Тұрсын Жұртбай. Дәнекер тұлға (Зейнолла Сәнік туралы) #2

Тұрсын Жұртбай. Дәнекер тұлға (Зейнолла Сәнік туралы) #2

Міне, қатулы шекараның қылауын алғаш тауып елге оралған ағаларымыздың, соның ішіндегі бірегейінің бірі Зейнолла Мүбәрәкұлының өткен өмір кешуін ежелдете еске алғанымыздың өзінде, осындай сардарлы ғұмыр ғибыраты еске түседі. Бұл тарихи қозғалыс та әлі талай екшелер, ығыса-ығыса сығылысар, бастығар. Алайда елінің рухани тарихының өтпелі тұсына дәнекерлі бір қиыршық болып қаланған жандардың жанкешті жауапкершілігі – үнемі есте ұстауға тұрарлық еңбек.

Ғылым демекші, Зейнолла дегдардың өзіміз сүйінетін осындай азаматтық сипаттағы мінезімен қоса қадірлейтін бір пітінәм – ол кісінің қытай қолжазба мұраларындағы жалпы түркі жұртына, оның ішінде қазақ руханиятына қатысты деректерді жинастырып қана қоймай, оны жинақы ғылыми пайыммен қалың жұртқа таныстыруы. Біздің жыл қайыруымыздан бұрынғы «Му тянь зының» жазбасындағы «Ғұн анасының»:

Аша бұлт көз ұшында бұлаң қағып,

Асқар тау көрінеді мұнарланып.

 

Өзен бойлап, жартаспен жағаласып,

Тау жолы көкжиектен барады асып.

 

Ақша бұлт болсам егер, айтам анық,

Келер ем осы араға қайта айналып.

Екінші нұсқасы:

Ақша бұлт көз ұшында бұлаң қағып,

Асқар тау шақырады мұнарланып.

 

Өзен бойлап, жартаспен жағаласып,

Көш жолы көкжиектен барады асып.

 

Болғанда ауылың алыс, ара қашық,

Таудан асқан бұлтпен араласып:

 

Келерсің., аман болса, қауырсының,

Тағы да қандырып бір көз сусынын, –

деген толғауымен тұңғыш рет Зейнолла ағамыздың қолжазбасынан танысып, «Жұлдыз» журналына жариялап едім.

Бұл ізденістің соңы жиырма жылға созылып барып, «Көне қытай деректеріндегі тегі түркілік әдеби нұсқалар» деген найман, арғын, қаңлы, керей, қыпшақ, қоңырат деп ру аттары анық жазылған, уақыт мерзімі жыл қайыруымыздан бұрынғы Х ғасырдан бастап ХҮІІІ ғасырға дейінгі аралықты қамтитын 72 ақынның шығармасын жеке жинақ етіп шығарудың міндеті маған жүктелетінін ол кезде қайдан білейін. Бұл деректерді оқыған адамның қызықпауы, білуге ұмтылмауы мүмкін емес еді. Мысалы, 1237-1295 ж.ж. өмір сүрген қаңлы Баян ақынның «Қамшы» атты:

Ойқастап оңды-солды бастым амшы,

Сорғалап тебінгіден ақты тамшы.

 

Семсердей болмаса да өткір жүзі,

Үш құлаш өрімінің ұзындығы,

 

Дойырды жібергенде бір иіріп,

Түменді бір кісідей тұрды үйіріп, –

деген жолдарды Абайға болмаса, Несіпбектің өзіне қайтып қиярсың.

Осындай қатпарлы руханияттың қыртыстарына көз сұғын қадатқан Зейнолла Сәнктің пайымды ғылыми, әдеби-зерттеу еңбектерінің маңызы ерекше. Бұл орайда арнайы деректенушы мамандардың араласуын қажет ететін түйінді мәселелер де бар екені анық. Мұны келер күннің еншісіне тиесілі пікір ретінде көпшіліктің есіне сала кетуді лайық санадық.

Осы ретте алдыңғы толқынның ерекше өмір майданынан өткенін және олардың көргендерінің өзінің энциклопедиялық мағлұматқа ие екенін баса назар аудара айтқан орынды. Өмірінің соңғы тынысмен жазылып, ыстық демі қалған «Қазақ этнографиясы» атты көлемді еңбекті халықтық сыпаты басым басылымның қатарына толық жатқызуға болады. Мұнда ғылыми пайымды, жазушылық көркем, шежірешілік баяндаулардың барлық түрі тоғысқан. Еркін әрі түсінікті тілмен жеткізілген, мағлұматы мол қазыналы қормал туынды. Білім мен пайым, өмірлік тәжірибе астасып, аталы сөзге айналған. Өзгені былай қойғанда, көз сусынын күнде қандырып жүрген киіз үйдің керегесіне қатысты – ерсі, балашық, сағанақсияқты өлшем мен желкөз кереге, торкөз кереге, иін, қар, қалам, тоғын, қаламдық, сықырлауық, дөдеге, жиек, таңдай өрнек, өрік кереге, таңғыш, шалғыш уық, салма деген атаулардың атын да және олардың міндетін де толық түсіне бермейтініміз анық. Демек, қалам ұстағаннан бастап балалар әдебиеті мен халық ауыз әдебиетіне етене өмір сүрген Зекеңнің танымдық саласындағы ізденістерінің бір қомақты қорытындысы сияқты.

Иә, пенде атаулы күн сайын әр қымбатының бірін жоғалтумен өмір сүріп, өзі де бір күні ғайыпқа айналады. Алайда өзгеден гөрі адамға берген бақыттың бірі – белкүшің мен рухани күшіңнің артта қалған белгісі. Сол белгілеріне қарап, өткенге – салауат жасаймыз. Бұл ретте жоғалтуынан қалдырған белгісі мен тапқан қымбаты басым болған Зейнолла Мүбәрәкұлының рухына ел атынан тағзым етеміз.

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: azattyq.org

M. Auelkhan