ЖАСТАРДЫҢ НАЗАРЫНДАҒЫ «ЖАС АБАЙ»

ЖАСТАРДЫҢ НАЗАРЫНДАҒЫ  «ЖАС АБАЙ»
жеке
блог

       Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрындағы кезекті  премьераны  режиссер Жанат Хаджиев сахналады. Жаңа туынды талдау мақсатында Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы аясында құрылған «Көзімнің қарасы» атты студенттердің шығармашылық клубындағы бір топ жастар қойылымды көріп, өзара пікірталас жасаған болатын. Солардың кейбірін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік...

 Айдана АЛАМАН, драматург: М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы негізінде жасалған сахналық қойылым алғаш 1949 жылы 28 желтоқсанда Қазақ драма театрында (реж: Ш.Айманов, Я.Штейн) қойылған болатын.         Ал, Мұхтар Әуезов пен Леонид Соболев жазған "Абай" трагедиялы пьесасы алғаш рет 1940 жылы қазанның 30-ы күні Асқар Тоқпанов режиссерлігімен саxналанған еді. Содан бері қазақ сахнасынан түспей келе жатқан Абай тақырыбы әртүрлі режиссердің трактовкасы бойынша, әртүрлі өң мен түсті иеленгені белгілі. Бұл премьера да өзіндік ерекшелік пен режиссерлік шешімдерге, ұтымды актерлік ойынға толы болды. Инсценировкасы қойылымның аты айтып тұрғандай Абайдың жастық шағындағы ең маңызды, қызықты, түсінуге қиындық туғызбайтын оқиғаларды топтастыра отырып, спектакль аудиториясы балалар мен жасөспірімдерге бағытталды. Сондықтан да романның алғашқы томындағы, ең алғашқы оқиғаларды алуға тура келген. Себебі, романның басқа томдары философиялық, саяси ойлармен салмақтанып, тіпті Абайдың өзі де қартая бастайтындығы белгілі. Бұл тұрғыда режиссер алдына қойған мақсатын толық атқарып тұр.

Алайда, қойылым финалы аяқталмай қалғандай әсер берді. Абайдың ауырған кезімен спектакльді аяқтай салу, көптеген көрермендердің Абай әлеміне жасаған саяхатын аяқсыз қалдырды. Режиссер мүмкін махаббат линиясын қосып, Абайды жігіттік кезеңге дейін алып келсе, драматургиялық шарттардың барлығын толық орындағандай болар ма еді...

алинаАлина ҚАЙСАРОВА, продюсер мамандығының студенті: Спектакль кітапта қалай жазылған, тура сол шеңберден шықпай сахналанған. Қойылым Абай туралы болғандықтан әр келген көрермен бір жаңашылдықты күтіп отырады, мен де сол көрмендермен отырып іздеп келген жаңашылдығымды таппай кеттім. Бұл дегеніміз – креативтіліктің, жан-жақтылықтың жетіспеушілігі деп ойлаймын.

Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» фильмінде Құнанбайды мүлдем басқа қырынан жанашыр, мейірімді, қанша жерден Қодар мен келінін жазаласа да, оны тек Құнанбай өлтіргізді деп емес, бүкіл ел болып солай дұрыс деп шешкендерін, Абайдың әкесіне қарсы тұрмауын фильмде жақсы ашып көрсеткен. Фильмде әке мен баланың арасында жылулық сезіледі.

Спектакльға кірерде кейіпкерлер бейнесінің жаңа тұстары ашылар деп ойлап едім, әттең...

нурбекНұрбек ЖАҢҒАБАЕВ, драматургия мамандығының студенті: Жас Абай бейнесі сахнаға шығады екен деген хабар көкіректерге қуаныш нұрын сепкені анық. Сюжеті «Абай жолы» романы арқылы қалың көпшілікке етене таныс.  Алайда өзгешеліктер де, кемеңгер қаламгер бейнесін сомдауда біршама қателіктер де жоқ емес.                                                                 

Абай медреседен келгенде М. Әуезов жас Абайға алдымен Құнанбайға сәлем бергізеді, Ал театр ең алдымен анасы Ұлжанға сәлемдестірген. Бәлкім режиссердің айтпақ өзіндік ойы бар шығар, бірақ қазақ халқында шаңырақтың иесі  әке емес пе еді?!  Ол – бір!                                        

Екіншіден,  қойылымның басым бөлігі  диологқа құрылған.  Біз білсек драма – әрекетке құрылған жанр.                                                             

Сондай-ақ, оқиға желісі тым қысқа, Абай образын 20-30 беттік  туынды арқылы ашып көрсете қою оңайдың ісі болмас.    

