Мен білетін Оразалы, сіз білетін Оразалы...

Мен білетін Оразалы, сіз білетін Оразалы...
жеке
блог


Шатаспасам 4-сынып оқып жүрдім. Оразалы аға Қарағандыға әкеммен келіп су жаңа ақ ауди көлігін сатып алды. Өзі қатты риза. Ақын болған соң ба әкемнің айтуынша тым көңілшек кісі екен, сол кездері көңіл күйі түсіп іштей дертті боп жүргенде бойын сергіткісі кеп біздің жаққа алып кетіпті. Жаз айында, ауылға апардық, ауыл жұрты тоймен қарсы алды, құрметтеді... Ал күздің бір күнінде таңда әкем мен анам қатты қайғырып қиналды, сол кезде білдім, елдің елеулісі боп жүрген ағам дүниеден өтіпті. Мен әлі кішкентаймын. Дегенмен көз алдыма сол жаздағы жайдары бейнесі келіп қимастықтан жылап қалдым, қолымда көтеріп тұрған сіңілімді сусытып түсіріп алғанымда сезбедім. Бала жүрегім бірден Ораз ағаның екі баласын ойлады, Нұрайша мен Нұрсұлтанды ойлап ішім удай ашып кетті. Ажар тәте ше, ол кісі де жақсы еді, жалғыз қалды ма деп тағы күрсіндім. Сонда жасым 10-ға келмеді әлі. Ол кісінің атағын да абройын да білмедім, мен үшін жүзі жылы, қалжыңмен сөйлейтін, мейірімді кісі көз жұмды деп ойладым. Тіпті отырып "Оразалы Досбосыновқа" деп хат жазғаным да есімде. кейін білдім, ұлы, өр тұлға... Қазақтың айбыны, абройын асқақтатқан нағыз рухы биік азамат екен. 7 жылдық еске алу кеші өте керемет өткен, студенттер сарайындағы барша жұрт ботадай боздап отыырп құлындарын еске алды, теледидардан көргендер де жанарлдарына жас алып мұң кешті. Ораз аға-ау, Алла сіздге және ұрпағыңызға мейірім нұрын төксін. Ел есінен мәңгіге өшпес ардақты аға, жаныңыз жәннәттық болғай...


Өтерсің жалған бес күнім,
Армансыз сенен өтті кім?!
Айтайын, жұртым, естісін,
Тумайды бұндай көп күнім...
(Оразалы Досбосынов)

"Айтыстың алхимигі", "Құлмамбеттің құлдыраған құлыны"... Айтыс өнерінің ақтаңгері болып аты алтын әріппен тарих сахнасында мәңгі қаларлық орыны бар дүл-дүлімізден айрылғанымызға осымен 10 жыл толды. Көптің көкейінде қабырғаларын қайыстырып бара жатқан өкініш пен өшпес естеліктер ғана қалды. 2004 жылдың қазанының соңғы күндері Ораз ақынның да өмірінің ақырғы сәттері болып, 30-қазанда асыл азаматымыз Алматы маңы тасжолында көлік апатында көз жұмғантын.

Оразалы Жарылқасынұлы Досбосынов – 1975 жылы қарашаның он бесінде Алып Алатаудың қатпарындағы Райымбек ауданына қарасты Текес ауылында дүниеге келген. Он екі ұлдың кенжесі, мектеп жасынан-ақ томпаңдап қара домбырасын арқалап, жасынан көпшіліктің назарына ілініп, уақыт өте алты алаштың айбынындай болған айтыскер ақын. Өзіндік мақамы, елден ерек ойлауы мен ойын жеткізуі. Сегіз секунтта сегіз тармақ құрайтын суырып салмалығы, шыншылдығы, көзі ашық, асқан ұлтшылдығы талайды өз өнеріне бас идірген үлгі тұтар азаматқа айналдырды. 22 жасында бір кеште бес ақынмен айтысып азулы ақындығын барша жалпақ жұртқа паш етті. Сол шоқ жұлдызымыз бір мезетте көктен құлап, ғайып болды. Көңілдерде өшпес мұң мен естелік қалдырып, өзі арғы дүниеге аттанып кетті.

Негізгі ұстанымы – жан баласына жамандық жасамау, ешкімнің ала жібін аттамау, адал еңбек ету еді. «Біреудің көңіліне қарап, пікірімен келісу міндетті емес. Әркім өз оймен, өз көзқарасымен қалуы дұрыс», -дейтін. 

«...Ажалда көз жоқ деген ауыр сөзе тағы да көзіміз жетіп отыр.
Әйтпесе, отызға толмай жатып, есімі жалпақ жұртқа жақсы танылған, өмірге қайта келіп, өресі кеңейген айтыс өнерінің өрінен үні жарқын шыққан, жыр жалауын биіктен желбіреткен, тыңдаушыларының таңдайын қақтырып, жан жүрегін елжіреткен, елінің еркесіне, кестелі сөзің серкесіне айналған дер шағында Оразәліні іліп әкетер жөні жоқ еді ғой, ажал деген көзсіздің.

Көрініп көктен ой көшіменен,
Өлеңнің аппақ жейдесіменен.
Жанып ең, қарғам, қайтейік, енді,
Жұртыңмен қалар сөйлесіп өлең....»

