- Негізгі бет
- Көкжиек
- Қиялмен хат алмасқан...
Қиялмен хат алмасқан жазушы...
Кеңестік жазушы Евгений Петров өзі ойлап тапқан адаммен пошта арқылы хат-хабар алмасып тұрған. Қиялдан туған сол адам оның ұшақ апатына ұшырап қайтыс болатынын да болжап қойған екен.
«Он екі орындық» («Двенадцать стульев») немесе «Алтын бұзау» («Золотого теленка») авторы Евгений Петровтың хоббиі елден ерек болған. Ол өз хаттарының конверттерін жинайды екен. Ақылға қонымды іс емес дерсіз, енді қараңыз: жазушы шет елге хат жазады, бірақ сол қайда, кімге жазуын өзі жоқтан ойлап табады. Қала аты, көше аты, үй, адресат фамилиясы... Барлығы да өмірде жоқ, тек қиялының жемісі. Әрине, бірер айдан соң адресат аты дұрыс жазылмаған деген желеумен хаты қайтып келе береді.
Ал 1939 жылы Евгений Петров Жаңа Зеландиядан келетін «дұрыс емес» хатты алғысы келеді. Ойынан Хайдбервилль деген қала атын ойлап табады, Райтбич деген өтірік көшедегі №7 деген өтірік үйдің Мерил Юджин Мерил атты қиял адамына хат жазады екен.
Хатта былай делініпті: «Қымбатты Мерил! Пит ағаңның қазасы қайырлы болсын. Бекем бол, достым! Және көп уақыттан бері хат жазбағаныма, жауап бермегеніме ренжіме. Ингридтың жағдайы қалай? Қызыңды сүйіп қой, ол қазірде бойжеткен болған шығар. Жауап күтемін, сенің Евгенийің».
Аттай үш ай өтсе де хатқа жауап болмайды. Петров оны ұмыта бастаған кезде Жаңа Зеландиядан жауап хат келіп түседі. Қайтарым хатты оқыған кездегі таңғалысын көрсеңіз, онда былай жазылыпты: «Мерил Юджин Уизли, Райтбич, 7, Хайдбервилль, Жаңа Зеландия». Хат жолдаушыны растау мөрі де табылған! Хат мәтінін көрсетейік: «Сүйікті Евгений! Қайғыма ортақтасқаның үшін рахмет! Пит ағадан жоқ жерде айрылып қалдық. Жарты жыл бойы есіме келе алмай, жауап жаза алмадым. |
Біз, Ингрид екеуміз сені ұмытқан жоқпыз. Бізбен бірге болған үш күн де ұмытылмақ емес. Глория расында да бойжеткен қыз болды. Бірақ әлі күнге орыстың ойыншық қонжығын тастамай жүр. Есіңде ме, оны сен алып келіп едің ғой». Тағы бір ғажап: ол хатты оқып болған соң конверттың ішінен өзінің Мерилмен бірге түскен суретін қолға алғанда есінен адасты да қалды. Суреттің төменгі жағындағы түсірілген мерзіміне қараса өткен жылдың тоғызыншы қазаны. Ол кезде Петров өкпесі қабынып, өмір мен өлім арасында арпалысып жатқан еді...
Евгений ешқандай да мистикаға сенбейтін. Өң мен түстің арасында жүріп Жаңа Зеландияға қайта хат жазады. Бірақ тағдыр оған келесі жауап хатты оқуға жазбапты. Еуропада сол жылдары соғыс басталып, жазушы әскери тілшілік қызметке ауысады. Оның әріптестері жауап хат келген соң ол мүлде өзгергенін айтыпты.
Бұл әңгіме, өкінішке орай, қайғымен аяқталады. 1942 жылы Евгений Петров Севастопольден астанаға ұшып келе жатқан кезде неміс әскерлері ұшақты атып түсіреді. Мистика – ұшақтың құлағаны жайлы ақпарат тараған кезде бас кейіпкеріміздің үйіне екінші жауап хат келеді екен. Бұл хатта Мерил Уизли кеңес әскерлерінің батылдығын айтып, Петровтың амандығына уайымдағанын жеткізген екен. Басқасын айтпағанда, хатта мынадай мәтін болған: «Есіңде ме, Евгений, теңізде жүзіп қайтқанда өмірің суға кетіп қиылмайтынын айтып едің ғой. Сондықтан да, айтайын дегенім – ұшақпен барынша сирек қатынашы!».
Осы бір құпия әңгіме жайлы «Конверт» атты фильм түсіріліпті. Басты рөлді Кевин Спейси сомдаған. Ал фильмнің режисері әрі сценарийін жазушы Алексей Нужный. Фильмді мына жерден көре аласыз...
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: raindrops.3dn.ru
А. Құлтай