Ең соңғы Бетховен

Ең соңғы Бетховен
жеке
блог

     Араларыңызда таңның атқанын емес, атып келе жатқанын көрген жұмыр басты бар ма? Қара мақпалдай түнгі аспан сетінеп, соңғы жұлдыздар сөніп, көкжиек қызыл түстің сан түрлі реңіне боялған шақтағы санаулы минуттарының тәтті дәмін татып көрдіңіз бе? Жауабыңыз "ия" болса, құттықтаймын, сіз де мен секілді есуастардың қатарынансыз. Себебі " дұрыс" адам мұндай сәттерді босқа өткізбей  я төртінші түсін көріп жатады, я бүгін жұмысқа киетін қоңыр жидесін іздеп әлек. 

     Әдеттегідей, бір  шынаяқ  шәйімді алып ,терезенің алдына жайғастым. Таңның атуы секілді ғажап құбылысты  пендесіне сыйға тартқан жаратушымыздың шеберлігіне , жомарттығына тамсанып, ойға көміліп отырып ,шынаяқты да құрғатып үлгеріппін.Көк қойын дәптерімді қолыма алып парақтай жөнелдім. Бұл маған өткенге сапар шегетін сиқырлы портал іспеттес болып алғалы қашан. 

      Дәптерге ұлт данышпаны Абайдың қара сөздерін , Мағжан, Сәкендердің әдемі өлеңдерін, өзге де Ганди , Тереза ана секілді дана  адамдардың пікірлерін,   философиялық ойларды жазып алғанмын. Парақтай отырып соңғы беттердің біріне тоқтадым. Парақтың ортасынан тұнжырап қарап тұрған алба-жұлба кескін көрінді. Қабағын тастай түйіп, шаршаңқы жанарын қадап тұрған бұл - Людвиг ван Бетховен. 

/userdata/uploads/u64551/1418476272_l.jpg

      Бұйра қара шаштары келбетіне арыстанның айбарлығын беріп тұрған Маэстроның  бейнесінен төменірек оның ең соңғы хатын жазып қойғанмын:

"Мәңгі ғашығыма

 Періштем...  Барым... Өмірім... Қажеттілік билеген заманда, мынау неткен мұң дерсің. Өзімізді құрбан ету жолымен ғана, мына махаббатты сақтай алғанымыз ба? Неліктен? Сен ешқашан мендік, мен сендік болмайтын ащы шындықты, рас, өзгерте  алмағанымыз ба? Неткен өмір! Сенсіз... Тым жақынсың! Тым алыстасың! Сен дегенде... Тұтас қайғы! Құрғамас жас... Сен деп қана... Тек сен деп..

Өмірім, барым менің..."

      Бұл хат сол күйі иесіне жетпепті, тіптен жолданбапты да. Хат , әуелі Бетховенның жүрегін жаулап,  кейінірек жас әрі жеңілтек графпен көңіл қосқан, жоғарғы қоғамнан шыққан Джульетта Гвиччардиге арналған деседі. Ол аруға аталмыш хат қана емес, керемет мұңды туынды "Ай сонатасы " да арналған. Бетховен сонатаны Джульеттаға деген нәзік махаббат сезімімен бастап, сүйіктісі өзгемен кеткенін естіп, жан шыдатпас ауыр халде, қайнаған ызада, реніште, жүректі тілімдеген қызғаныш сезімінде отырып аяқтаған. Ол тауқыметі аз дегендей өмір өрнегін өнермен өріп, музыкамен ғана тыныстаған шағында, Бетховенның есту қабілеті төмендеп, керең болып қалады. Соған қарамастан ол керемет, құнды туындыларды жарыққа әкелді. 

маэстро

 ... Күн ұзаққа кеудем ауырлап, өңешімде тұрған тас түйнектен айырыла алмай қойдым. Әлде ауа райының әсері ме... Әлде жүрегімнің әр клеткасын "Ай сонатасының" ырғағында тербеткен  ұлы музыканттың тағдыры ма...  Мынау ақша мен атақ билеген қатал заманда Бетховенше шын сүйе алатындар бар ма екен өзі ? Бар болса қайда? Ең соңғы Бетховен кім екен? Қайда жүр?....

 

 

Бетховенның ғашығы

 

Бетховенның қолтаңбасы

 

P.S. Ұлы музыкант дүние салған соң, сөресінен  белгісіз шебердің қолынан шыққан "Мәңгі ғашығының" кішкентай портреті  және жолданбаған соңғы хаты табылыпты.