АҚШ-тағы қазақ патриоттары кімдер?

АҚШ-тағы қазақ патриоттары кімдер?
жеке
блог

Белгілі орыс жазушысы әрі қоғам қайраткері Солженицын КСРО саясатын сынға алған санаулы тұлғалардың бірі болған. Ол елінде саяси көзқарастары үшін құрметке ие бола алмаған болса да, өзге елдерден саяси пана сұраған емес. Керісінше, КСРО территориясында қалып, коммунистік көзқарасты сынға алатын жазбаларын баспадан шығаруға тырысқан. Дегенмен де, КГБ қызметкерлері оның паспортын алып қойып, ФРГ территориясына шығарып салады. Патриот өз үгіт-насихатын ел сыртында да жалғастырады. Кейіннен КСРО ыдыраған соң, бірден Ресейге қайтып оралды. Міне, оны өз ұлтының патриоты деуге болады.

Көпке белгілі, өзге елден "саяси пана" сұраған кезде сол елдегі билікке қарсы екеніңді анық білдіре алуың керек. Ал билік ауысса ше? Ондай сәтте оппозиционер патриоттар кіндік қаны тамған жерін аңсап, елге оралуы тиіс. Ол,шын мәнінде, патриот болса, әрине.

Күні кеше, АҚШ-та митинг ұйымдастырғандардың шын ниетін қалай білеміз? Олар, расында, қазақтың жанашыр патриоттары болса, ертең Қазақстанда билік ауысқан кезде (жақын уақытта ауысады), "туған елім - Қазақстан" деп елге оралуы тиіс. АҚШ-та алған тәжірибесін елінің дамуына сіңдіруі керек.

АҚШ-тағы қазақ диаспорасы (диаспора болып үлгергеніне таңым бар) өкілдерінің барлығы да АҚШ-тан "саяси пана" сұрамаған болар. Сондықтан, мұндағы сөз, өз кезегінде, иесіне жетеді деп сенемін.

АҚШ-та тұрақтап қалған қазақтарға қатысты алдағы 5 жылда орын алатын екі түрлі сценарийді топшылаймын. Сан-Франциско (KazakhSF) мен Нью-Йорк (Оян Казак) қалаларындағы митингке шыққандар Қазақстанда билік ауысқан кезде, "Назарбаевтың (сіз айтқан) автократиясынан құтылдық" деп елге ораласыздар (1) немесе оралмайсыздар (2).

Асан Қайғы іздеген Жерұйық АҚШ-та екенін дәлелдейтіндер, туған жерден жайлы өмір маңызды екенін өз әрекеттерімен дәлелдейтіндердің саны көп болуы бек мүмкін! Тірі жүрсек, кімнің кім екенін көрерміз!