Макарон арықтауға бөгет емес

Макарон арықтауға бөгет емес

Көбіміздің ойлауымызша макарон артық салмаққа әсер ететін бірден-бір ас. Әрине нан мен ұн өнімдері арықтауға ниеттенген арудың күнделікті асы бола алмайды, бірақ дұрыс таңдалған макарондар зиян емес, тіпті пайдалы болуы мүмкін.

Макаронның пайдалы не зиян болуы оның түріне байланысты екен. Қазіргі макарондар бидайдың қатты не жұмсақ дәндерінен жасалады. Жұмсақ бидай дәндерінің ұнынан әзірленген макарондардың гликемикалық индексі өте жоғары, бұл қанның құрамындағы глюкоза көрсеткішінің тез көтерілуі мен инсулинның шамадан асуына алып келеді. Ал бұл өз кезегінде адамның тәбетінің ашылуына әсер етеді.

Қатты бидай дәндерінен әзірленген макарон өнімдерінің гликемикалық индексі төмен болады. Бұл глюкоза шамасын реттеп, аштықты ұзақ уақытқа басуға өз септігін тигізеді. Мұндай макаронда В тобының дәрумендері, ақуыздар мен клетчатка, қышқылдар және қан құрамындағы холестерин дәрежесін төмендететін құрамдас бөліктер бар.

Қатты мен жұмсақ бидай дәндерінен пісірілген макаронды қалай ажыратамын?

Қазақстанда қабылданған стандарт бойынша қатты бидай дәндерінен пісірілген макарондар "А" тобына жатады, мұндай белгі макарон өнімдерінің сыртында болуы керек. Басқа макарондар "В" тобына жатып, жұмсақ дәндерден жасалынады. Кейде бірінші сұрып, екінші сұрып деп белгіленеді. Қатты дәндерден әзірленген макарондардың түсі кәріптас (янтарь) түстес, жылтыр болады. Сыртында ақ түйіршіктері бар, тегіс емес макарон өнімдері жұмсақ бидай дәндерінен жасалынған.

Диетологтардың айтуынша, қатты бидай түрлерінен әзірленген макарон өнімдері адам денсаулығына қажет заттарға бай. Құрамында бар триптофан табиғи аминқышқылы болып табылады. Ол ұйқыны реттеп, адам жүйке жүйесінің жұмысын жақсартады. Ал В, Е тобының дәрумендері ең мықты деген антиоксиданттардың құрамына кіреді. Сондай-ақ, мүндай макарондар калий, магний, темір, фосфор сынды ағзамызға қажет микроэлементтерге бай. Мұндағы клетчатка да қажетті мөлшерде бар, ол адам ағзасындағы улы заттар мен қалдықтарды тазалап, шығару қасиетіне ие. 

Макрондардан толамын деген арулар назарына: 50г макаронда 190 ккал ғана бар. Бұл салыстырмалы аз шама. Есесіне ондағы көмірсулар, ақуыздар мен крахмал ағзаға қажетті күш қуат береді. Макароннан әзірленетін дәстүрлі паста тағамының Отаны Италияда макарондарды қызанақ, көк-шөп, сарымсақпен әзірлейді. Бірақ біздің елде макарон тағам емес, тек басты асқа гарнир ретінде қабылданады. Макрондарды етпен, котлеттермен жеп үйренгенбіз. Әрине бұндай үйлесім макаронды ауыр асқа айналдырып, артық салмаққа әсерін тигізеді. Сонымен қатар макарондарды шамадан артық пісіру ондағы гликемикалық затты арттырады, бұл да оның пайдасын кемітеді. 

Сонымен макарон сүйгіштер оның зияны жайлы не салмағына әсерін уайымдап жүрген болса, мына кеңесті есте сақтап жүріңіз. Макарондардың қатты бидай дәндерінен пісірілген түрлерін ғана таңдаңыз ("А" тобы), макаронды паста ретінде әзірлеп, оны жеңіл көкөністермен, етсіз тұздықтармен, балықпен, тауықпен дайындаңыз.

Дайындаған: Сания Аринова

Cурет: ouritaliantable.com

С. А