Әрқашан күн сөнбесін!

Әрқашан күн сөнбесін!
жеке
блог

  Таңертең анам ұйқыдан тербетіп оятқан сәтте, мен бірден терезеге қараймын. Арайлап атып келе жатқан таң нұры менің бетімді қытықтап, ұйқымды шайдай ашып жібереді. Көңіл-күйім демде көтеріліп, қуанышпен мектепке жиналамын. Ал мектепте мені достарым, сыныптастарым мен ұстаздарым күтіп тұр. Мектепке барар жолда көлік терезесінен көшеге көз саламын. Ағылған көліктер, жан-жаққа асыққан адамдар - бәрі-бәрі маған сондай ыстық! Күнде көріп жүрген көрініс болса да әрқашан жан-жағыма қызықтай, қуана қараймын. Кейде қиялым әлемді шарлап кетеді. Дәл осы сәтте жер шарының әр түкпірінде  түрлі жағдайлар болып жатуы мүмкін. Біреулер аштықтан әлсіресе, біреулер суықтан тоңып жатуы мүмкін. Енді біреулер жүректері жарыла қуанып жатса, басқа біреулер қиналып жылап жатуы мүмкін. Тағы біреулер адасып жүрсе, баз біреулер іздегенін тауып, қуанып жатқан болар.

  Теледидардан жаңалықтар қарасам, жер шарының көптеген елдерінде сауатсыздық әлі де жойылмапты. Тіпті теледидар, компьютердің не екенін білмейтін елдер де бар екен. Әдемі ойыншықтар мен қызық кітаптардың бұл дүниеде бар екенінен хабарсыз миллиондаған балалар жер шарының түкпір-түкпірінде өмір сүріп жатыр. Әртүрлі аурулардан қиналған адамдар ем іздеп, жанталасып жатқан шығар. Балаларына киім, тамақ таба алмай, шарқ ұрып жүрген ата-аналар қаншама?

  Осыларды ойлаған сайын менің өмірге деген құштарлығым арта түседі. Әрбір атқан таңды қуана қарсы аламын. Айқайлап ән салғым, секіріп би билегім келед. Осындай бақытты, қуанышқа толы балалық шақ сыйлаған ата-анамды қалай жақсы көретінімді білсеңіз ғой! Ал күнде құшақ жая қарсы алатын сүйікті мектебім мен үшін тіптен ыстық.

  Осындай бақытты да бейбіт елде туылғаныма өте қуаныштымын! Жер бетіндегі барлық бала біткен мен секілді ұйқыдан қуанышпен, мен секілді тек қана аналарының тербетуімен оянса екен деп тілеймін. Жер шарында ешқашан соғыс болмаса екен! Бір де бір бала қарны ашып немесе тоңып жыламаса екен! Арайлы алтын күн сөнбесе екен! Көкпеңбек аспанда күніміз шуағын шашып, жарқырап тұра берсе екен!