«Жайлы жатып, жақсы тұратын» матрасты қалай таңдаймын?

«Жайлы жатып, жақсы тұратын» матрасты қалай таңдаймын?

Жақсы таңдалған матрас пен төсек жағымды ұйқыны қамтамасыз етеді. Ал сол матрастарды таңдауға келгенде қалыптасып қалған стереотиптердің біразы шын мәнінде, қате пікірлер. Соларға тоқталып, жақсы матрасты қалай таңдау керектігін сөз етпекпіз.

1. Қатты матрас арқаға пайдалы

Дұрыс емес. Матрастың орнына ағаш тақтайды пайдалануға болады деген пікір қате. Шамадан тыс қатты матрас иық пен жамбасқа қатты тиеді, ал тым жұмсақ матрас дене тепе-теңдігін сақтай алмай, омыртқаның түзу болуына кері әсерін тигізеді.

2. Бір матрас қалған өміріме жетеді

Дұрыс емес. Матрастың өмір жасы – 10 жыл немесе 3650 түн. Матрастың сырты жап-жаңа, бүтін болғанмен,  «іші түтін» болуы әбден мүмкін. Сондықтан, матрастың формасы өзгеріп, серіппелері сезіле бастаса, үстінде ойық жерлері пайда болса, оны ауыстырғаныңыз жөн.

3. Қалың матрас ұзақ жасайды

Дұрыс емес. Матрастың сапасына оның қалыңдығы еш әсер етпейді. 15-20 сантиметрлік матрас алсаңыз да, одан қалыңын алсаңыз да, жатқанда күш тек үстіңгі жағына ғана түседі.

4. Матрасқа арналған қап ұйқыны жайлы етеді

Дұрыс та, бұрыс та. Матрас қап тым қатты төсекті жұмсағырақ етеді деген пікір бар. Егер төсекке тек өзіне арналған қап қапталса, бұл пікір дұрыс. Климаттың өзгеруіне сәйкес арнайы матрас қаптар бар: біреуі қыста жылытса, екіншісі жазда салқындатады.  

5. Сапалы матрасты жақтаусыз қолдануға болады

Дұрыс емес. Бұл 1970 жылы Жапонияда пайда болған үрдіс, шын мәнінде, зиян. Жақтау матрасты демеп тұрады және дем алуына жағдай жасайды. Адам әр түн сайын, ұйықтап жатқанда ағзамыздан орта шамамен 400 миллилитрдей су шығады. Ол жақтаудың арқасында, матрастың астыңғы жағынан буланып шығып кетеді.

6. Серіппелі блоктан, пенополиуретаннан жасалған матрастардың сапасы ерекше

Дұрыс емес. Әр адам өзіне ыңғайлы матрасты таңдағаны жөн. Себебі біреулер ұйықтағанда көп қимылдауы мүмкін, біреулері ұйықтар алдында жатқан қалпында оянуы мүмкін, ал кейбіреулері етпетімен жатып ұйықтауы мүмкін. Осындай жағдайда жоғарыда аты аталған матрастар барлығына сәйкес келе бермейді.

7. Жақсы төсек қымбат тұрады

Дұрыс та, бұрыс та. Ең қымбат деген брендтердің өзі өнімдерін әр түрлі бағада шығарады. Мүмкін, сондай дүкендердің бірінен қалтаңыз көтеретін төсек тауып қаларсыз?..

8. Төсекті таңдағанда дене өлшемдерін ескеру қажет

Дұрыс. Төсектің енінің стандартты өлшемі – 140-180 сантиметр. Қандай ұзындықта таңдау керектігі сол төсекте жататын адамның бойының ұзындығына тәуелді және тағы 20 сантиметр артық қосу қажет. Төсек неғұрлым кең болса, соғұрлым жақсы ұйықтайсың. Адам салмағы да төсек таңдағанда маңызды. Салмақ ауыр болса, матрас соған төзімді болуы қажет. Ал салмағы жеңіл болса, матрас та соған қарай жұмсағырақ болуы керек.  Егер бір төсекте дене өлшемі екі түрлі адамдар жатса, «екеуі біреуінде» деп аталатын, бір жағы қатты, екінші жағы жұмсақ матрастарды алуға болады немесе екі түрлі матрасты салуға болады.

9. Ескі жақтауға жаңа матрас салуға болады

Дұрыс емес. Бұлай етсе, жарты жыл өтпей-ақ матрастың сапасы нашарлайды. Төсек пен матрастың бір-біріне сәйкес болуы маңызды. Әйтпеген жағдайда, ол амортизациясы нашар автокөлікке ұқсап қалуы әбден мүмкін. Бірақ жаңсақ пікір әлі өз күшін жоймаған, мысалы. Францияда жылына төсектерге қарағанда, матрастар екі есе көп сатылады екен. Серіппелі жақтауға серіппелі матрас, ағаш жақтауға латексті немесе полиуретанды матрас сәйкес келеді.

10. Төсектің биіктігі ұлттық дәстүрлерге сай болады

Дұрыс. Жапония, Корея елдерінде еденде жатып ұйықтайды, Италияда аласа төсектерге жатады, ал ағылшын-саксондар биік төсекте ұйықтағанды ұнатады. Биік төсектің артықшылығы: жатуға да, тұруға да өте ыңғайлы.

Дүкенде матрас пен төсекті қалай таңдау керек?

Үш минутта төсекті таңдау мүмкін емес. Жай ғана отырсаңыз, төсектің сапасын анықтай алмайсыз. Сондықтан төсекке жатып, әрі-бері қимылдап байқап көруден еш қысылмаңыз. Жақтаудың қатты, ал бетінің жұмсақ болғаны маңызды. Денеңіз матрасқа түгел тиюі керек. Егер бүйрек тұсыңыз бен матрастың арасында кішкене саңылау бар  болса, бұл матрас тым қатты деген сөз. Төсекке жатқандағы дененің ең дұрыс қалпы – сіздің омыртқа жотаңыз тіп-тік болуы. Егер жатқанда омыртқаңыз сәл майысса, матрас тым жұмсақ дегенді білдіреді. Кеңес: бір рет матрас таңдағанда төрт матрастан асырмаңыз, әйтпесе, шатасып қалуыңыз да мүмкін.  

Дайындаған: Назерке Смағұл

Сурет: era-mebeli.ru, mygazeta.com

Y. Smaghul