Каспий ол -

Каспий ол -
жеке
блог

Бір нәрсені бастамас бұрын миды бір шайқап алуға тура келетіні рас. Себебі, айтатын әрбір ақпараттың құндылығы жоғары.

Осы біздер, әсіресе, Қазақстанның батыстан өзге жеріндегі солтүстігі, шығысы, оңтүстігі де теңіз дегенді естісе ойларына Маңғыстау мен Атырау қалаларының түсетіні анық. «Каспий» десе, Ақтау мен ақтаулықтар санада жүретіні жасырын емес дүние. Маңғыстаулықтар «Қарт Каспий» деп атайтын теңіз жайлы естігені болмаса, не жазда сүңгігені болмаса көп адам ол жайлы мәліметтерді біле бермейді.Каспийдегі аққу...

Картада «Caspean sea» деп ағылшын әрпімен жазылып тұрған «Каспий теңізі» шын мәнінде теңіз емес. Ол – Еуропа мен Азия аралығында орналасқан жер шарындағы ең үлкен тұйық көл. Үлкендігіне қарап, оны теңіз деп атайды. Ал енді атауына тоқталсақ, «Каспий» сөзі қайдан шыққан деулеріңіз мүмкін?! Біз «Қарт Каспий» деп неге атаймыз, себебі оның ертеден келе жатқанын білеміз. Біз, біздің әкеміз, әкеміздің әкесі, оныңңң.... деп жалғаса беретін ұзын сонар тарихтың куәсі болғандықтан. Ардақтаған ақсамалымыздай көргендіктен... Каспий деген аты ХҮІ ғасырдың аяғында осы теңіз жағасында қоныстанған Каспи тайпаларына байланысты қалыптасқан. Грузияда Каспи қаласы қазір де бар. Сонымен бірге І ғасырда Гиркан деген, ІІ-Х ғасырда Хазар, Х-ХІІІ ғасырда Хвалын деген тарихи атаулары бар. Тағы басқалары да жетерлік. Олар соңғы үш мың жылдағы өмір сүрген халықтардың қойған аттары.

Сіздер ойлайсыздар, Каспий тек қазақтікі, оның қызығы мен шыжығын батыстықтар көріп жатыр деп. Жоқ. Каспийдің жағалауында Қазақстаннан басқа да мемлекеттер бар. Олар: Россия, Азербайджан, Иран, Түрікменстан. Каспий теңізінің жағалау сызығының ұзындығы - 7000 км. Оның суы осы атап өткен бес мемлекеттің жағалауын шайып жатыр. Жағалау сызығының Қазақстан үлесіне – 29% (2340 км), Ресейге – 9%, Әзірбайжанға – 20%, Түрікменстанға – 21%, Иран Ислам Республикасына – 14% тиеді.

Әр қазақ «менің Каспийім» дейтін бұл теңіздің бес түбегі бар:

  1. Ағрахан түбегі
  2. Абшерон түбегі – Каспийдің батыс жағында, Әзірбайжанда орналасқан.
  3. Бозащы түбегі (маңғыстауда)
  4. Маңғыстау түбегі – Каспийдің шығысында, Қазақстанда орналасқан.
  5. Түп-Қараған түбегі.

Жаз бойы бізді әкеміз теңіздің жағасына салынған, қаладан 1-2 сағаттай алыс орналасқан, бір-бірінен жырақта жатқан лагерьлерге жаздырып қоятын. Ақшасын төлеп қойғаннан кейін, амалсыз баруға тура келді. Мен өз басым 3 кластан бері сол лагерьлердің бірінен кейін біріне жазылдым. Ең кішкентай лагерь қатысушысы болдым сол кезде. Айтайын дегенім, сол лагерьге мені апара жатқанда үлкен-үлкен кеңсірігі кең секілді тұрбаларды көретінмін. Одан шығып жатқан буды көретінмін. Рет-ретімен емес, ирелек-ирелек тартқан сұр тұрбалардың не екенін мен бала кезімде әкемнен сұрап қана шала-пұла білетінмін. Сөйтсем, Ақтау қаласының теңіз суын тұщыландыруға орнатылған қуатты қондырғы екен.

