- Негізгі бет
- Көкжиек
- Эйфель мұнарасын сатып...
Эйфель мұнарасын сатып жіберген адам
«Бұл өте құпия жұмыс, - деп бастады ұзын бойлы кісі сөзін, - Менің сендерге айтпақшы болған шаруамды жан баласына тіс жарып айтуларыңызға болмайды» деді ол айнала қоршап отырған бес кісіге. Олар Париждегі сәулетті қонақүйлердің бір бөлмесінде үстелді қоршай, шай ішіп отыр еді.
«Егер бұл іс әшкереленіп қалса, бір мемлекетті түгілі, бүкіл дүниежүзі дүр сілкінері даусыз, - деген ұзын бойлы кісінің даусы сыбырға жақындап қалды, – Сіздер бұл жерге құпия түрде шақыртылып отырсыздар. Өйткені, үкімет өте сенімді әрі мұндай маңызды міндетті орындай алатын адам табуға бұйырған болатын. Менің сіздердің әрбірлеріңізді не үшін шақырғанымды білген боларсыздар?!» деп сұраулы көзін қоршай отырған кісілерге тастады.
Ұзын бойын тік ұстаған кісі сәл үнсіз қалды. Үй ішінде тек адамдардың тыныс алған дауысы ғана естіледі. Бұл жерде отырғандардың әрбірі үкімет жіберген бір дана хат арқылы келген адамдар. Хатта үлкен билікте отырған беделді кісінің оларды осы қонақжайда құпия қабылдайтындығы жайлы айтылған еді.
Ұзын бойлы кісі сөзді қалай бастауды білмей тұрғандай сезілді. Сәл отырған соң: «Мырзалар, шаруа былай, әлемге әйгілі Эйфель мұнарасы қатерде қалды. Ол бұзылған жоқ, бірақ, құлауы әбден мүмкін. Жөндеу жұмысына өте мол қаржы кететіндіктен, үкіметтің шамасы келмей отыр. Ал сіздер көне металл саудагерісізедр. Білсеңіздер, мен сіздерге Эйфель мұнарасын сатып алатын таптырмас орай беріп отырмын».
Бес кісінің таң қалғаны соншалық, ауыздары аңқиып қалды. Эйфель мұнарасы расында да жөндеуге тиісті болатын, әрі бірнеше күннің алдында олар газеттен осы жайындағы мақаланы көздері шалған еді. Әуелі үкіметтегі кейбір адамдар темір мұнараның бұзылатынын өз көздерімен көре алатын болғандықтарына қуанғандықтарын да естіген болатын.
Эйфель сонау 1889 жылдан бастап, Париж қаласының басты симвлына айналып үлгергені рас. Бірақ бұл мұнара шынымен де алынып тастала ма? Бұл мүмкін емес қой! Әлгі үкіметте жоғары билікте отырған ұзын бойлы кісі олардың көңіліндегі сұрақты біліп қойғандай еді. Ол бұл іске өкінетіндігін білдірді: «Бұл ғажайып мұнараның ғайып болуын көру өте өкінішті іс! Алайда мұнараны жөндеуге оны алып тастауға қарағанда, тіпті де көп қаражат кетеді. Мұнараға 6 миллион дана қалпақты шеге істетілген, бұл мұнара 7000 тоннадан астам темірден жасалынды деген сөз».
7000 тонна темір! Металл саудагерлері іштей есеп жасауға кірісті. Темір мұнара сөгілген күнде де, сөзсіз, бірнеше миллион франкке жарайды. Мұны сатып алған адамның байып шыға келетіні даусыз. Онда мұны қанша ақшаға сатып алуға болады? Мұншалық көп ақшаны кім бере қояр дейсің?
Әлгі ұзынтұра бұлардың ойын тағы да оқып қойғандай: «Біз бұл жобаға тұрақты баға қоя алмаймыз. Бұл өте құпия жұмыс болғандықтан, бұлай істеуге мүлде болмайды. Сіздер өздеріңіз қойған бағаларыңызды қағазға жазғаннан кейін, конвертке салып, аузын желімдеп қойыңыздар. Ең жоғары баға қойған адам темір мұнараға ие болады».
Бұл сөз айтылысымен, әлгі үкімет өкілі оларды көлікпен Эйфель мұнарасының қасына әкелді. Олар мұнараға шығып, Париждың көркем көрінісін тамашалады.
Андрей Пойсон есімді саудагер қаланың көркіне онша көңіл аударған жоқ. Оның назары мұнараның темірінде еді. Іштей есептеп үлгере алмай жатыр. Өзі ең жоғары баға қойса жақсы-ақ болар еді!
