- Негізгі бет
- Көкжиек
- Тоқтарәлі Таңжарық: "Түптің...
Тоқтарәлі Таңжарық: "Түптің түбінде Орталық Азия әдебиетіне әлемнің назары ауары сөзсіз"
Осыдан біраз уақыт бұрын ақын Тоқтарәлі Таңжарықтың жыр жинағы «Еуропа ақындарының конкурсы» аясында Еуропада жарық көретінін айтып, оқырман қауымнан сүйінші сұраған болатынбыз. Енді өзімен кездесіп, әңгімелесудің сәті түсті. Ақынның қазіргі қазақ әдебиеті, жастар поэзиясы жайлы ойға қонымды әңгімесін ұсынып отырмыз.
***
- Аға, өлеңдеріңіздің шет елде жарық көретіні жайлы біз де жар салып, қуанышыңызды бөліскен болатынбыз. Жыр жинағыңыздың шет тілде жарық көруіне не түрткі болды, түркі ақындары ішінен қалай іріктелгеніңіз жайлы хабарыңыз бар шығар?
- Былтыр қоңыр күзде Польшадағы түркітану орталығынан арнайы кісілер хабарласып, «Еуропа ақындарының «Бостандық» атты жыр конкурсына қатысуға келісіміңізді бересіз бе?» деп сұрады. Басында сенбедім. Кейін нақты сайттарын жіберді. Онда бұл шараның төрт жылда бір рет өтіп келе жатқаны егжей-тегжейлі жазылыпты. Түркітану орталығының жетекшісі Генрих Янковски мырза конкурсты ұйымдастырушылардың өздеріне өтініш айтқанын, Орталық Азия ақындарының ішінен бір үміткерді ұсынуды өздеріне жүктегенін тәптіштеп түсіндірді. Генрих мырза осы орталық арқылы түркітілдес елдердің әдебиеті мен мәдениетін жіті қадағалап отырады екен. Тіпті, бізден шығатын кітаптардың көбін алдырып тұратын көрінеді. Конкурстың шарты бойынша 2007-2010 жылдар аралығында жыр жинағы жарық көрген болуы қажет деді. Менің «Жалын» баспасынан шыққан «Түн парақтары» атты шағын кітабымның өзінде жоқ екенін, егер қатысуға келісімімді берсем, ғаламтор арқылы рұқсатнамамды әрі кітабымды жіберуімді өтінді. Қазақша акцентпен сөйлегенімен, тілімізді еркін меңгергені көрініп тұр. Мен келісетінімді жазып әрі үш дана кітабымды Польшаға салып жібергем. Бір айдан соң, «Сіздің өлеңдеріңіз қазылар алқасына ұнады» деп сүйінші сұрады. Басында сенбеген себебім, мені шетелдік түркітану орталығы түгіл, өзіміздегі әдебиетсүйер қауымның өзі жыға танмыайтыны белгілі еді. Ал олар болса, менің өлеңдерімді ғаламтор арқылы оқығанын, «Гүл», «Жылқылар», «Иек сүйеу» секілді өлеңдерімнің оларға ұнағанын жеткізді. Мұнда ешқандай құпия жоқ, ұсыныс өздерінен түсті. Егер қазақстандық тиісті мекемелерге бір ақынды ұсыну жүктелсе, мені ол тізімге қоспайтыны анық... Қысқаша айтқанда, бұл солардың ұсыныс бойынша қолға алынған шара. Алла бұйыртса, биыл кітап шығуы керек әрі 2014 жылы Польшада өтетін әлем ақындарының фестивальіне қатысып қайтамыз. Англия, Швеция бастаған он шақты елден бір-бір ақын арнайы осы шараның қонағы әрі қатысушысы болмақ.
- Жуықта Қытайдағы қазақ тілді сайттардың біріне берген сұхбатыңызда: «Біз 21 ғасырда өмір сүріп жатырмыз, сондықтан әлем әдебиетіндегі «измдер» мен ағымдардан бас тарта алмаймыз» депсіз. Ендеше біздің дәстүрлі қазақ әдебиетінде ешқандай ағым немесе «измнің» болмағаны ма? Бұл дәстүрлі әдебиетімізді ұмытып, әлем әдебиетінің стилінде жазайық деген сөзіңіз бе?
