Айнамен бетпе-бет...

Айнамен бетпе-бет...
жеке
блог

- Айна?
- Иә!
- Адамның бәріне не болған? 
- Олар өздерін танымай кетті. Қайдан шығып, қайда баратындарын ұмытты...
- Бұ қашанға дейін жалғасады?
- Енді басталды!
- Басы мынау болса, азғындықтың соңы қандай болмақ? 
- Менің өзім елестете алар емеспін.
- Жасандылық пен жамандық, азғындық пен арсыздық, өтірік пен алдау осының бәрін жаратқан кім? 
- Адам! Жаратқан жоқ, ойлап тапты. 
- Құдай неге сонша сабырлы?
- Сол үшін де оны сүю керек! 
- Сезімдер ше?
- Сезім туралы естімегелі көп болды. Кеше біреу алдымда тұрып мақтанды. Оның алдында ғана қаракөз ару тәнін көрсетіп, сатылатынын айтып жылап алды. 
- Оның жасын кештің бе?
- Мен кешермін... Ол кешпейді ғой. 
- Сен неге жұмбақсың?
- Мен емес жұмбақ. Сендер жұмбақсыңдар. Мен тек жауаптарыңды табуға көмектесем. 
- Қалай?
- Сен менің алдыма жауап іздеп келіп отырған жоқсың ба?!
- ...
- Шаршадым! Шаршап кеттім! Көз бояған тірліктен...
- Сен ғана емес,шаршағандар көп! Қайта сен бақыттысың, тірісің! Шаршағанға шыдамай жоқ болғандар бар...
- Қызық, мен өзіммен- өзім сөйлесіп отырмын ғой.
- Жоқ сен менімен сөйлесіп отырсың. Өзіңмен- өзің менсіз қалып сөйлесіп көрші.
- Қой, мынау жынды ма деп ойлап қалар? 
- Сондықтан сен менімен сөйлесіп отырсың. Бірақ сен бәрбір оларға жынды болып көрінесің. 
- Оның рас.
- Абай саған қарайтын ба еді? 
- Құнанбай да қараған! 
- Сен жалғызсың ба? 
- Жоқ. Мен ешқашан жалғыз қалмаймын.
- Қалайша?
- Сенің менің ар жағымнан қарап өзіңді көріп тұрсың. Дәл сол секілді бер жағымнан екеуі қарап отыр.
- Екеу?
- Біреуі сенің жақсылығың, біреуі - жамандығың.
- Олар кімді күтіп отыр?
- Сенің таңдауыңды! 
- Түсінікті...

(с) Марғұлан Ақан 
Айнамен бетпе- бет. Жалғасы бар...