Қара қыз

Қара қыз
жеке
блог

Терісін тірідей сыпырып жатса да, "қыңқ" етіп дыбыс шығармайтын түз тағысындай телефоным да сенен келер хабарды қызғана түсіп, бар демін ішіне тартып, сазара дыбыс бермеді.

Иә, өзің айтқандай емес, телефон экранынан сенің нөмірің көрінбеді. 

Неге?

Білмедім...

Жасыл қалпақ астынан жасырына, жаутаңдай қараған жанарыңда жасырынып жатқан нендей сезім еді?..

Кешегі би кешінде бұраңдаған беліңмен бейілімді алып, жал еткен жанарыңмен жүрегімді селт еткізген шағыңда, қараңғылықты қақ жарып қыдырып, құлаған қайың үстінде құшағымда отырған шағыңда, жаңбырлы жаздың кешінде қолшатыр астында қол ұстасып құдырып, серуендеп жүрген секунттарда сен кетіп қалып, қарға адым көрінбес қараңғылыққа қамап кетеріңді біліп пе едім?

Білмедім ғой...

Білетінім, мынау, қолыңда қобырап, қара сиямен қаріптері қатарластыра тізбектелген қос қағаз өзің сыйлаған күнделігімнің беттері. 

Ал менің күнделігімнің әр беті құнды. Әр беті өмірімнің жаңа парағы, жаңа белесі іспеттес. Күнделігімнің бір бетіне өз атыңды жанарыңмен жазып қалдырып едің. Сол өз есімің жазылған бетті жыртып алып, жыраққа әкетіп бара жатқандайсың. Жыртылған бетте жүрегім кетті.

"Сағындым, сүйем" деп жаттанды сөздермен, жүрегіңді айнытқым жоқ.

Тек қана өз есімің жазылып, өз қолыңмен жыртқан күнделігімнің бетін өз қолыңмен әкеп берсең екен. Күнделігімнің әр беті өмірімнің әр күніндей ғой. Ал оны жыртып әкете берсе аз ғана ғұмырымның несі қалар еді???

Айтшы маған, қара қыз???