Жанар

Жанар
жеке
блог

Жанар

Жылауық бұлт жылағанда жасқанып,
Тамшысынан сынады екен тас та алып.
Көкке ұзақ телмірем деп сезбеппін,
Кеткенін де жанарыма жас тамып.

Мына жанар, бұл ақынның жанары,
Тимеңдерші, мен үшін ол бағалы.
Ол жанардан қасіреттің қанымен,
Бәз бақыттың тамшылары тамады.

Мен көргенді көрмейсіңдер күншілдер,
(Көргеніме мін айтардай кімсіңдер?).
Ардың жайын айтасыңдар бүлк етпей,
Ақ қағаздан ақты көріп жүрсіңдер.

Қалқам сенің тым алдамшы көздерің,
Өрт боп түстің өзегіне өзгенің.
Бірақ, менің жанарымның отына,
Күйіп тұрып сүйгеніңді сезбедің.

Досым сенің айтатының баяғы үн,
Мүсіркейсің жә-жә көндім ая мың.
Қара жерді басып тұрған алдымда,
Жанарымда тайып кетті аяғың.

Жалғанның да көріп біттім айласын,
Соқыр етсін мейлі, матап байласын.
Беу, өмірдің шар айнасы сен менің,
Жеңе алмадың жанарымның айнасын.

Шынның шырқы келер екен қашанғы,
Паналадым жалған сенің тасаңды.
Мақтаулар да, даттаулар да мына бір,
Мәнісі жоқ бәрі сондай жасанды.

Өліп кетті хақты айтқандар қараңдар,
Себемін деп ары кеткен ғалам АР!
Ақиқаттан қорқатындар көзәйнек,
Көз ішінен тағып алған адамдар!

Безіп кетем, қажып кетем өзімнен,
Қалды ма екен титтей болсын төзім нең?!
Көрмейтінді көріп қойып бір күні,
Өлем бе деп қорқып жүрмін көзімнен...

Жанарым-ай, бағалым-ай мендегі,
Маған ауыр естеліктер сендегі.
Топырақ кеп құйылса да көзіме,
Жұбата алмай қалар ма екен көр мені...

21.03.2015