Наурыз мерекесі қарсаңында өтетін іс-шаралар

Наурыз мерекесі қарсаңында өтетін іс-шаралар

21-22 наурыз аралығында Алматының барлық аудандарында «Наурыз мейрамы - 2014» мерекелік шарасы өтеді деп хабарлайды қала әкімшілігінің баспасөз қызметі. Қаланың басты мерекелік концерті 22 наурыз күні Республика алаңында сағат 10:00-де басталады. Мерекелік іс-шараға келушілер алаңға Желтоқсан көшесі арқылы кіреді.

Мұнда Сәтпаев пен Фурманов көшелерінің бойына 13 киіз үй тігілетін болады. Дәстүр бойынша, отандық шеберлердің қатысуымен қолөнер бұйымдары жәрмеңкесі, шеберлік сыныптары өтеді. Сондай-ақ, жастар үшін алтыбақан құрылып, балаларға арналған ойын алаңы жұмыс істейді.

Бұл күні қазақстандық өнер жұлдыздары да концерттік бағдарламасын ұсынатын болады. Ал 14:00-16:00 сағат аралығында алаңда «Алмалы КZ» балалар ұжымы өнер көрсетеді.

17:00-20:00 аралығында отандық JCS тобы ән шашу жасап, «Nomad» каскадерлер тобы шоу ұйымдастырады. Қала тұрғындарының құрметіне арналған от шашу 22:00-ге жоспарланып отыр.

Оңтүстік астанадағы Наурыз мерекесі тек қана орталық алаңда емес, қаланың барлық жеті ауданында тойланады. Аудандық іс-шаралармен де таныстыра кетейік:

Алатау ауданының мерекесі 21 наурыз күні  сағат 10:00-14:00 аралығында аудандық әкімшілік ғимаратының алдындағы алаңда өтеді.

Алмалы ауданы мерекелік бағдарламасын «Арбат» алаңында 21 наурыз күні сағат 11:00-ге жоспарлап отыр. Бұл күні наурызкөже ұсынылып, ауданның мектеп жасына дейінгі балалары жасаған бұйымдардың көрмесі мен ұлттық ойындар сайысы өтеді. 

Әуезов ауданындағы мерекелік шара Шаляпин мен Б.Момышұлы көшесінің бұрылысында, «Спутник» СО қарсы жерде өтеді.

Бостандық ауданындағы мерекелік жиын «Мега» СО алдындағы алаңда, алдағы жұма күні өтеді. 

Жетісу ауданындағы шара «Айнабұлақ-3» мөлтек ауданында өтеді. Мұнда да киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ойнатылады.

21 наурыз күні сағат 12:00-де аудандық Орталық саябақта өтетін Медеу ауданының Наурыз тойы Н.Тілендиевтің «Отырар Сазы» оркестрінің концертін тарту еткелі отыр. Концертке Ұлан Кенжебеков, Мақпал Жүнісова, Бек Күнтубаев, Салтанат Жұбаныш, Біржан Хасанғалиев, Илона Тен, Нұрлан Албан және «Әжелер тобы» қатысады.

Түркісіб ауданындағы мерекелік шара 21 наурыз күні сағат 10:00-де С.Сейфуллин атындағы саябақта өтеді. Бұл жерде "Қыдыр атаның келуі", "Бата", "Шашу", "Беташар", "Жар-жар", "Шілдехана" сынды салт-дәстүр үлгілерінен көріністер көрсетіледі.

Наурыз мерекесі қарсаңында Астана қаласында өтетін іс-шаралар легімен де таныс болыңыздар.

Елордамыздағы Наурыз тойының шаралары бүгіннен, яғни, 19 наурыздан басталады. Қала тұрғындары мен қонақтары М. Горький атындағы академиялық орыс драма театрынан "Леопольд мысықтың туған күні" атты қойылымның премьерасын тамашалайды. Ал Оқушылар сарайында 17-19 наурыз аралығында "Наурыз Аруы" атты ертегінің алғашқы қойылымдары ұсынылады. 

Сондай-ақ, 19 наурызда Қазақ агротехникалық университетінде "Армысың, әз-Наурыз!", 21 наурыз күні Конгресс-холда "Наурыз мейрамы – 2014" көрмесі өтеді. Осы күні "Астана-Операның" камералық залында "Ән шашу" концерті өз көрермендерін шақырады. 20 наурызда Мемлекеттік Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ музыка-драма театрында "Жалын жұтқан Жанна д’Арк" драмасы қойылса, 21 наурыз күні "Жастар" сарайында Көңілді тапқырлар клубының фестивалі өтеді. Аталған күнге Қазақ Ұлттық Өнер университетінде мемлекеттік филармонияның "Нағыз қазақ – домбыра" атты концерті жоспарланып отыр.

22 наурыз күні Конгресс-холлда "Ән мен әнші" жобасының концерттік бағдарламасы болады. 

Астана қаласының басты іс-шарасы 21 наурызда Қазақ елі монументі алдында өтеді деп жоспарлануда. 60-70 мың адам қатысып, кең көлемде атап өтілетін мерекенің тағы бір ерекшелігі – Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Алматы мен Ақмола облыстарынан өнер ұжымдары келіп, концерттік бағдарлама қойып, қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесін ұйымдастырады. «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңға 40 киіз үй тігілетін көрінеді.

Дәл қазір Астана қаласы Ұлыстың Ұлы күніне қызу дайындық жүргізу үстінде. Қала көшелері қызғалдақтармен безендіріліп, әр түрлі гүл құмыралары қойылған. Жылқы мүсіндері мен құттықтау қағаздары да көздің жауын алады. Қала алаңдарына киіз үйлер мен сахна орнатылып, қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлап, қуанышқа бөлеуде.

Еліміздегі Наурыз тойының жоғарғы дәрежеде өтуіне бәріміз бірге ат салысайық, ағайын!

Дереккөз: Астана және Алматы қаласының әкімшілігінің сайты

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: Айгерім Сматуллаева