Әлекке салған отшашу

Әлекке салған отшашу
жеке
блог

Жаңа жыл, отшашу десе бірден есіме бір оқиға түседі. Мен 9 сыныпта едім, бөлем Баубек бесінші сыныпта оқитын. Жаңа жылдың қарсаңында үйге бір салют алып келіпті. Екеуіміз негізі "химик" болатын адамбыз ғой. Күкіртті басқа нәрсемен араластырып, тотияйынды отқа жағып дегендей, бірдеңені "мутить"  етіп жүретінбіз. Ендігі кезек салютты зерттеуге келді. Шәй ішіп отырғанбыз. Інім салютты пештің ішіне салып жіберіпті. Бір кезде ана салют атылғаны бар емес пе... Бірінен соң бірі /20 рет атылатыны/ атылып жатыр. Зәреміз қалмады. Атамның жаны тәтті кісі "Астапыралла, Құрал, соғыс ...., соғыс басталды, тығыл..." деп диванның асына кіріп бара жатыр. Өзі қорбалаңдаған ірі кісі еді. Диванның астына қанша тырысса да кіре алмай жатыр.  Біз оған қарап аузымыз ашылып қалыппыз. Апам күндіз салютты ұстап жүрген інімді көрген. Не болып жатқанын  мен де ол да жақсы түсінді. 20 рет атылды-ау дегенде салют әзер   тоқтады.  Інім екеуіміз үрпиіп отырмыз. Атам да ұялды ма, үндеместен дастарханға қайта жайғасты. Үнсіздікті апам бұзды. Жұдырығын түйіп: "Әй сендерді ма....осы шыбықпен шықпырту керек болды" деді де, атама қарап: "Әй қақбас сен соғыстан диванның астына кіріп құтылмақпысын, Алла сақтасын ертең соғыс болса бәрімізді тастап қашатын сияқтысың ғой" деп ішек сілесі қатты. Біз де күліп қалып едік, апам көзін бізге қарай бұрды. Күлкіміз бірден тыйылды. Сол оқиғадан бастап біз де химияны қойып кеттік.