінгі ақындардың арасына көз жұмып кіріп кеткеннен кейін, әрқайсысының шығармашылығымен танысып, кімнің қай деңгейде екенін аңғарар едің. Әгәрәки әдебиетті алып бір тау деп қарар болсаң, онда жазармандарды да өз қиялыңда өз орнынша қоясың. Бірі етекте, бір орта белде, бірен-сараңы шыңына жақын болар еді. Бұл әнтек бір қиял. Бұлай қиялға тізгін бергініміздің себебі де бар. Қазіргі поэзияда бірінен соң бірі кітабы шығып жатқан ағаларды көре жүріп, өтіп жатқан кештерге бара жүріп, өлеңдерін оқи жүріп, көп айтылмайтын, анда-санда газет бетінде қараң ете қалатын ақынның өлеңін оқып, таңғаласың. Неге солар айтылмайды? Оларға жарнама керек жоқ шығар. Бірақ біз сондай мықтыларды өзіміз іздеп, өзіміз жарнамалау керекпіз деп ойлар едің.
Талғат Ешенұлы. «Алтын көпірліктер» деп аталатын бір топ ақындармен қанаттас. Егер жоғарыда айтқанымызды іске асырар болсақ, Талғат Ешенұлы сол тауымыздың етегінде қалмасы анық.
Бағашар Тұрсынбайұлы
Өлеңдерінен ойлаудың өзгеше формасы сезілетін ақынның жырларын сіздердің назарларыңызға ұсынамыз. Төрелігі сізден болсын...
КӨКТЕМСІЗ...
Иірімнен күлкі үйіріп,
дір ете қалып, толқындап,
үзіле бере құйылып,
рауандай ойнап, жарқылдап –
әйнекке қонған мөп-мөлдір,
гүл мойынына ілінген
моншақтарынан көктемнің
сізді көрдім ғой бүгін мен!
Тоңазып түнгі жаңбырдан,
көктемгі шықты таң ата
теріп жүр екем, қалдырған
сіз екен деймін, о, ботам!
Терезедегі лағыл шық,
бәйшешектегі лағыл шық –
жан нұрыменен шағылысып,
таңымнан әр кез табылшы!
Қараймын көкке мейірмен,
мөлдір аспанның әні – сіз.
Қараймын жерге мейірмен,
мөлдірегеннің бәрі – сіз.
Сізге айналып кетті енді
дүние мынау, не қылам ?..
Сіз деп ағады көктемгі
көзімнің тамшылары да!
ІҢІРДЕГІ КӨЛЕҢКЕҢ ДЕ ӘДЕМІ
Іңірде,
Күн мен түннің қауышқанда әлемі,
жан рахаты тыныштықпен табысар.
Тіршіліктің бір сәтке ұмытылып әлегі,
Құс жолымен әуелеп бір ән ұшар.
Бұл не деген таусылмайтын таңғажайып ән еді,
төзіміңді тауысар?!.
Іңірде,
Көк пердені жел тербетіп, әрәдік,
терезеден нұр құйылса гүлзарға.
Көрінуші ең, көңілді демде мәре-сәре қып.
Өмірімнің өлеңі –
көлеңкеңнен танитынмын мен сені.
Сенің, тіпті, іңірдегі көлеңкең де әдемі!
Іңірде,
кіріп келе жатар ең,
тәкаппарлық елшісіндей паң басып;
дидарыңда еркелік пен күміс күлкі алмасып;
шәй көйлегің ат жалындай төгіліп,
балғын денең хош иісті бір жұпарға көміліп...
Мен тұрар ем алдыңда
сағыныш пен құштарлықтың нөсеріне шомылып.
Іңірде,
отырмын мен бүгін де
оты – биші білте шамның түбінде.
Құс жолындағы ән тербеген сезіммен,
терезеге сурет салып көзіммен.
Терезеде – сол сурет –
аумай қапты өзіңнен.
Тіршіліктің ұмыттырып әлегін
уататындай сол мені,
үңіліп ем, гүлзар жақтан әдемі
бір көлеңке көлбеді.