Ақын Ораз, асыл Ораз дүниеден өткенде омырауларын жас жуған үзеңгілес достары, аға-інілері бір-бір жырмен қимастықтарын білдіріп еді:

Ақынынан айырылды Алашым
Балғынбек Имаш
Айналайын атыңнан, ақын Ораз,
Боп кететін сен шықсаң сахна жаз.
Біреулер асқарды алып асқақтаса,
Біреулер зорға шыққан шоқыға мәз.

Сан биікті сен болсаң бағындырдың,
Өзіңе емес, сөзіңе табындырдың.
Құлмамбеттің көзіндей көріндің де,
Сүйінбайдың сазындай сағындырдың.

Ақ жолыңда кездесіп қара жолақ,
Қинады ажал қазақты қазаға орап.
Қыршыныңнан қылыштай қиып түсті-ау,
Адам қонақ болғанда, ажал – орақ.

Дара шауып сан топты жеке жардың,
Дәм таусылса фәниден өтеді әркім.
Оқымаққа жырыңды қалдырдың да,
Топыраққа айналып кете бардың.

Ажалға да қимайтын қыршын жанды,
Жүрегінде алаштың тұрсың мәңгі.
Бір ұлынан айрылып жұртың қалды,
Құлынынан ажырап Жүрсін қалды.

Қыл сыймаған сөзіне атаң ғажап,
Тартқаныңды таныды ел мақамнан-ақ.
Боз даланы боздатып бай-байлады,
Құлагерден айрылған Ақан – қазақ.

Дала туған дарабоз дарын Ораз,
Арсыздықпен еді ғой жаның араз.
Теңіз сынды таусылмас жырыңды енді,
Сегіз түрлі жұмақтың бағына жаз!

Нұр шашып едің...
Сағатбек Медеубеков
Найзағай көктен шаншылды жерге,
Көмді елім жастай қанша ұлды көрге?
Есіме алсам солардың бәрін,
Жаралы жүрек шаншыды менде.

Қарағай, шырша егіліп мұңды,
Көзінен моншақ төгіліп тұрды.
Жас емен тура келген ажалға
Тұра алмай қарсы, жеңіліп, сынды.

Қолында бір шоқ қырмызы бар-ды,
Басыңа қойып бір қыз жылады.
Ерекше жанып түнді тірілткен,
Сен болып көктен жұлдыз құлады.

«Бір адам кетсе, бір жұлдыз ағады»,
Деуші еді қырдың қырғыз, қазағы.
Қазақтың бәрін қайғыға жыққан
Көтере алмай тұрмыз ауыр қазаңды.

Мұзарттан шыққан қысқа бұлақты,
Тағдыр аунатып тасқа құлатты.
Жердің жанарын мұңға толтырып,
Көктің кірпігін жасқа бұлатты.

Хан Тәңірінен төгілген жырды,
Құйып ап елің егілген мұңды.
Жүректен жұртқа нұр шашып едің,
Көрсе екен жаның төріңнен нұрды.

Қазадан кейінгі наза
Жарас Сәрсек
Жасымды жалған дүниеден
Жасырып, жаным, жыладым,
Қаусатып қабырғаларды,
Шашылып, жаным, жыладым.
Көп ішіндегі Азым деп,
Аз ішіндегі Көбім деп.
Көрпемнің астын көр қылып,
Басылып, жаным, жыладым.

Бұрын да талай өксігем,
Өзегімді өртеп сан қайғы,
Өкшелеп қуып келеді ол,
Соңымнан тегі қалмайды.
«жақсысы бір күн жетер-ді
Жаманы күннің кетер-ді»
Дегенге сеніп келген ем,
Бәрі де, бәрі алдайды.

Қайғыға малып өмірді,
Қайранда қалып кетеміз.
Құлқынын жыртпай көрлерлің
Кезекпен еніп келеміз.
Тіл қатшы, тыңдап бағайын,
Құрығы ұзын құдай-ау,
Үзіліп кете береміз,
Үздігіп жүріп неге біз?!

Біз деген бір-бір бұтақпыз
Деп тұрған әзер сынайын.
Бәрін бер меің басыма,
Бәрін бер тегі шыдайын.
Азымды азайтпайыншы,
Көбімді көбейтпейінші,
Ажалға «қой» деп қойсаңшы,
Бір мезет енді құдайым.

Жұбайы марқұм Ажар сағындым сені деп жүріп, көп ұзамай өзі де дүниеден озды. Ендеше, сол сағынышымызды бірге жырлайық... 

"САҒЫНДЫҚ СЕНІ..."
Айдынға аққу-қаз оралды,
Сағындық сені...
Жайнады, дүние-жаңарды,
Сағындық сені...
Жаз өтті, жапырақ тоңалды,
Сағындық сені...
Ақ қайың ақ мамық оранды,
Сағындық сені...

Күн батты, таң атты тағы да,
Ем таппай жаралы жаныма,
Жоғыңа сенбестен қарайлаймыз жолыңа.
Сен бе едің ертегі аралы,
Дертімнің таба алмай амалын,
Таусылып ішінен барамыз-ау, барамыз.

Ақ қайың арылды ақ қардан,
Сағындық сені...
Сандуған сайрайды бақтардан,
Сағындық сені...
Елесің жоқ болған тәтті арман,
Сағындық сені...
Келесің, жаным, қай жақтан,
Сағындық сені...

Ақпараттарды жинақтап дайындаған - Адамқұл Айдай