- Негізгі бет
- Көкжиек
- Өскеменде Оралхан Бөкейдің...
Өскеменде Оралхан Бөкейдің ескерткіші ашылды
Өскемен қаласында белгілі қазақ жазушысы, публицист, драматург, танымал қоғам қайраткері Оралхан Бөкейдің ескерткішінің тұсауы кесілді, деп хабарлайды қалалық әкімшіліктің баспасөз-қызметі.
Жап-жаңа ескерткіштің ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов және жазушылар қауымы қатысты. Сонымен қатар, салтанатты жиында журналистер мен қоғам және мәдениет қайраткерлері, Ұлы Отан Соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, мектеп оқушылары мен студенттер және жергілікті тұрғындар қонақ болды.
"Қолына Оралхан Бөкейдің кітабын алғанның бәріне тұла бойына сұлулық пен байлықты жиып алған Қатон-Қарағай жерінің сұлулығы жайылады. Ол прозаның ғұмырынан поэзияны көре алды", - дейді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.
Қалалық әкімшіліктің баспасөз-қызметінде Оралған Бөкейдің ескерткішінің тұрғызылуы 2013 жылдың бас кезінен бері айтылып келе жатқан еді. Әкімшілік жергілікті қала тұрғындарына ескерткішті орнатуға ыңғайлы жер таңдауды ұсынды. Нәтижесінде мектеп оқушылары мен басқа да қала тұрғындарының таңдауы КШТ шағын ауданына түскен. Сондағы мектептің бірі Оралхан Бөкейдің атымен аталады.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінде хабарланғандай, Оралхан Бөкей ескерткішінің авторлары - белгілі өскемендік мүсіншілер Владимир Самойлов пен Евгений Непьянов.
"Алғашында ескерткішті қыркүйектің орта тұсында тойланатын қала күнінің қарсаңында ашпақ болғанбыз. Бірақ облыс әкімінің шешімі бойынша бұл ескерткішті мемлекеттік мереке тұсында ашуға тура келді", - дейді Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов.
Сонымен қатар, қала әкімі қыркүйек айының 14-ші жұлдызында тойланатын қала күнінде Ахат Күленов пен Александр Протозановтың ескерткіштері бой көтеретінін айтқан еді.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: Өскемен қаласы әкімшілігінің баспасөз-қызметінен
А. Әбілхан