Тұмса табиғат тыныштықты қалайды (эссе)

Тұмса табиғат тыныштықты қалайды (эссе)
жеке
блог

Табиғат – ол тылсым күшпен таңғажайып бейнелерден құралған қайталанбас тіршілік дүниесі. Табиғаттың бейтаныс құбылыстарын,оның көздің құрышын қандырар әдемі сұлу бейнесін қара сөзбен айтып жеткізі мүмкін емес. Бұл дүниеге келген әрбір перзент табиғат тыныштығын аңсайды, оның ешқандай зардап шекпегенін, бейбітшілік пен татулықтың үйлесімдігінде өмір сүруін қалайды.

Жалпы алғанда, Адамзат – табиғаттың ерекше жаратылысы,табиғаттың перзенті. Дүние есігін ашқан сәттен-ақ адам бойында табиғатпен байланыста тұратын үлкен көпір қалыптасады. Ер жеткен сайын адам оған жақындай түсіп, табиғатпен тереңірек танысады,оны ұғына түседі. Ал осы көпір арасының негізгі жібі үзілсе, адам мен табиғаттың да шырқы бұзылады, екі нәрсе бір-бірінен алшақтайды деген сөз. Демек, адамның тың жаратылыспен сабақтастығын айта отырып,адамзат-табиғаттың "бөлінбес бөлшегі" деген ойға тоқталамыз. Табиғаттың ғұмыры да адам ғұмырындай-оны да сақтап, күтіп, қорғау қажет екені, адам мейірімі адамға ғана емес, табиғатқа, тіршілікке де қажет екені хақ нәрсе.

Өмірдегі әрбір тірі жан секілді табиғаттың да киесі, қасиеті болады. Ал тіршіліктің тыныштығын, қасиетін бұзған жан, бұл өмірден де өз орнын таба алмай, жанының да тәнінің де бұзылатыны анық. Мысалы Ш.Мұртазаның "Жүз жылдық жара" әңгімесі мен М.Мақатаевтың әйгілі "Аққулар ұйықтағанда" поэмасын салыстыра, ұйқастыра сипаттасақ, екеуі де тірі табиғаттың алғашында әсемдігін,адам қолы тимеген кездегі салтанатын баяндайды. Ал оқиғаның өрбуі кезінде ойланбай істелген іс-әрекеттердің кесіріен, сұлулық атаулының барлығы жоққа шығып, үндестік заңының бұзылғандығын сөзбен бейнелейді. Оқиғаның соңында екі шығарманың да кейіпкері табиғаттың киесіне ұшырап, ана баласынан айырылады, ал Жуанқұл болыс орнынан тұра алмай төсек тартып жатып қалады. Екі кейіпкердің де жан айқайы, табиғаттан кешірім сұрап, істеген істеріне өкінуі  – оқиғаның шешімі болып табылады.

Сонымен қорытындылай келе, табиғат адамның ғұмырымен қатар келетін,еш толас таппайтын, ырыс пен мол қазынаның қайнар көзі, тіршіліктің құт берекесі,адамның игілігі үшін жаратылған жаратылыстың сыйы. Сондықтан да әрбір тірі жан ана табиғаттың байлығын қор қылуға, ластауға еш хақысы жоқ. Керісінше оны аялап қорғау – әр азаматтың өн бойындағы жауапкершілікті парызы.