Өлім кейде мені іздей ме?

Өлім кейде мені іздей ме?
жеке
блог

Төрт параллель темірдің арғы жағынан көкемнің бейнесі көрінеді. Қолындағы банка оралған орамалды сол темірлердің арасынан анамның қолына ұстатты да:

- Ақбаянға киви алып келдім. Жеңге өзіңіз де тойып тамақтанып алыңыз. Гүлжанат әдейі сіз үшін көптеу салды,- деді  жымиып.

- Үйдегілер қалай? Нұрғозының қарны тоқ па? Тамақ ішіп жүр ме? Байғозы ше? – деген сөздерді анамның балаларына деген махаббат сезімі жалғап барып үнсіздікке ұласты. Бірер секундтық тыныштықты көкемнің сыңғырлаған дауысы бұзды. Ол кісінің дауысына ғашық емес адам жоқ шығар. Азан шақырғанын естігенде менің сөзімнің өтірік емес екендігіне куә боласыздар.

Осыдан бір күн бұрын.

-         Сен қыз, тезірек аяғыңды бас! Бұл қызды жертөлеге жатқызу керек. Ауруы түсініксіз. Басқа пациенттерімізге жұқтырса басымызға бәле болады. Оның үстіне ертең тексеру келеді.

-         Оның жертөледе жатқанын білсе біз ұрысты еселеп естиміз ғой,- деген медбикенің діріл қаққан дауысы құлағыма анық естілді. Аяныш білдірген көздерін маған тастай бергенде:

-         Бізді біреу аяпа па? Аяма, ертең айыппұл төлегенде жаныңның аянышы үшін өкінесің,-деді зекіп әлгі қырық бестер шамасындағы әйел.

Сөмкемді көтеруге шамам келмей сүйретіп келемін. Қорқыныш сезімі бастан аяқ бойымды жайлап алған – ауызымнан бір ауыз сөз шықпайды. Тістене аяқ басып келе жатқандығыма назар аударатын тірі жан байқалмайды,  маржандай жас тамшылары томпақ бетімнен сырғи түсіп көйлегіме сіңіп кете береді. Ішімнен тек бір сұраққа ғана жауап іздеймін, құдды осы жауап менің өмірімді немесе үшкүндік қырық градус қызуымды басатын секілді.

  Қараңғы бөлмеге қабырға бұршындағы темір торлы терезе аздаған күн сәулесін түсіріп тұр. Әлсіреп барамын. Терезенің жанына барып, төсектің қырына отырдым. Тамағыма тас тірелгендей болды. Жас тамшылары ағыл-тегіл төгіліп жатыр. Қисая отырған қалпымда көзім ілініп кеткен көрінеді, әлгі қатыгез әйел мен анамның бірін-біріне деген зекіп ұрысқан дауысынан ояндым. Көзімді аша бергенде анам тепшектен түсіп келеді екен. Жүрісін үдете түсіп, жаныма келді де, көзімнің жасын сүртумен әлек болды. «Жылама қызым, мен саған неше рет айтамын – көз жасыңда көрсетпе ешқашан!» - деп ыстық алақанымен анамды көргендегі ытқып шығып жатқан жасты сүртті. Енді жүзінде бір түрлі үрей пайда болғандай, барлық денемді алақанымен сипалап шығып: «Қызым-ау, ыстығың бар ғой!» - деді. Жауап ретінде әлсін-әлсін басымды издедім де қойдым.

-         Бүгін төртінші күн,- деді дәрігер.

Бағанағы қаттылығы ана мен бала арасындағы махаббатты көргенде су секілді буланып кеткендей. Анам маңдайымнан иіскеп сүйді де, ауыз ашып сөйлей алмады. Жүрегінің ауырғанын сездім.

