Қазақтың үш алыбы

Қазақтың үш алыбы

Балуан Шолақ (1864-1919)

Балуан Шолақ (шын аты-жөні – Нұрмағамбет Баймырзаұлы) – өз заманында әнші, сазгер, сан қырлы өнер иесі болған. Жас кезінде бір қолының бас бармағы үсіп, содан «шолақ» атанған. Кішкентайынан атаққұмар жігіт небір асау аттардың жалынан ұстап, тырп еткізбей үйреткен. Ат үстінде түрегеп тұрып өнер көрсеткен. Теңге ілу, сайыс, көкпар ойындарында алдына жан салмаған. Алып күш иесі Троицк қаласында Ресейдің атақты балуаны, дүние жүзінің чемпионы Иван Кореньді жығып, қабырғасын сындырады. Осыдан кейін оның даңқы шығып, көпшілікке аты тарайды. Ресей жаттықтырушылары кәсіпқой балуан боласың деп Орынбор, Санкт-Петербург қалаларына шақырады. Бірақ жүрген жерінде той-думанға үйренген, халқының еркесі болған ол елін, жерін қимай, бұл ұсыныстан бас тартады.

Көкшетауда өткен Ояздың съезінде елу бір  пұт (қазіргімен есептегенде, 816 келі, яғни, бір тоннаға жуық) гір тасын көтеріп, жиналған жұртты таңғалдырады. Алып күш иесі Балуан Шолақтың осы гір тасын көтергені және Корень балуанды қалай жыққаны туралы деректер өзінің шығарған өлеңдерінде кездеседі.

Ән-күйге құмар Балуан Шолақ екі өнерді қатар дамытқан. Ол ел аралап, салдық құрған және жалғыз жүрмей, маңына өнерлі жастарды (әнші, күйші, балуан) жинаған. Өзі ұстаз тұтқан Біржан сал мен Ақан серінің әндерін орындап қана қоймай, халық арасында насихат жүргізген.

Бұланбай балуан (1747-1845)

Зайсан өңірінде сұлу Сауыр тауының бір сарайы «Бұланбай жайлауы» деп аталады. Сарқырап аққан тау өзенінің сол жақ биік жарқабағында тайқазандай қара тас бар екен. Бұл тасты кезінде Бұланбай балуан биік дөңге шығарып, өзіне мәңгілік ескерткіш еткен деседі. Бұланбай балуанның алыптығын ат көтере алмағандықтан, оны барар жеріне түйеге мінгізіп апаратын болыпты.

Балуан туралы ел аузында жиі айтылатын мынадай аңыз бар: Бұланбайдың отызға тақаған шағы екен. Ол арғы беттен жайлауға қарай түскен бес қытайды көреді. Олар «біз бұл елден алым-салық жиғалы келдік» деп қағаздарын көрсетеді. «Бұл жерден кетіңдер» дегенге көнбеген қытайларды Бұланбай қамшымен бір-бір салып, терең құздан лақтырып жібереді. Қытай елі әскер шығарып, бүкіл елді қырамыз деп ескертеді. Сонда Бұланбай өз еркімен беріліп, түрмеге түсіпті.

Бір күні Қытай императоры зәулім сарайдың алдындағы арыстаның тас мүсінін көтерген адамның тілегін орындаймын деп жар салыпты. Күшін сынауға келгендер мүсінді орнынан қозғалта да алмапты. Сонда бір уәзір: «Бұл тасты түрмеде жатқан қазақтың балуаны көтеруі мүмкін», – дейді. Осылайша императордың бұйрығымен Бұланбайды тас арыстанға алып келеді. Ол: «Маған бір ай мұрсат етіңіздер. Алдымен, қойдың етін  беріңіздер, сонан соң екі қолымды иығыма дейін қайыс арқанмен байласаңыздар, мен тасты көтеремін», – деп жауап қайырыпты. Бұланбайдың тілегі орындалады. Дүйім елдің алдында ол арыстанның тас мүсінін қос қолдап кеудесіне қойып, іле-шала басынан асыра көтеріпті. Күшіне разы болған Қытай императоры Бұланбайды сый-сияпатпен еліне қайтарған екен.

Қазақбай қажы балуан

Қазақбай балуан ХХ ғасырдың бас кезінде Алтай аймағында өмір сүрген. Оның «қажы» атануы жөнінде өте қызықты әңгіме бар. 1900 жылдары жетпістен асқан Шәукебай қажылыққа бармақшы болады. Халық Шәукеге «жасыңыз болса келіп қалды, сонау Меккеге қалай жетесіз?» дегенде, «жанымда Қазақбай жүрсе, еш қауіп-қатер жоқ» деп жауап беріпті. Сөйтіп, жиырма шақты адам қажылыққа аттанады. Қазақбайдың ол кезде он алтыға толып, ел арасында танылған кезі. Көшке ілесе алмай қалған түйені мойнына салып көтеріп жылқының кісендерін бытырлатып үзгені, тағаларды алақанға салып, бір қысқанда сындырғаны дүйім елге тарап үлгерген болатын.

Қажылыққа баратындар керуенге ілесіп сан алуан елдерді, сусыз шөлдерді басып, қиыншылықпен жетеді екен. Жолшыбай керуен басы: «Жақын арада суық суы, саялы ағаштары бар бұлаққа жетеміз. Сол арадан тынығатын жер таңдандар», – дейді.

Біраздан соң сары құмның арасынан жап-жасыл кілемдей ағаштың басы мұнартып көрінеді. Қазақбай жүгіріп барып, бұлаққа жақын шынар ағашының астына алашасын жаяды да, кері кетеді. Адамдарын ертіп келсе, жаңағы жерге отыз шақты адам үлкен қалы кілем төсеп отырып алыпты. «Бұл біздің орын еді, мен белгілеп, алашамды жайып кеткем» деген Қазақбайға әлгілер «Өй, Самарқанның сары кілемі тұрғанда, қазақтың алашасына не жоқ?!» деп орындарынан қозғалмайды. Ашуланған Қазақбай кілемнің шетінен қос қолдап ұстап сілкігенде, әлгі отыз шақты адам үйме-жүйме болып, бірінің үстіне бірі құлап, ойран-топыры шығыпты. Кілемдерін алуға мұршалары да келмей қаша жөнелген екен. 

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет:silkadv.com