...Бұл не деген таусылмайтын таңғажайып ән еді!
Бұл не деген таусылмайтын таңғажайып ән еді!
АЛМАТЫ ВОКЗАЛЫ
Алматы вокзалы.
Жол – тарау, терісайырық.
Түн.
Шойын рельстер тыншыған.
Тыншыған дүниенің көкірегін қарс айырып,
перронда ән айтты бір сыған.
Ән айтты бір сыған,
көңілімді босатты – аққудың дауысы сыңсыған.
Көзімнен шым-шымдап ып-ыстық жас ақты,
жас деймін, өртеген мұң шығар?!
Өртеген мұң шығар – жанымның у-балы,
бөлісіп ішуге кім шыдар?
Кім шыдар, ойладым мен өзің туралы,
кімді ойлап тұр екен бұл сыған?
Алматы вокзалы.
Жол – тарау, терісайырық.
Мұңға құл – бір қазақ, бір сыған.
…Дерт алған әсершіл жүректі қарс айырып,
беу, ғұмыр, бір күні тыншығар
ДЕ ЖА ВЮ
Жаңбырлы күз жеткен кезде
жолығыстық, тағдыр ма?
Бұл не, мөлт-мөлт еткен көзде –
жас па, әлде, жаңбыр ма?
Жаңбырлы күз жеткен кезде
Айырылыстық, тағдыр ма?
Бұл не, мөлт-мөлт еткен көзде –
жас па, әлде, жаңбыр ма?
Өрекпіген өтті кез де,
Жас құрғаған, жаңбыр да...
Бірдеңе мөлт етті көзде,
бұл не тағы, тағдыр ма?!
ЕСТЕЛІКТЕР
Естеліктер – көктемді ойлап құса толы өміріңді ұзарту;
естеліктер – өткен жаз бен қайтқан қаз һәм кеткен жар;
естеліктер – ләззаты мол азаптарға құмарту,
неткен у бұл, неткен бал?!
Естеліктер – ақыр соңы батар күндей, көлеңкедей жоғалар,
тамызықтап жанған аспан астындағы сенделу;
естеліктер – шыр-шыр етіп көкірегіңді паналар
сағынышпен емделу;
Естеліктер – уақыт пен сезіміңнің тұтқынынан шыға алмау;
естеліктер – той, қуаныш, мұң, өкініш, үрей, кек;
естеліктер жүрегімнің күл-паршасын шығарды-ау,
уатқандай шыны әйнек!
ТҮНГІ НОВЕЛЛА
Қытықтайды мазақтап,
самсаған шам жымыңы.
Шақырады ләззатқа
Алматының іңірі.
Таңды ұрады таңдарға
үкі-жандар,
кафелерде, барларда
шөлмектерден күлкі аулап.
Біз де сондай екенбіз,
елеуреген екі ерке!
Әңгіме айттық екеуміз,
әлди айтты бөтелке.
Сіз айтасыз:
- Бәрі мас!
- Мастыққа жын ереді.
- Жалғыздық ше ?
- Ол, рас,
мұңға сүйрей береді.
Мен айтамын:
- Бір сәттік
ләззат құны – төсекте!
Сіз құптайсыз:
- Бұл шаттық -
әзәзіл, не десек те...
Қысықкөз шам сығырайып,
білтесінде түн еріп,
сіз қаласыз мұңайып,
мен қаламын түнеріп.
Толқиды әуен талайсыз,
тағдыры боп талайдың.
Терезеге қарайсыз,
терезеге қараймын.
Көз бен әлем – көктүнек,
тағы шарап алғыздық.
Жүрек төрін тепкілеп,
твист билейді жалғыздық.
Жақындайсыз абайсыз,
құшағыма ораймын.
Көкжиекке қарайсыз,
көкжиекке қараймын.
Бода-бодасы шығып,
Ай боздайды – сыңарсыз.
Біреуді жан ұшырып,
сіз де іздейтін шығарсыз.