Пойсон атақты бай да емес. Париж қаласының сыртынан темір-терсек саудасын жасайтын кішкентай дүкен ашқан. Көп жыл құлшынып, саудасының беті енді бері қарап келе жатыр еді. Бүгінде ақшасы да әжептәуір молайып, қалталы адамдардың санатына қосылып қалған.
Міне, байлық оның көз алдында тұр. Ол миллионер адамдармен бірге жүріп-тұрғанда іштей қатты қорынатын. Ал бүгін басқаша еді. Өзін олардан әлдеқайда биікте сезінді.
Осы сауда сәтті болса, темір мұнараны сатып ала алса, қандай жақсы болар еді?! «Кедей байға, бай Құдайға жетсем деген заман осы-ау!» деп ойлап қояды кейде.
Ол түнімен ұйықтай алмай шықты. Миын есеп-қисап әбден торлап алды. Іштей қайта-қайта есептейді. Астыңғы қабатта құлыптаулы суырмада бір конверт тұр. Оның ішінде Эйфель мұнарасын сатып алуға құпия қойған бағасы салынған.
Ертесі таңда ол құпия хатты апарып береді. Әлгі билік иесімен үкімет кеңсесінде емес, сол баяғы қонақ үйдегі тар бөлмеде кезікті. Бұл оған сәл оғаштау көрінсе де, құпия сауда сәтті болар деп ойлады. Хатты апарып бергеннен кейін, оның шаруасы тек қана күту еді.
Төрт күннен кейін оған телефон келді. Ең жоғары баға қойған адам ретінде темір мұнараның оған тән болғаны белгілі болды. Телефон соққан кісі оған құжаттарды рәсімдеу арқылы ақша төлеу керектігін, алайда ақшаны Франция үкіметіне тапсыруға болмайтындығын, бұл іс әлі де өте құпия болғандықтан, ақшаны «Буланкад» атты адамның атындағы есеп нөміріне төлеу керектігін тапсырды.
Пойсон ақша шотын алып, асығыс-үсігіс қонақжайға келді. Ұзын бойлы кісі оны күтіп отыр екен. Оның қолын алып тұрып: «Бұл – сіздің жеңісіңіз. Бірақ мен үшін бір күндік қызметімнің бір бөлігі ғана» деді. Ол Пойсонға қадала қарап тұрып, сөзін қайта жалғады: «Сіз бір-ақ күнде пайдаға белшеңізден бататын болдыңыз! Өзімнің сізге қол үшін бере алғаныма қуаныштымын! Біз сияқты үкімет қызметкерлеріне мұндай бақ қайдан бұйырсын?!» деп төмен қарады. Пойсон сәл қысылып қалды. Мансапты кісі одан пара сұрап тұрған сияқты. Бұл мұны ертерек ескеруі керек еді. Қап, бәлем! Ол қалтасынан бір буда ақшаны алып, әлгі ұзынтұраға ұсынды: «Бұл менің аздаған сыйым. Сізге көп рақмет! Маған көп көмек жасадыңыз! Мұнараны қай уақыттан бастап бұза беруге болады?»
Мансапты кісінің өңі жылып, жүзіне күлкі үйірілді: «Сату келсімшарты екі күнде бітеді. Сіз қол қойсаңыз болғаны, ана тізіліп тұрған көк темірлер сіздікі болады. Алайда бұл хабар тек сол кезде ғана ашыққа шығуы керек. Бұл қуанышты істі тек ең қолайлы уақытта ғана жұртшылыққа жариялау үшін сіз мүмкін бізге бір апта уақыт беруге келісетін шығарсыз?»
Бейшара Пойсон келсімшартқа қол қойды, үкімет талабы бойынша мұнараны бұзатын уақытты күтті.
Ең соңына бұл қорқынышты шындықты түсінді. Үкіметтегі жоғары билік иесі деген адамның мүлде жоқ екені туралы, оның барып тұрған алаяқ алдамшы екенін, өзінің тақыр жерге отырғанын бір-ақ білді. Ол өзінің алданғанын білген кезде, өзі қол қойған чектегі ақшаны баяғыда шығарып алып кетіпті. Ал ресми мекемелер Эйфель мұнарасын сату туралы істі мүлде білмейді екен. Оған жауапты адам да мүлде болмапты. Пойсон өзінің қалай алданғанын басқаларға айтуға арланды. Қалай айтсын? Мен осылай да, осылай алданып, бар ақшамнан айрылдым десе, бүкіл Париж түгілі, бүкіл Франциядағы бірінші нөмірлі ақымақ болып шыға келеді.
Ол басын тоқпақтаған күйі, отыра кетті.
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: pic.com
M. Auelkhan