 Адамдар да ақылды ғой, бұлай дейтін себебім, біз орналасқан жерде, яғни, лагерь жақта ешқандай алай-дүлей болмайтын. Ал кәдімгі мұнайшылар жұмыс істейтін жағында теңіздің суы аспанға тіке көтеріліп, қап-қара түнекке айналып, аспан  теңізді «ғылт-ғылт» етіп сорып алып жататын. Содан барып, өзімізге емес, Алматы сияқты шахарларға жауын-шашын болып төгіледі.

Көзімді ашқалы, әкем балықты бере-бере мені әуелі жерік қылып, одан барып жемейтін жағдайға жеткізді. Өзім аса тамаққа зауқым болмайтын, бір сөзбен айтқанда тәбеті жоқ қыз болатын. Содан бірде уылдырық деп әкеліп аузыма тығып жатады, бірде бірдеңенің тұқымы деп әкеліп астырып жатады, әйтеуір, солай да солай мен, тек мен емес баршамыз балыққа әуес жандармыз. Ойлап қалмаңыздар, бұларға рақат, теңізге барады да, қалағанын суырып алып жей береді екен деп, мүлдем олай емес, біз де өз жеріміздің қожайынымыз, біз де өз жеріміздің құндылықтарын сақтаймыз. Міндетті түрде. Жапатармағай барлығы балық аулауға шықпайды, тек нағыз балықшылар ғана шығады. Тек қана заңмен бекітілгендерді ғана аулауға рұқсат, ауламауға рұқсат еместеріне ешкім зиянын тигізбейді. Ал мен сияқты әлжуаз балалары бар әкелер арнайы Атыраудан табиғи уылдырық, не балықтарды достарынан алдырып ақысын төлейді. Себебі, Атырау қаласында екі балық зауыты бар, ол жылына 6 млн. Бекіре балығының шабағын дайындайды.

Жалпы балықтар уылдырығын тұщы суға шашады, қор жинау үшін тұзды суға шығады. Мысалы, шортан, оңғақ, қызылқант балық, алабұға теңіздің атырауын дейін өрістесе, қаракөз, табан, көксерке тұзды суда, ал бекіре тәрізділер судың өте тұзды жерінде тіршілік етуге бейімделген.

Теңізден бекіре тұқымдастары, майшабақ, табан, торта, көксерке, сазан, килька, көптеп ауланады. Каспий теңізі қара уылдырық өндірілетін су айдандары арасында дүние жүзі бойынша алдыңғы орындардың бірінде. Итбалық аулау сонау ертеден жолға қойылған. Ал Каспий итбалығы – тек қана Каспий теңізінде тіршілік ететін сүтқоректі.

Бұл балықтар жайлы әңгімем, құлақтарыңызға түрпідей тиіп отырған шығар. Бет-әлпеті жоқ адам болмайтыны секілді, балығы жоқ теңіз не тәйірі?! Сондағы бір-екі балығын өзінің аты аталған жерінде айтпай кетсем, «теңіз» деген атына сын болар.

Осылайша біз өстік, көрдік, керемет білемін деп айта алмаймын. Себебі, кез-келген адам көргісі келген жеріне баруына шектеу әр тараптан да қойылатыны анық. Мен енді ғана өсіп жатырмын, мектептен, ауылдан, үй-ішімнен енді ғана ұзап шықтым. Шақшадай басыма жауап беретін тізгінді өз қолыма ұстатқалы уақыт та өтіп жатыр, елге барып істеймін деген арман-мақсаттар да көбейіп жатыр. Мен әлі де бұл Каспийді аша түсемін, өзім үшін біле түсемін, өзге үшін жаза беремін.

 

Абылова Шалқар Абылқызы

ҚазҰУ, журфак, 2 курс