Ән құдіреті

Ән құдіреті
жеке
блог

Ән... саз... әуен... Бұл сөздерді оқығанда немесе естігенде көңілде бірден «Балқадиша», «Әдемі қыз», «Бозторғай» сияқты халық композиторларының терең сазды, назды әндерінен бастап Шәмшінің салтанатты вальстері, сырлы, сұлу туындылары, қазір өзіміз сүйіп тыңдайтын талантты композиторлардың шығармашылығындағы иірімдері сүйкімді, әдемі әндер лек-легімен, үзік-үзік ойнай жөнелетіні бар... Расында, әнді тыңдай алатын, әуелете айта алатын, бағалай алатын, одан өз жан-дүниесінің бейнесін көре алатын, басындағы небір жайттарды әнмен, сазбен жеткізе білетін, сезімтал, сыршыл, сұлулықты сүйетін халықтың ұрпағы болғанымыз қандай бақыт!

         Ән – адам жанымен егіз. Өйткені оны өмірге әкелетін адам ғой, жан-дүниені шырқыратып, ішке сыймай, жүректі жарып шыққан бейкүнә сәбиіндей. Мағынасы мазмұнды, сөздері маржандай, әуені қиялыңды алысқааа апарып тастайтын әндерді тыңдап отырып, еріксіз неше түрлі ойларға берілесің. Бір адамға ғашық боп, көңілің тасып жүргенде сол күйіңе дәл келетін, шалқыған, көңілді әндерге көбірек құлақ түресің. Ал көңілің жабырқау кезде тыңдайтын әндерің... тебіреністі, әрбір нотасында мұң мөлдіреп тұр, жүректің қылын дөп басып, сырын шертеді,  дәл сенің шеріңді бүкіл әлемге паш етіп жатқандай күйге бөленесің. Ондай сәттерде сол әннен басқа сені ешкім түсінбейтіндей көрінеді. Әлдекімдерден көңіліміз қалып, санамызға серпіліс, өзімізге қолдау іздегенде көңіліміздегі түнерген бұлтты түріп тастап, шабыт шақырып, шалқытып, өмірге деген құштарлықты қайта оятатын әндерді іздейтініміз де рас қой. Мұндай сәттерде Табылды Досымовтың «Сәйгүлігі» секілді әндер жанға дәру.     

«Ән адамды тәрбиелейді» дегенге толықтай қосылам. Анам айтатын еді: «Ауылда киіз басып, бау-басқұр тоқып, беторамалдарға кесте төгіп отырғанда ән айтпайтын қыз болмайтын. Радиодан берілетін небір жақұттай әндерді тыңдап отырып, әуеніне елтіп, сөздеріне балқитынбыз. Қыздардың сұлулығын, қадір-қасиетін, махаббатқа адалдығын жырлайтын әндерді ұйып тыңдап, сол әндегі кейіпкер қызға ұқсағымыз келетінін өзіміз де байқамайды екенбіз. Шіркін, осы әнге арқау болған қыз расында бақытты ғой, біз де бір дарын иесінің музасына айнала алар ма екенбіз деп қиялға берілеміз...» Расында, мөлдірлік, сұлулық, әсемдік тұнып тұрған әндермен тәрбиленген менің анам мейірбан, түсінігі теңіздей терең, санасы сәулелі... сабыр мен төзімнің, кішіпейілдік пен инабаттылықтың, көркем мінез бен бауырмалдықтың символы іспеттес мен үшін. «Кейіпкерін көретін екен» деп тамсантатын әндер қазір де баршылық, іздейтін, тыңдайтын адамға. Тек әнмен ғана адам бойында ізгі қасиеттер қалыптасады демеймін, әлбетте. Бірақ ән мен күй де тұлға болып қалыптасуға әсер ететін маңызды факторлардың бірі дегенге көпшілік келісетін болар.  

Менен кейінгі сіңлім қазақ эстрадасының өкілдерін танығанымен, қазақша әндерді беріле тыңдамайтын, оның сүйікті әншісі В. Меладзе. Жақында радиодан, әлде теледидардан кездейсоқ естіп қалған бір әннен әсерленгені соншалық: «Сезімді мұншалықты әдемі, астарлап жеткізетін әндердің болатынын білмеппін...» деп таңырқап тұр. Сондағы естігені:

«Кезсем дағы қай өлке, қай даланы

Самал желі сені аңсап аймалады.

Махаббаттың көрдің бе құдіретін -

Жердің өзі бір сен деп айналады...» деп келетін ретро ән). Қазақтың қаны сол ұлттың музыкасын, поэзиясын сүйдірмей қоя ма?) Оның сол әнге сүйсінгеніне мен қатты қуандым, енді ол да ұлтымыздың тұнық, мөлдір бұлақтай әндерін іздеп жүріп тыңдап, жанына азық табар деген сенім ұялады. «Көрдің бе, нағыз қазына өзімізде ғой. Енді қосыла шырқайтын бол мұндай әндерді» дедім. Өтпелі кезеңде мінезін көркейтуге септігін тигізіп, жан-дүниесін сұлуландырсын деп халық әндерінен, ретро әндерден, қазіргі әндерден жай ырғақты, нәзік, сазды әндерді әдейі ол барда айтып, мамама айтқызып, барынша көп тыңдатуға тырысып-ақ жүрмін. Бір нәтижесі болар деген үмітім бар).

         Айта берсем ән туралы әңгіме бітпес. Бұл жазба менің қазақ әніне деген, адамға рухани азық бере алатын, жаныңмен сырласа алатын, тәрбиелік мәні бар, сәл де болса ізгілікке жетелейтін есті әнге деген шексіз махаббатымның бір тамшысы ғана...