«Жүз жылдық жалғыздықтың» Қытайдағы хикаясы #басы

«Жүз жылдық жалғыздықтың» Қытайдағы хикаясы #басы

30 жылдан бері шетелдің ешбір классик шығармасы қытайдың тұтас бір дәуір жазушыларына құдды «Жүз жылдық жалғыздықтай» ықпал жасаған жоқ. Сондай-ақ, шетелдің ешбір классик шығармасының бейне «Жүз жылдық жалғыздық» романындай соншалықты көп заңсыз басылған нұсқасы жарық көрген емес. Бұл шығарма Қытайға кеңінен тараған 30 жылдан кейін Гарсия маркес ақыры қытай тіліндегі басылымына баспа құқығын беру жөніндегі қастерлі лебізін білдірді. Әйтсе де, сол кез қытай әдебиет өрлеуінің қоламтасы суып, «Жүз жылдық жалғыздықтың» заңды басылымының өзі «Жалғыздық» тағдырынан қашып құтыла алмады.

Не үшін Гарсия Маркес өлгеннен кейін де 150 жыл бойы Қытайда «Жүз жылдық жалғыздықты» басуға рұқсат етпеді?!

1990 жылы Гарсия Маркес өзінің баспа құқығы өкілін ертіп Қытайға сапарлай келді.

Дәл сол кез оның шығармаларының Қытайда кеңінен таралған жылы болатын. «Жүз жылдық жалғыздығы болсын, әлде «Холера тараған тұстағы махаббаты» болсын барлығы да әдебиет әуескерлерін өзіне табындырды.

1967 жылы Гарсия Маркес «Жүз жылдық жалғыздық» романын жазып болды. Содан 15 жылдан кейін 1982 жылы 55 жасында Нобель әдебиет сыйлығын қанжығасына байлады.

Сол жылы Мындоза есімді тағы бір Колумбия жазушысы оған сәлемдесе барып, «Жүз жылдық жалғыздық» романын жазған сәттері туралы онымен арқа-жарқа әңгімелескенде:

«Мен әр күні тәңертең тоғыздан түстен кейінгі үшкей дейін тұп-тура бір жарым жыл жаздым. Кітапты жазып болған күні мөлшері түстен бұрынғы сағат он бір болатын-ды. Сол кезде әйелім үйде жоқ еді. Бұл қуанышымды телефон шалып, басқалармен бөліскім келді. Бірақ, ешкімді таба алмадым. Менің сол күні асып қалған бірталай уақытты қалай өткізерімді білмей, қолым алдыма симай дегбірсізденіп, қиналғаным, амалсыздан қилы-қилы қиялдарға беріліп, түстен кейінгі сағат үшке әрең жеткенім әлі ап-анық есімде. Сол кезде көңілім ел көшкендей құлазып, достарымның барлығы қырылып қалғандай сезіндім» депті.

Осы қайсар шал: «Жазушылық – өзіңді-өзің өлтіретін мамандық» деген екен. Автор 29200 тал шылым шегіп, екі жыл уақытын жұмсағаннан кейін қолына тигені тек кітап құнының оннан бір бөлігі ғана болды. Ал, Латын Америкасында оның шығармасы құтырына ұрланып басылып жатты. «Заң тараулары қанат астына алған заңсыз басылымдар мен сары ізіне шөп салынған заңды басылымдар елес реализмнің ұшар басына шықты». Маркестің бойын ашу кернеп, Колумбиядан 400 мың дана кітабын жинап алып, Латын Америкасы баспа саласында бір майдан дүрбелең тудырды.

Ал сол кезде Қытай «Дүние жүзілік авторлық құқығы келісіміне» әлі кірмеген ел болатын. Маркестің көңілін қалдырған жағдайдан мүлде бейхабар еді. Бұл жолғы Қытайға сапарын ол шат-шадыман көңілмен бастады. Десе де, кітап дүкендерінде тұрған өзінің әртүрлі нұсқадағы шығармаларының бірде-бірі өзінің рұқсатынсыз басылғанын білгенде кішіпейілділігі мен мейірімділігі сеңдей бұзылды. Кетерінде қабағынан қар жауып: «Мен өлгеннен кейін 150 жыл өтсе де Қытайда шығармаларымның басылуына, әсіресе, «Жүз жылдық жалғыздық» романымның басылуына рұқсат етпеспін» депті кәрленіп.

Роман деп осыны айт!

Маркес қанша от алып, қопаға түскенімен «заңсыз тәсілмен» басылған «Жүз жылдық жалғыздықтың» Қытай тіліндегі нұсқасы Латын Америка дауылын Қытайда соқтырғаны даусыз еді.

Мо Янь есімді жазушының кітапханадан «Жүз жылдық жалғыздықты» тұңғыш рет оқыған сәті күні бүгінге дейін көкейінде сайрап тұр.

1984 жылдың аяқ шені болатын. Уаң Фужиң көшесі баяғыдай думанды. Кітапханада тұрып романның басын оқып көрген 29 жастағы Мо Янь ішінен «Роман деп осыны айт» деп тамсанды да, қабағын шытып, әлдебір жазушының романын осылай бастағанын есіне алды.

Сол кез оның 8 жыл әскери міндет өтеп, азаттық армия көркемөнер институтының әдебиет факультетіне түсіп, елден ерек дарынын әйгілей бастаған кезі еді. Сол кезде оқыған «Жүз жылдық жалғыздықтың» сол бір нұсқасы Шаңхай аударма баспасынан басылым көрген «20 ғасыр шетел әдебиеті» атымен жарық көрген 95 кітаптың бірі еді.

«Әкесі өзін мұзды көруге ертіп барған, сол бір алыс кешті Полковник Аурелио Буендиа кейін арада талай жыл өткен соң атылар алдында есіне алған» деп басталатын  Гарсия Маркестің осы бір классик сарыны, бір алып тұрақты жұлдыздың ғарыш төрінде тапжылмай тұрып-ақ тарту көлеміне енген қыдырма жұлдыздарды бір-бірлеп ұстап қалғаны тәрізді, осы заман қытай жазушыларын да бір-бірлеп өзіне баурады.

Мо Янь осыдан екі жылдан соң «Қызыл Гаулияң» деген шығармасын жариялады.

Шандұңның Гауми деген жерінде дүниеге келген осы жазушы кейін Қытайдың Габриэль Гарсиа Маркесі атанды. Содан кейін де көптеген Қытай жазушыларының романдарында – Ма Юанның «Жалған», Хан Шаугуңның «Найзағай апаты», Лю Фңның «Жалған сипат», Су Туңның «1934 жылғы босу», Чын Жуңшының «Бай Лу Юан» секілді романдарынан, 2005 жылғы Иу Хуаның «Ағайындылар» романына дейін Гарсия Маркестің елесі кезіп жүрді.

Интернет әдебиетіндегі бір қолданушы бір топ аты танымал осы заман қытай жазушыларының романдарының бастамасын зерделеп көріп, Маркестің жазу стиліне салып өзінің жеке блогында «Жүз жылдық жалғыздық» романын тұңғыш рет оқыған сол бір алыс кешті қазіргі заман қытай жазушылары араға көп жыл салып, өз романдарының басын бастап жазғанда естеріне алған-ды» деп жазыпты.

ЖАЛҒАСЫ

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: dnevniki.ykt.ru

Қ. Қауымбек