Өскемен құрамасы: «Финалға жетіп үздіктердің қатарынан көріну біздің басты мақсатымыз!»

Өскемен құрамасы: «Финалға жетіп үздіктердің қатарынан көріну біздің басты мақсатымыз!»
жеке
блог

Жайдарман ойындары жастар арасында үлкен маңызға ие болған жоба екені даусыз. Себебі, аталмыш ойынға деген жастардың қызығушылығы басым.

Бүгінде сахналанып жүрген әзілдердің сапасы мен мағынасы бастапқы жылдармен салыстырғанда жоғарылағанын айтады көрермендер де.

– Жайдарман біз сияқты жастарды тілді құрметтеуге шақырады. Қоғамда екі тілді араластырып сөйлей беретін жасөспірімдер көбейіп келеді. Сондықтан, сол жастар келіп, Жайдарманды көрер болса, тілге деген құрметтері артар еді, - дейді астаналық Алма Шынболатова.

Ал, Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың 4 курс студенті Диас Дәуренұлы есімді жігіт Жайдарман ойындарында Өскемен құрамасының ойындары ерекше ұнайтынын айтады.

– Бұл команда менің есімде «Жау шапты» әзілімен қалып қойыпты. Болашақта мен Өскемен құрамасына Жайдарман ойындарында тек сәттілік тілеймін. Биылғы маусымда жеңіске жетулеріңізге тілектеспін, - деген ақжарма ниетін де жасырмады Диас Дәуренұлы.

Әрине, ағымдағы жылы «Тарихта қалай қаламыз» маусымы аясында барлық командалар ең үздік деген әзілдерін ұсынып жүр. Сондай қағытпа қалжыңдарымен көрерменнің ерекше ықыласына бөленіп жүрген топтың бірі – Өскемен құрамасы туралы айтпай кету мүмкін емес. Жақында, аталмыш топтың мүшелерімен әңгімелесіп қайтуға мүмкінді туған еді.

Сырт қараған көзге бұл команданың татулығы бірден білінеді екен. Себебі, команда мүшелерінен «Жайдарман дегеніміз не өзі?» деп сұрағанымызда, олар бірден еш мүдірместен: «Алдымен Жайдарман - достық пен татулықтың ордасы. Екіншіден, ол әзілдің ортасы» - деп жауап қатты бір үйдің баласындай. Аталмыш топтың капитаны Жарқын Қалибековке «Жеңіске жету үшін не қажет? Және де осы маусымда басты қарсыластарың ретінде санайтын командаларың бар ма?» деген сауал қойғанымызда: – Жеңіске жету үшін команда мүшелерінің өз-өздеріне деген сенімі қажет. Сонымен қатар оларға сапалы әзілдер ауадай керек. Ал қарсыластарға келсек, командалардың бәрі мықты, осалы жоқ, - дейді Жарқын Қалибеков.

Осы орайда көпшіліктің ойында жүрген «Сахнада сиқырды қолдануға бола ма? Оған басқа команда ойыншыларының көзқарасы қалай?» деген сауалды қоюды да ұмытпадық.

– Сиқырды жақсы қабылдайды, егер керек кезінде әзілмен байланыстырып пайдалана білсең, - деді команда ойыншысы Шалқар Мұхамғалиев.

Топ құрамы Өскемен мен Семей қаласынан жиналғандықтан Жайдарманға дайындалуға уақыттың кейде тапшы болатынын да жасырмады. Сондықтан сахнада импровизацияның көп жасалатынын айтады. Десе де көптеген командалардың ғұмыры уақыт пен демеушіге байланысты екені жасырын емес. Сол себептен де осы орайда аталмыш командаға демеуші болатын мекемелер бар-жоқтығын да сұрауды да жөн көрдік.

– Осы уақытқа дейін командамызға Өскемендегі A_event агенттігі демеушілік жасап келеді. Сондықтан біз сол агенттікке алғыс айтамыз. Сондай-ақ, Өскемен Квн филиалы да қолдарына келгенше көмектерін аянып жатқан жоқ, – дейді команда ойыншысы Қуаныш Шаймардан.

Өмір бойы Жайдарман ойнап жүре беру мүмкін емес. Сондықтан да жігіттердің алда қандай жоспарлары қандай? Болашақта өздерін қай салада көргілері келетінін де сұрадық.

- Ол енді әркімнің бағына байланысты. Мысалға, Жайдарман ойнап, шоу бизнеске кетіп жатқандар бар. Және өз мамандығы бойынша қызмет жасап кеткендер де жоқ емес. Бәрі уақыттың еншісінде, - деді Жайдарманшылар.

Сөз соңында жігіттер: «Жайдарман - бұл жайдарлы көңілде жүретін адамдардың сүйетін өмірі десек қателеспеспіз», - дейді. Сонымен қатар, Өскемен құрамасының ойыншылары облыс әкімдігінен қаржылай қолдау болса деген ойларын да жасырып қалмады бұл күні.