Шығарманың кемшілігі мен жетістігі қатар жүргендей. Көркем туындының ұтымды бір образын сомдаған актрисалардың қатарын  - Лидия Каденова бастап,  көзге жарқ етіп көріне кетеді. Оның өз бейнесіне ұтымды әзіл мен юморды сәтті қоса алуын атап өтпеске болмас. Актриса көшін Ақбота Қаймақбаева, Жанар Мақашева, Нұргүл Мыңғатовалар жалғайды. Нұргүл Мыңғатованың сомдаған бейнесі жайлы да ерекше айта кеткім келеді. Негізгі интриганы жасап отырған да осы актриса болып көрінді.  Театр сахнасында өзіндік дебют жасаған  Оспанның ролін сомдаған актер де қалың көпшіліктің көңілінен шығып, ыстық ықыластарына бөлене кетті.  М. Әуезов жазған «Абай жолы» романы айтар ойы күрделі, қомақты туынды. Оны театр сахнасында көрсету де оңай болмас еді. Дегенмен де, Оспан секілді бейнелер көрермен қызығушылығын арттыра түскендей әсер берді.

данаДана СЕРІКОВА, продюсер мамандығының студенті: «Телғара» спектаклі «Абай жолы» романының 1 бөлімінің  желісі бойынша қойылған екен.

 Жақында  Құнанбай фильмін көрдік. Ол жерде Құнандайды  басқа қырынан, мейірімді адам ретінде  көрсеткен болатын. Ал, спектакльде – сол баяғы есімізде қалған қатыгез Құнанбай.  Абай да кітапта тұйық мінезді, салмақты бала болса, бұл жерде ашық - жарқын, көңілді. Мұны режиссерлік ұтымды шешім деп бағалауға болатындай...

Спектакль қоғамдағы әке мен бала,  әлеуметтік, тұрмыстық жағдай, өтірік жала жабу сияқты мәселелерді қамтыған. Әрбір әке балаларына деген махаббатын әр түрлі көрсетеді.  Құнанбай балаларын өзінен кішкене алшақтау ұстайды, жанына жақын тартпайды. Суық мінез көрсетеді. Мысалға, кішкентай баласы Оспан келгендегі оған айқайлап ұрысқаны, ол да өзінше бір тәрбиенің түрі іспеттес.

Менің ойымша,  спектакль қызықты. Бірақ, қандай да бір үлкен ерекшеліктерді көре алмадым. Сахнада – сол баяғы бәрімізге аян Абай. Қазіргі уақытта әкесінің бетінен алып, жағаласа сөйлеген жастар көбеюде. Бұл тұрғыда – тәрбиелік мәні жағынан ойландыратын спектакль.

      шынгысШыңғыс МАМАН, драматургия мамандығының студенті: Ұлы Абайдың өміріндегі осы бір оқиға, әр түрлі көзқарастарға толы. Жақында ғана шыққан «Құнанбай» фильмінде Құнанбайды ақтап, Абайдың жасын кішірейтті, ал «Телғара» спектакльінде «Абай жолы» романындағы оқиға көрсетіледі. Оқиғаның негізгі себепшілері «Қодар мен Қамқаның жақындастығы», яғни, келіні мен қайын атасының күнәсі. Спектакльдің ұтымды жері болған оқиғаның жинақылығы, кейіпкерлердің аздығы. Бір деммен басталады да шарықтау шыңына солай жетеді. Бар оқиғаны бес көрініске жинақтай алған.

     Тағы бір ерекшелік Абайда жан бар. Нағыз тірі Абай. Абай бірден ғұлама болған жоқ, жастық шағы болды. Сол сәттерін жақсы бере білген. Абайдың жеңгелерімен ойнауы, әжесімен әзілі Абайдың образына әр берді. Құнанбайдың образы, фильмдегі Құнанбайға сыртқы келбетімен ұқсайды. Ішкі жан-дүниесі романдағыдай. Спектакльде бастан аяқ жүретін соқыр мен керең атты екі кейіпкер. Бұл режиссерлік немесе драматургиялық шешім, халықтың образы. Оқиғаның басы осы екеуінің өсегінен басталды.