Мен де өңімде, түсімде
іздеп жүрем – мәңгіге
жалғыз қалмау үшін де.
...Айтыңызшы әңгіме!
ТАБИҒАТТЫҢ БАЛАЛАРЫ
Аспақ едім оң қолымды
жұп-жұмыр ақ төсіңе,
жанарыңмен таңқалулы
қарадың да тесіле.
солқ-солқ етіп жылай бердің,
сосын жаспен тазарып,
құшағыма құлай бердің -
ысып, суып, бозарып.
Көңілдегің, көзіңдегің -
өрекпіген, өпкенің.
Құмарлықтан үзілгенің -
әнтек дір-дір еткенің.
Әлің құрып, көз ілгенің -
бір рахат күй шеккенің.
Гүлдеп тәнің, сезімдерің,
гүл боп неге кетпедің!
...Жамалыңды бүркеп, қызық,
керілдің де, көсіле,
оң қолыңды сылқ еткізіп
аса салдың төсіме.
СІЗГЕ. І-ӨЛЕҢ
Қойылмаған сауалдар,
алынбаған жауаптар,
яғни,
ұялшақтық қып-қызыл,
самарқаулық тәкаппар
белгілі де белгісіздеу себеппен,
күнде, кейде кенеттен
құлазыған тағдырымызды астаң-кестең еткенде,
ауыр әрі аяулы бір мұң кештік.
…Музыкаға елігіп,
Менің осыны айтқым келген.
Тыңдамайсыз, тынасыз.
Көлеңкеңізге ашына сізді ырықсыз түсінем,
сіздікі де дұрыс шығар.
сезім ақыл емес қой,
махаббатта ақыл жоқ!
Ал, менің айтпақ болғандағым –
бәйшешектей армандарым,
бәлкім, менікінің бәрі сонда,
білместік?
Расында ойласам ше,
оралмайтын іңкәрліктер қызыққа,
құштарлықтар ерлікке;
сүйілмеген еріндер мен биленбеген вальстер;
уәдесі мол кештер болсын,
жетпей қалған уақыт та,
жалпы,
«осы естеліктер - өткір пышақ тәрізді»
мыңға мәнсіз,
кімге ыстық?
Бірақ бар ғой,
күзді ұзатқан тырналардың әнінен;
көктем иісі бұрқыраған бұлттардан;
әр қыз сыйлаған әдеміліктен,
әдемілік боп жеген үміттен;
тосу мен айырылысудан;
қашу мен сағыныштан;
тағы, тағы, тағысынан
жерініп жүріп, бәрібір,
жеті ішектің қоңыраулағанындай
тапсам дейсің үндестік!
…Музыкаға елігіп,
сіздің де осыны айтқыңыз келетіндей.
СІЗГЕ. ІІ-ӨЛЕҢ
Сізді ұмыту - өзімді өзім ұмыту.
Айтыңызшы, бір күн де
сізге деген ықыласымды суыту –
ұмытумен, мүмкін бе?
Сізді іздемеу – сағыныштан жаңылу.
Өлеңдерімді оқырсыз:
менікі шын жақсылықты сағыну –
пәлсапасыз, ақылсыз.
Сізді сүймеу – сұлулыққа табынбау;
қу дүниені көшпелі
талақ ету, талайыма бағынбау –
жарығымның өшкені.
Сізді көрмеу – айырылу жанардан.
Қайтіп қана шыдармын?!
Мен бе, түбі, осы ойлардан сан алуан
жынданатын шығармын.
СІЗГЕ. ІІІ-ӨЛЕҢ
Сізбен бірге жүрген уақыттың
мөлдіреген тамшыдай,
жәудіреген ботаның көзіндей моншақтарын
үлбіреген шәлідей жүрегіме орап,
жан адамға көрсетпей тығып қойғам.
Жалғыз қалсам жан адамға білдірмей
соны ғана алданыш қып отырар едім.
