Гепард, леопард, пума, пантера, ягуар: қайсыбірі ҚАБЫЛАН?

Гепард, леопард, пума, пантера, ягуар: қайсыбірі ҚАБЫЛАН?
жеке
блог

Сөздіктердің көбінде гепард – қа­былан, леопард та – қабылан, пума – қа­былан, пантера – ол да қабылан, ал снежный барс – қар қабыланы, әйтеуір басқа атау табылмағандай, бәрі «қа­былан» болып кетіпті. Ягуарды ғана ешбір сөздік қабылан деп көрсетпепті, оған да шүкір.
Немесе пантера – ілбісін, леопард – ілбісін, снежный барс – ол да ілбісін болып жүр.
Бұл аңдардың бәрі мысық тұқым­дастар қатарына жататыны баршаға аян. Солардың ішінде төртеуі – арыс­тан, жолбарыс, леопард, ягуар – пантера тектестер өкілдері. Мысық тұқымдастардың жояндары да, мық­тылары да осылар, былайша айтқанда – тектісі, элитасы. Бұлардың ұқсастығы, туыстығының жақындығы соншалықты – бір-бірімен шағылысып, тұқым өрбіту мүмкіндігі бар. Бұл супермысықтардың денесінің ірілігі тұрғысынан бірінші орында – жолбарыс, содан кейін – арыстан, үшінші – леопард, соңында – ягуар тұр.
Лев – арыстан, тигр – жолбарыс еке­нін еңкейген шал ғана емес, еңбек­теген бала да біледі. Біздің қосарымыз – арыстанның ұрғашысын – қаншыр, күшігін – абдан деседі. Ал жолбарыстың ұрғашысын – өлекшін, күшігін – шөнжік дейді. Кейде жолбарыстың күшігін «сарымақ» деп те атайды екен.
Ата-бабаларымыздан «Арыстанда бір жігіттің күші, қырық жігіттің жүрегі бар. Жолбарыста бір жігіттің жүрегі, қырық жігіттің күші бар» деген нақыл қалыпты. Соған қарағанда арыстан жүректі, жолбарыс жалтақтау. Алайда арыстанға қарағанда жолбарыстың күші басым екенін ұғамыз.

Орысша гепард – мінеки, қабылан дегеніңіз осы. Қабыланның қолға үйре­тіліп, адамға қызмет жасағанына бес мың жыл болды деседі ғалымдар. Иран­ның патшалары, Бұхардың әмір­лері, Тұранның хандары мен мыр­за­лары қабыланды ит орнына пайдаланып, аңға салған.

Леопард – тропика мен субтропи­каны мекен ететін бұзаудай ірі мысық. Аса сақ жыртқыш, адамнан да, айуаннан да қорықпайды. Өз салмағынан да ауыр жемтікті тісімен тістеп, ешкімге жеткізбей алып қаша алады. Мысалы, елікті тістеген күйі үш метрге дейінгі биіктен жасқанбай-ақ қарғып өте береді екен. Ал жай кезде төрт метр биіктік оған бұйым емес. Ұзындыққа секіруден де алдына жан салмайды – он метрге секіріп кетеді. Ұстаған жемтігіне өзі жоқта басқа бір аңның тіс тигізгенін сезсе, ол жемтікке леопард қайтып жоламайды. Соншалықты кірпияз, тәкаппар, паң жыртқыш.

Ягуарды «теңбілтер» деп аударып жүр. Яғни, «терісі теңбіл» деген ұғымды негізге алып, қолдан жасаған сәтсіз атау. Бұл жыртқыш Орталық Америка аумағын мекен етеді. Қазақстанда ғұмыры болған емес, ешбір қазақ оны ғұмыры көрген емес. Сондықтан көрмеген жыртқыштарға ойдан ат құрап қайтеміз? Халықаралық терминдегі өз атымен «ягуар», «леопард» дей бермейміз бе?

Пантера, сөздіктерде жазылғандай, ілбіс те, ілбісін де, қабылан да емес, қазақ оны ежелден «бабыр» атаған

Ал, ілбіс немесе ілбісін – ол кәдімгі қар барысы, яғни «снежный барс». Оның ұрғашысын – таутан деп атайды. Атам қазақтың «Таутанын тастап барыс ат, жаға болар ішікке» деген сөзі бар.
Бұл жөнінде біздің бабаларымыздан «Алма апаннан аланды, таутан ұрар балаңды» деген өсиет қалыпты. Тегі, соған қарағанда күшігіне тисең – барыс көкеңе танытатын кекшіл жыртқыш болғаны ғой?
«Қар» сөзі кейін орысшадан аударма арқылы қосылған. Қазақ оны тіркемесіз, жай ғана «барыс» атаған (мыс.: таутанын тастап барыс ат).
Орта ғасырларда патшалар мен корольдер «ілбіс тон» кигені тарихтан мәлім. Ілбіс тон қасиет саналған, әулиеліктің, монархтық киелі биліктің белгісі деп қабылданған.
Ұят болғанда, анау бір жылдары әлдебір журнал қардың ең тазасында жүретін, бұлақтың мөлдір тұмасын ішіп, шөптің сонысында аунайтын, ауаның кеңсірік жарған шыңылтырын сімірген, хайуан да, адам да бармас биікте жүретін осынау текті аңды – «ібіліс» деп жазып жіберіпті. Ібіліс – «жын-шайтан, пері» деген жаман ұғым беретінін білгендері жөн еді.
Ал бүгінгі әдебиетіміздің абызы Мұхтар Мағауин былай дейді: «Қар барысы» – «снежный барстың» тікелей аудармасы. Орыстың көлеңкесі жоқ кезде Алатау мен Ерен-Қабырға, бүкіл қырат Азияда ғұмыр кешкен, қазірде мүлде сиреген, мысық тұқымдас, қожбан, жыртқыш бұл аңның қазақша атауы «ірбіс».
Ғұлама білімпаз ағамыз рас айтады, «ірбіс» атауын біз де талай естіп жүрміз. Тіпті Қазақстанда қайнатылатын сы­раның бірі «Ирбис» аталыпты да, қал­бырының сыртына біз сөз етіп отырған барыстың суретін салып қойыпты.