- «Изм» деңіз, ағым деңіз, екеуі де бір ұғым. Бірақ, бір нәрсе анық, әр дәуірдің өзіндік танымы мен эстетикалық көзқарасына сай көркемдік өлшемі өзгеріп отырады. Сіз жыраулар поэзиясын оқыңыз, сенбесеңіз! Өз дәуірінің биік рухын, қайталанбас өрлігін, далалық сағыныштар мен армандарды жыр тіліне қалай шебер сіңірген?! Тебіренбеу мүмкін бе? Ал бүгін ше? Дәл солай жазғысы келетін замандастарым баршылық, бірақ жаттандылығы мен ойдан құрастырылған пәлсапасы жүрекке жетпейді. Формасын айтпаймын, мазмұны сәйкес емес. Жыраулық поэзияның еркін жазу мәнерін бүгінгі танымға тамырлата білетіндер аз. Сол үшін де бүгінді бүгінше жырлай білу де керек. Бұл барлық дәстүріңнен бас тарт дегенді білдірмейді. Жыраулық поэзиядан қазірге дейінгі барлық әдеби мұраның үздіктерін қабылда, өзіңе сіңір, және соны кемелдендіруге күш сал! Өз заманыңның үнін қос! Өз дәуіріңнің ойын өрбіт! Өз сүйіспеншілігіңнің нұрын сеп! Осы бағытта талпынып жүрген замандастарым баршылық. Бірінікі сәтті, бірінікі сәтсіз. Сәттілігі жұрттың қабылдауында, сәтсіздігі одырая қарауында. Бәлкім, керісінше... Жалпы, жаңашылдық дегеніміз ескіні бұзып-жару емес, ескінің ескі екенін ұмыттыру. Бір күні сенің жаңаңды да біреу ұмыттырады... Ескі жаңа, жаңа ескі. Ауыс-түйіс. Анахарсистен Қорқытқа дейін, Қорқыттан Хасанға дейін, Хасаннан Махамбетке дейін, Махамбеттен «Зарзаман», Абай, Мағжан, Ілияс, Мұқағали, Жұмекен, Жұматайлар шоғырына шейін бәрі ешкімді жоққа шығарған емес, жаңартумен келді. Танымды жаңартты, ойды жаңартты, көзқарастарды құбылтты, поэтикалық үрдістердің толқынын тудырды. Енді бізде сол дәстүрлердің бәрі бар! Тоқтайық па?.. Жоқ, бізде ескінің ескі екенін ұмыттыруға күш саламыз. Мүмкін, өзіміз осы жолда ұмыт қалармыз. Мүмкін, өзіміздің Ұлы Әдебиетіміздің ешкім білмейтін қалтарыстағы құпия геройына айналармыз...
- «Кеңес дәуіріне қарағанда, қазіргі жастар поэзиясы едәуір биікке көтерілді» деп жатады кейбір сыншылар мен әдебиетшілер. Бірақ әлем халқы бізде біледі десек, Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шахановты біледі. Ал жастар поэзиясы туралы өзімізден басқа ешкім білмейтін сияқты? Бұған не себеп? Жоғарыдағы жаңсақ пікір емес пе осы?
- Қазір пікір айтудан оңай ештеңе жоқ. Кез келген тақырып жөнінде кез келген жерде кез келген адам пікір беретін болды! Сөз бостандығы, ой бостандығы, азаматтық қоғам құрудың тетігі, құқықтар мен «қол жетімділіктердің» шектеусіздігі ме, пікір алуандығы ма, қалай еді бұл үрдіс? Білмеймін. Әдебиет жайлы кім не айтса да құқылы болды. Сұраған екенсің, мен де айтайын. Жастар поэзиясы өркендеді, өзгеше сипат алды дегенге келіспеймін. Соның алғашқы қадамдары ғана жасалды. Ескі тақырыпқа жаңа көзқараспен емес, ескі сипаттамалармен баға берудеміз. Жаңа тақырыптарға жаңаша қараудан гөрі, таптауырынды тізбектерге үйірілу басым. Бәрімізде. Ал Олжас пен Мұхтардың жөні бөлек. Әлем оларды таныса, Кеңестік кеңістіктің ықпалымен таныды. Он алты республикада жүзден артық ұлттар мен ұлыстар болды. Орыс тіліне аударылсаңыз, бүкіл одаққа таралдыңыз. Кітабыңыз миллион таралыммен шықты. Оның үстіне тегеруінді қаламгер болсаңыз, айыңыз оңынан туды дей беріңіз. Әдебиет идеология қызметін атқарған тұста, әр ұлттың лидерлерін жасау қиын емес болатын. Шымқай қыз бояуларға иек сүйегендерден гөрі, еркіндікті идеал тұтқан ақындар қашанда оқырманның ықыласына бөленері даусыз. Мұхтар да, Олжас та идеологияның тар өткелегінен жол таба білген бақытты ақындар. Кемшілігі болса, кезеңі көтерер... Бүгін ше? Он алты республика жоқ. Қазақ қазақпен тұйықталды. Мақтасақ та, даттасақ та өз ішімізде қайнаудамыз. Жалымызды бір-бірімізге