  Күн батқан уақытта көзімді ашып айналама қарасам, анам әрі-бері бөлме ішінде теңселіп жүр екен. Мені көре сала жаныма жүгіріп келіп: «Бәрі жақсы ма, қызым? Басың ауырмайды ма?» - деп қайтадан сұрақ астына алды. Аздап жымиып басымды шайқадым да, көзімді жұмдым. Ендігі кезекте біреудің жүрісі естілді. Анам екеуміз де есікке қарай қарадық. Медбике бізге қарай екі-үш қадам жасады да, аянышты көзбен не айтатынын  ұзақ ойланып: «Қалайсыздар? – деді де – система мен укол алатын уақыттарыңыз болды» - деді. Шыт көйлегімді көтере бергенде көкпеңбек білегім бір түрлі ауыр тартты. Келгелі анам нәр татқан жоқ болтын. Аздан соң медбике оны дәрігер шақырып жатқандығын айтты. Маған өзі қарайды,  уайымдамаса болады деп сендірді. Ол ұзақ уақыт бөлмеге келген жоқ. Маған сұйық ботқа әкеліп берді. Қарным аш, бірақ су татыған тамақты жегім келмей, ысырып қойдым. Бөлмеге кіргенде анамның жүзі тым суық, екі көзі ісіп кеткен, түрі боп-боз. Теңсетіле кірді де мені қатты құшақтап еңкілдеп жылап жіберді. Аздан соң қолына ұялы телефонды алып ұзақ ойланды. Не болғанын, не себепті көңіл-күйі жоқ екендігін ауыз ашып айтқан жоқ. Мен сол жайлы сұрай қалсам, жаныма келіп қысып-қысып алып, маңдайымнан сүйеді де қайта тұрып, бөлменің арғы шеті мен бергі шетін үзбей жалғастырады. Көзімді жұмып бір шетіммен қисая жаттым. Енді екі көзім қабырғада. Қабырғаға түскен сары-ала сызықтар – одан басқа ешнәрсе жоқ. Сол сызықтардың бағыты секілді менің жасым да төмен қарай бағытталған. Көзім ілініп кетіпті. Анамның ерні маңдайыма сондай жұмсақ болып тиді. Құшағында жата бергім келеді. Ананың мейірімінен артық сезім жоқ екендігін сеніммен айта аламын. Жұмысты көп көрген алақанымен бетімнен сипай өтіп, шашымды құлағымның артына қыстырды да: «Қызым, ешқашан ұмытпашы, мен сені жақсы көремін. Егер бұл менің қателігімнен болса,  кешіре гөр... – деп солқылдап жылаған дауысы бұл жолы естіліп қана қойған жоқ, сезілді. Жанарыран аққан жас аздап тиылып барып маған қарады да, жымиып тұрып: - сен туылғанда қап-қара болатынсың, есіміңді қалай «Ақбаян» қоямыз деп ойлап едім. Сонда атаң: «Бұл ақ – жүзінің емес, жүрегінікі» - деген болатын деп айтқан болатын маған. Қызым сен әлі кәшкентайсың ғой, сені қалай қиямын?!» - деді де тағы жа жанарының жасы мөлтілдей кетті. Мен ешнәрсе түсінген жоқпын.

-         Маммаа... неге олай дейсің? Мені кімге қимайсың?

-         Ау-ау, қызым... ешнәрсе, мен жай...

Ыстық ерінімен тағы да маңдайымнан сүйіп, иіскеді.

-         Қызым ұйықтап ал, онсыз да әл жоқ бойыңда. Саған күш жинау керек. Бірақ мен сені оятқанда міндетті түрде көзіңді аш, - дей бергенде тағы да жылай бастады.

Бұл жолы бәрін түсіндім. Анама қарап күлдім де бетінен сүйіп: «жарайды,мам» - деп көзімді жұма қойдым. Себебі, мен енді қып-қызыл жанардан аққан жасты қан етіп көретіндей халге жеттім.

