Ғаламтор саудасы: Төлем картасын таңдау

Ғаламтор саудасы: Төлем картасын таңдау
жеке
блог

 Төлем картасын таңдау

Интернет-дүкендер мен аукциондардың бәрі дерлік төлем карталарын қабылдайды. Ал карта қабылдамай, тек электронды ақшаға сауда жасайтын фирмаларға үлкен күдікпен қарау керек. Алғашқы кезде оларға тіпті жоламаған жөн. Өйткені мұндай дүкендердің төлем карталарын қабылдамауын банк жүйелерінің, салық мекемелерінің тексерісінен өтпегендігінің белгісі деп біліңіз. Олардың бәрі де өтірік дүкен деуден аулақпын, Webmoney секілді электронды ақшамен ғана сауда жасайтын өте сенімді ресейлік сайттар толып жатыр. Бірақ сақтықта қорлық жоқ. 

Яғни, интернет-сауданы үйрену жолындағы алғашқы қадамымыз - төлем картасын таңдау.

Төлем карталары Бүгінде Қазақстан банкілері төлем карталарының небір нұсқаларын ұсынып отыр. Бағалары да, қолдану шарттары да, тұтынушыға беретін мүмкіндіктері де алуан түрлі. Білмейтін адамға бірден таңдай қою оңайлыққа түспейді. Өзім дәл сондай дымбілмеспін. Сондықтан бірсыпыра форумдардан мәлімет іздеп, оншақты қазақстандық банкілердің сайттарын ақтарып, олардың карталары мен тарифтерін салыстыра отырып бір шешімге келгенімше бірнеше сағат уақытым кетті.

Өкінішке орай өзім әбден үйреніп алған, бұрын ай сайын стипендиям, ал енді болса жалақым түсіп тұратын Visa Electron-ым ғаламторға жарамайды екен. Сонда Visa Classic секілді несие картаны немесе тіпті одан да қымбат Gold түрін алуға мәжбүр болғаным ба? Әрине, ондай қымбат карталарды шетелдік дүкендер қуана-қуана қабылдай береді, бірақ бір жылдық ақысы мындаған теңге болатын картаны алғым келмеді. Маған керегі интернет-төлемдерге жарамды, қауіпсіз және арзан карта ғой. Сондықтан несие карталардан бас тарттым. Әрі несие картасының нөмірін ұрлатып алсаң, кардерлер (карта ұрылары) еңбек теріңмен тапқан ақшаңды алғаны аздай, қарызға да батырып кетуі мүмкін.

Дүниежүзіндегі барлық төлем карталарының 26%-ға жуығы MasterCard үлесіне тисе, 57%-ы VISA төлем жүйесіне тиесілі екен. Осы көшбасшы екі жүйенің әрқайсысының ғаламтордағы есеп айырысуға арнап шығарған виртуалды карталары бар. Олары Visa Virtuon мен MasterCard Virtual. Екеуінің атқаратын қызметі де, қолданушысына беретін мүмкіндіктері де бірдей. Маған керегі осы екеуінің бірі.

Бұл карталар мына секілді логотиптер қойылған кез-келген сайтта еш шектеусіз қабылдана береді.

VISA белгісі MasterCard белгісі

Ал мынандай логотиптер тұрған сайттарға сенім әлдеқайда жоғары. Неге екенін кейін жазармын.

Verified by VISA белгісі MasterCard SecureCode белгісі

«Еш шектеусіз» дегенім сәл артықтау болып кетті, өйткені кейбір шетелдік интернет-дүкендер тек өз елінің банкілері шығарған карталарды қабылдайды. Басқаларды менсінбейді. Менсінбесе менсінбей-ақ қойсын, керек еді - басқа дүкендер де толып жатыр.

Сонымен виртуалды карталардың басқаларынан айырмашылығы неде?

Виртуалды карталар тек ғаламтордағы есеп айырысуға және каталогтар бойынша зат сатып алуға ғана арналған. Оларда магнитті жолақ пен чип болмайды, карта иесінің қолы қойылмайды. ПИН-коды да жоқ. Яғни виртуалды картаны кәдімгі дүкендерде қабылдамайды. Ол арқылы қонақүйлерде орын брондауға немесе көлікті жалға алуға болмайды. Банкоматтар да оның не екенін ұқпай түкіріп тастайды. Былайша айтқанда мұндай карталар сыртында керекті мәліметтер жазылған жәй ғана бір жапырақ пластик немесе қатырма қағаз. Шындап келгенде тіпті сол картаның өзі де керек емес, өйткені оны сатушыға көрсетпейміз, қолына ұстатпаймыз. Ең бастысы аты-жөнің, картаның нөмірі, жарамдылық мерзімі, CVV2 немесе CVC2-кодын (қосымша қауіпсіздік үшін керек) білсек болғаны. Виртуалды десе виртуалды, нағыз елес карта.

Бірақ осыншама шектеулеріне қарамастан виртуалды карталар басқаларына қарағанда әлдеқайда қауіпсіз. Әрі интернет-төлемдерге жарайтын карталардың ішіндегі ең арзаны.

Ғаламтордағы қаржы қауіпсіздігіне келесі бір жазбамда кеңінен жеке тоқталармын, маңызды тақырып қой. Оны өздігімнен ізденіп те, интернет-саудамен айналыса тісі сарғайған тәжірибелі таныстарымның пікіріне жүгіне отырып та ашуға тырысам.

Айтпақшы, картамның валютасын анықтауым керек. Біздің банкілер виртуалды карталарды теңгемен, АҚШ долларымен немесе еуромен істейтін етіп аша алады. Маған долларлығы жиірек керек болады, себебі нысаналарым eBay-аукционы, Америка және Қытай дүкендері. Ал Еуропадан бірдеңе алатын болсам бір-екі тиімсіздеу конвертация жасай салармын, онда тұрған ештеңе жоқ.

Сөйтіп, долларлық виртуалды карта ашатын болдым. Енді келесі жазбамда банк таңдаймын.

Жалғасы: Банк таңдағаным туралы

Алдыңғысы: Сөз басы