- Негізгі бет
- Көкжиек
- әл-Фарабидің нақыл сөздері...
әл-Фарабидің нақыл сөздері
Әбу Нәсір әл-Фарабидің нақыл сөздерін ұсынамыз.
- Ар-ождан алдындағы адалдық өз қадір-қасиетіңе, ізгі іс-әрекетіңе байланысты.
- Шыншылдық адалдықпен ағалас.
- Өрге жүзген өнегелі ісімен, Таңда адал дос өз теңіңнің ішінен.
- Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді.
- Мінез-құлық міні – рухани кеселге жатады.
- Өзгенің пікірін иемденіп кету – надандық һәм ниеті қара адамға лайық іс.
- Бейқамдық сәтсіздікке бастайды.
- Жүргендер көп достық атын малданып, Қалмағайсың сен де бірде алданып.
- Өз бойында жоқ қасиеттерге құмар кісі көлгір келеді.
- Білімді болу деген – жаңалық ашуға қабілетті болу.
- Білім қуған жанның ойы күнделікті күйбеңнен көп алыста жатады.
- Шын білім – ақиқат, анық білім.
- Ғылым адам санасына болмысы бөлек, ерекше ұтқыр ұғымдарды орнықтыру арқылы ғана терең ұялайды.
- Ғылыммен айналыссам деген адамның ақыл-ойы – айқын, ерік-жігері – зор, тілек-мақсаты – ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт. Жай ләззат іздеу, кәсіпқұмарлыққа ұқсас әрекет ондай болмасқа керек.
- Мінез – жанның айнасы.
- Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты.
- Мінез бен ақыл жарасса – адамгершілік ұтады.
- Сұлу саз жан сергітеді.
- Тән ауырса – жан да ауырады.
- Шын беріліп қызықтаған нәрсе ғана жүрекке жетеді.
- Ақыл-парасат – адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнердің қыр-сырын ұғуына, жақсы қылық пен жаман қылықтың ара жігін ашуына көмектесетін күш.
- Тәрбиелеу дегеніміз – адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту.
- Музыка – рухтың, құмарлық пен ынтызарлықтың, әр алуан көңіл-күйдің ісі. Музыканың негізгі міндеті – адамның эстетикалық қажетін өтеу.
- Адамға тән бір жақсы қасиет – өзін қоршаған әлемнің әсемдік сырларына үңілу, содан рухани нәр алу, өзінің нәзік сезімін образдар арқылы паш ете алу.
- Ғақлия көзбен қарасаң, Дүние – ғажап, сен – есік. Жаһлы көзбен қарасаң, Дүние – қоқыс, сен – меншік.
- Ұстаздық мінез-құлық нормасы мынадай болуға тиіс: ол тым қатал да болмауы керек, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек. Өйткені, аса қаталдық – шәкіртті өзіне қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру – қадірін кетіреді, берген білімі мен ғылымына шәкірті селқос қарайтын болады.
Жазбаға "Қазақ афоризмдері" кітабы пайдаланылды
Дайындаған: Мейiргүл Оңғарова
Сурет: astana-akshamy.kz
М. Оңғарова