Жаным ауырып барады. Тоқтаусыз ағып жатқан жас – жанарымды толтырып, жастықты көл-көсір етті. Анамның дауысы маған сондай ыстық – менің бала кезімдегі қылықтарымды айтып жатыр.

Аздан соң телефон шырыл анамды орнынан тұрғызып жіберді. Сөйтсем көкем келген екен. Анам терезеден көкеме бірнәрсені күбірлеп айтты, нақты не екенін білмеймін, бірақ бұл маған тікелей қатысты екенін көкемнің терезеден көрінген көзінен-ақ байқап қойдым. Ол аздап уайымы бар, шошынған назарын маған аударды. Сол күні кешке әкем келді, маңдайымнан иіскеп, «Фатиха, Ыхлас» сүрелерін оқыды да, дәрігер әкелген бір жапырақ ақ параққа қол қоюға кірісті. Араға шешем түсті, ызыланып жылай бастады да, аздан соң айғайға басты. Бұл мән-жайды сөзсіз-ақ түсіндірген болатын. Менің ыстығым әлі де қырық градустан төмен түскен жоқ, барған сайын әлсіреп барамын.

-         Сіздер – дәрігерсіздер. Бұл сіздердің міндеттеріңіз. Мен баламның өлетіндігіне қалай қол қойып беремін. Ауруды білмейміз дегендеріңіз қай сасқандарыңыз?!

-         Біз оның өміріне жауап бере алмаймыз. Мұндай ауру жоқ. Одан да қол қойыңыз да , алып кетіңіз қызыңызды!

-         Жоқ, бұл мүмкін емес қой, Түке бірнәрсе десеңші?!

Әкем анамды құшақтап алды да:

-         Тыныштала ғой, алтыным,-деп қаттырақ қысты. Екінші қолымен жылдам ғана әлгі бос орынға қол қойды. Анам әкемнің құшағынан ытқып шығып, мені бауырына басты да, жұлқына заттарды жинады.

Сырт киімімді кигізіп, үлкен орамалға орады, әкем көтеріп сыртқа алып шықты.

Ол кезде қызыл жигули болатын. Көлікте отырғанда ешкім бір-біріне сөйлеген жоқ. Үнсіздік. Үйге кіре бергенде алдымнан ағам, інімді көтерген тәтем жүгіріп шықты. Мен аз жымидым да, қойдым. Түкпір бөлмедегі төсекке жаттым. «Бір түрлі. Әлі кішкентаймын ғой, өмірім енді басталған жоқ па...» - деп ойладым. Анам бөлмеге ыстық сорпа алып кірді де, қасықтап отырып ішкізді. Мен ұйыұтап қалған сыңай таныттым. Түн ұйқысыз өтті. Інім мен ағамды санамағанда. Олар ешнәрседен хабарсыз еді. Менің жаныма келіп аздап әңгіме айтпақ болып еді, анам ағамды шығарып жіберді. Менің бөлмем қараңғы. Арғы бөлменің жарығы есіктен сәуелеп түсіп тұр. Сөздерінің бірін естісем, екіншісі естілмейді. Түсінгенім бойынша мені Қаскелеңдегі тәуіп апаға апармақ ойлары бар.

 Таңғы асқа анамның дәмді ботқасын әкеліп берді. Тәбетім жоқ, бірақ анамның кешегі айтқан сөздері санамды айналып жүр, аздап жегенімше жедім де, жолға шықтық. Апаға барғанда жанарыма ұзақ қарады да, жылы жымиды. Маған бір түрлі күш бергендей болды – сол жылулық. Анам мен әкемнің қолына банкадағы балды берді де, оқылған кеудеше ұстатты. Менің жұдырығамдағы көз моншақты үйге барғанда тағып ал, шешпе деген болатын. Айнаға қарап тұрып, менің қай жеріме көз тиюі мүмкін деп ойладым да, апамның айтқанын орындадым.

Ештеңе жоқ, аманмын-саумын.