Қара мақпал түннің жанарындай айдың сәулесіне,
шам жарығына ойнатып,
шашу етіп шашар едім:
түнгі қала аспанындағы көңілді фейерверк пе;
теңіз табанындағы отты тетра балықтарының салтанат биі ме;
ұста балғасының астындағы шоқ ұшқындары ма;
сіздің шәйі көйлегіңіздің етегін көмкерген жылтырақ әшекейлер ме?..
Әйтеуір, әлем нұрға шоматын.
Сол сәттегі лүпілдеген жүректің халін айтсаңызшы:
сыған гитарының әуезді ішек күйіндей ме;
бұлбұлдың көмейіндегі нәзік бүлкілдей ме;
гүлмен ойнаған көбелек қанатының тербелісіндей ме;
сіздің қас қағысыңыздай ма?..
Әйтеуір, әлемді ән тербейтін.
...Сізбен бірге жүрген уақыттың
мөлдіреген тамшыдай,
жәудіреген ботаның көзіндей моншақтарын,
әлі де,
үлбіреген шәлідей жүрегіме орап, аялап сақтап жүрмін.
Жан адамға көрсетпеймін.
Жан адамға білдірмеймін.
Тек өзіңіз келсеңіз көрсетем.
Тек өзіңіз келсеңіз білдірем.
МИЛОСТА ТУҒАН ВЕНЕРА
«Ақ мәрмәрден қашалған
тәңірінің сұлбасы».
Тәңірі сонда...
Қашаннан,
тәңірі сонда ұрғашы?!
Еркелік кернеп бойыңды,
қарайсың әнтек үзіле.
Сені кім қолдан айырды,
қолы жетпестің бірі ме?
Жаныңды жеген ойыңды,
байлайсың үнсіз тіліңе.
Сені кім тілден айырды,
тілі жетпестің бірі ме?
Не мөлдіреген көзіңде,
жүзіңе тұнған мың сұрау?
Тәкаппарлығыңды сезімге
жеңдіргің келмей тұрсың-ау.
Міндет пе, бірақ айтылу,
сөзден де биік бар құдай.
Адамға бұйырмайтұғын
тәңірі мінез паңдық-ай!
Қалайша ойлап тапқамыз:
тәңірінің сұлбасы –
жұп-жұмсақ қана ақ бәдіз,
нәп-нәзік қана ұрғашы.
БЕТХОВЕН. «АЙ СОНАТАСЫ»
Елегзітпесін ессіз түн,
«Ай сонатасын» қой, панам:
өмір өзгеше айтар сыр,
өмір өзгеше айтар ән;
адыра қалар сөз бен тіл,
арыда ойын-той қалар;
төменнен қара Жер қарар,
төбеңнен сары Ай қарар;
қоңыр қонжықтай бұлттардан
қоңырдан қоңыр ой тамар;
шам жарығынан дене ысып,
құс қанатынан бой тоңар;
әп-сәтте уыз сезімің
ақ жұмыртқадай шайқалар;
жалпыдан қалған көңілің
жалқы қалғаннан жай табар –
Қайтадан, тағы қайтадан,
«Ай сонатасын» қой, панам!
ВИВАЛЬДИ. МЕЗГІЛ ЭЛЕГИЯСЫ
Қысқы бұрқасын сағыздай созған түндердің
тасбақа күйі – кеудемде.
Тас төбеме әкеп Айды шалқадан ілген кім,
тағы да бір түн келген бе?
Қар астындағы көктемді күткен гүлдердің
сағыныштары – бойымда.
Сәуір туды ғой, сағынтып мені жүрген кім,
салғызып сарыуайымға?
Жазғы бақтағы жалғызаяқты сүрлеудің
саяқ тағдыры – басымда.
Кімнің соқпағы қайда бастарын білген кім?
Досың ба өмір, қасың ба?
Күзгі жел үзген жапырақтардай күндердің
шарасыздығы – көзімде.
Ту сыртымдағы айнадан сылқ-сылқ күлген кім?
Уақыт па?
Уақыт өзім бе?
Дайындаған: Қайсар Қауымбек
Сурет: Жеке мұрағаттан
Қ. Қауымбек