күдірейтіп, күн кешіп жатырмыз. Өзгені былай қойғанда, қырғыз, өзбек, түркімен ақындарын жыға танымаймыз. Олардың өрістері мен соқпақтарын өзіміздің «сара жолдарымызбен» ғана бағалаймыз. Танымағандықтан, менменбіз. Білмегендіктен, кеудеміз керулі. Құдық түбіндегі бақаның халі қандай аянышты екенін білерсің. Бірақ аспан бақаның көзімен қарағандай кішкене емес қой... Тәуелсіздікті жырлауды Астана туралы, болмаса биліктің бүгінгі «ерен жетістіктерін» өлеңге қосу деп қана түсінетін пайымымыздан не қайыр? Тәуелсіздікті жырлау бостан рухты, тасадағы танымды, тарихи жадымызды тірілту жолындағы күрес екенін ұғынбағандықтан да, тар шеңберді айналсоқтап күн көрудеміз. Алда-жалда жас қаламгерлерді шетелге танытамыз, сол арқылы ұлттық мақтанышымызды, идеологиямызды дәріптейміз деген ой туа қалса әлдебір атқамінердің басына, онда бірінші өшірет ұрда жық патриотизмге ұрынған желөкпе сөздің иелерін сол тізімге қосарына бәс тігем. Сондықтан, бізге әлемді таңғалдыруға әлі ерте... Іскерлігімен, тіл тапқыштығымен, сөзге келіскіштігімен, қысқасы заманауи «сүйкімділігімен» өзгелерге жол тартатындар болса, іске сәт. Түптің түбінде Орталық Азия әдебиетіне әлемнің назары ауары сөзсіз. Өзбектің бе, қырғыздың, тәжіктің, түркіменнің бе, яки қазақтың ба, бұл майданында біреуінің бағы озады. Соған қамдану қажет секілді.
- Жуықта Қажы сапарынан оралдыңыз. Бұл сапар шығармашылығыңызға үлкен әсер еткен болар?
- Бір Алланың бұйрығымен, Мекке мен Медине қаласына кіші қажылықпен барып қайттық. Өзге ел түгіл, басқа ауылды көрсең де толқымай, таңырқамай тұра алмайсың ғой. Таңданыс пен тамсаныс бөлек болды. Көптеген ойларымыздың ойраны шықты! Бұрын түнекті жарық, жарықты түнек деп келсек, енді әр нәрсенің өз атауы боларын білдік. Шығармашылық ізденістің бір қиырын сол жақтан көргендей болдық. Бұйырса, оқи жатарсыздар...
- Поэзияда сіздерден кейін де бір буын қалыптасып үлгерді. Бауырларыңыздың беталысына көңіліңіз тола ма?
- Иә, бұл буын қаулап өскен жауқазын секілді. Бірінен бірі өтеді. Отты, нұрлы, шуақты. Тіпті күнде бір жаңа өлеңмен, жас есіммен ұшырасатын болдық. Ішінде өзінің эстетикалық танымынан таймайтын таза өнерге мойынұсынғандары да бар, ал елдің алқауына мастанып, келсін-келмесін «көк шолағын» борбайлататындары да бар поэзия майданында жүр. Интернеттің пайдасы сол, өлеңімді кімге көрсетем, қайда жариялатам деп қиналмайды. Қаптаған сайттар мен әлеуметтік желілер. Тастаңыз да, отырыңыз. Айналаңыздағы дос-жараның, ағайын-туысың жел беріп, көпшікті көтере қойып жатады. Бізден кейінгі буынға ғана тән мінез емес, біздің буынның басында да бар дерт осы. Елден жылы сөз күтіп, жәупең қағатындардың қатары мол. Жер-көкке сиғызбай мақтасып яки жерден алып, жерге салып даттасып жатқандары... Ақынның мұншама көптігінің жақсылық, я дерт екенін білмедім, кіл жақсы, ұйқасынан жел өтпейтін, бірінен бірі аумаған өлеңдерден шаршап кеттім! Тапқырлықтары қандай?! Сөзді ойнатуларына қарасаң, данышпан деуге болады! Сондай бір өлеңді оқисың, таңырқайсың. Екі өлеңді оқисың, бас шұлғисың. Үш өлеңді оқисың, жымиясың. Төртінші... бесінші... кете береді. Аздан соң, мен не оқыдым деп ойлансаң, ойыңда ештеңе қалмайды. Көбік сөздің көпіршігіне алданғаныңды сезесің. Жан жоқ, себебі. Діріл жоқ, себебі. Тек шеберлік пен тапқырлық қана бар! Ұйқас бар, әуез жоқ. Сезім бар, сарын жоқ. Сағыныш бар, жас жоқ! Кемі, осы жоқтардың әйтеуір бірі жоқ. Бәріне қарата айтқаным емес. Ішінде тілі де, жүрегі де тірі ақындар бар. Оларды ана көп таптап тастағандай көрінеді. Олардың үні бәсең, тым бәсең...
Сұхбаттасқан: Қайсар Қауымбек
Сурет: жеке мұрағаттан
Қ. Қауымбек