    Сахнадағы Қодар мен Қамқаның өлімін көрсетуі сәтсіз шыққан. Әрине сахнада көрсету қиынырақ. Бірақ салақтаған өркештегі екі дене өте талғамсыз көрінді. Өлім емес, келеке  секілді. Бұл келеке немесе іштей қынжылу болғанын тарихты анықтасақ қана шешеміз. Актерлік ойын дәл шыға алған жоқ. Абай мен Оспанның рөлдерінде шынайылық бар, актерлік ойынның сәтсіз болуы драматургиядағы ойынның кішкентай бөлшектері болмағаннан шығар. Жалпылай еңбек бар, ой бар. Бірақ ойдың ескілігі, бәріне жаттандылығы. 

 

данаДана ӘМІРБЕКОВА, кинотанушы: Аталмыш спектакльде қоюшы режиссер Қодар мен оның келіні Қамқаның жазықсыз айыпталып,  өлімге кесілгенінің куәгері болған  небары он төртке қараған бозбала Абайдың өмірдің қаталдығымен алғаш рет бетпе-бет келген сәтін суреттеуге тырысқан. Әрине, Абай бірден ғұлама болып туылған жоқ. Сол себепті Телғараның Абай болып қалыптасу жолын көрсетуді көздеген  режиссердің дәл осы оқиғаны алғаны өте ұтымды шешім.  Себебі, болған оқиға бұған дейін анасы Ұлжан мен Әжесі Зеренің аяулы алақандарының жылылығын ғана сезініп, жеңгелерінің мейіріміне бөленіп, жамандықтың не екенін білмей   өскен Абайдың жанын азап отына лақтырып тастағандай, әпсәтте балалық шаттығын су сепкендей сөндірді. Әке жүрегінің қатыгездігін қабылдағысы келмеген бала Абайдың ар азабы тән ауруымен ұласып, бұл өз кезегінде дана Абайдың қалыптаса бастауына әсерін тигізгені хақ.

Костюмдері заман келбетіне сай таңдалған аталмыш қойылымда актерлік ойын жоғары деңгейде болды деп айта алмаймыз. Себебі,   жүрек сүзгісінен өткізбей, жалаң текстті автоматты түрде қайталап тұрғандай әсер қалдырған әртістерге нанымдылық жетіспеді. Әрине, барлық актердің ойыны өз деңгейінде шықпады деу де ағаттық болар еді. Киелі сахнаға алғаш шыққанда кішкентай бала түгелі  ересек адамның өзі жүрексінетіні әмбеге аян. Осы тұрғыда  көрермен қауым алдында өзін еркін ұстап,  Абайдың шатақ мінезді құяңқы інісі Оспанның рөліне бар болмысымен еніп,  кейіпкер мінезін дәл жеткізген жас актер көрерменнің көзайымына айналды.

дидарДидар МҰРАТ, драматургия мамандығының студенті: «Абай жолы» романының «Қайтқанда» бөлімінің сахналанған нұсқасын тамашалап отырып, кітаптың өзін оқығандай күйде болдық. Олай дейтін себебіміз, түпнұсқадан айна қатесіз көшірілгендігінде болып тұр. Жалғыз өзгеріс, ол – Абайдың есімі Абай емес, Телғара деп аталуында. Ол Абайдың өз шешесінің қойған аты болатын. Тағы бір байқалған өзгешелік – кітаптағы Абай мен спектакльдегі Телғараның образы. Мұхтар Әуезовтың тыңнан сүрлеу соғылған «Абай жолы» романында басты кейіпкер бейнесі барынша салмақты түрде бейнеленген. Ал режиссердің сахналауында, басқа Абайды көрдік. Қоюшы режиссер өскелең ұрпаққа өнеге болар Ұлы Абайды сахналап, көрерменге дәріптеу жолында алған бағыттары дұрыс деген пікірдеміз. Театр ұжымына бұдан кейінгі жұмыстарынан жаңалық күте отырып, сәттілік тілейміз!

 

Дайындаған Айдана АЛАМАН