- Негізгі бет
- Психология
- Түс көру. Қандай...
Түс көру. Қандай түс көрдіңіз?
Сөздікке жүгінер болсақ, түс дегеніміз – ақиқат әлеміне кең ашылған есіктен бұрын болып кеткен, я болашақта болатын оқиғалардың сол күні бірқатар нышандар арқылы тамашалануы, яғни жалпақ тілмен айтқанда, ұйықтап жатқанда көрінген тылсым белгілер.
Екі аяқты, жұмыр басты пенделердің арасында түс көрмегендер қатары жоқ болар, сірә? Шырт ұйқыдан ояна сала, түні бойы көрген түстерімізді жори алмай әбігерге түсіп жатамыз. Ерекше түс көре қалсақ, күні бойы өз-өзімізге келе алмай, айналамыздағыларға қайта–қайта айтумен болып, «Түс – тәңірдің аяны» дегенге сеніп, көрген түсіміздің ненің нышаны екендігін білуге асығамыз. Ал енді біреулеріміз «Түс – түлкінің тезегі» деп, қолды бір сілтеп, мән берместен жүре де береміз. Дегенмен, ақиқатқа айналып жатқан түстеріміз қаншама? Сондықтан, халқымызға тән салттарға сүйене отырып, сіздердің назарларыңызға түс жорудың бірнеше үлгілерін ұсынуды жөн көрдік.
Егер адам түсінде:
– Биікке немесе тауға шықса, жақсы. Ондай түс көрген кісі өңінде үлкен дәрежеге жетеді.
– Жақсы көйлек кисе, кісіге өңінде қуаныш әкелетін істің боларынан хабар береді.
– Өзінің өліп қалғанын көрсе, онда өңінде ұзақ жасайды.
– Кісі әйелдің қойнында жатса, онда өңінде оның дәулеті артады.
– Тыржалаңаш жүрсе, өңінде барлық қайғы-мұқтажынан арылады.
– Басына тәж кисе, онда ол өңінде байлыққа ие болады.
– Сүйікті адамдарыңның бірін құшақтау, бақытты болудың нышаны.
– Жылаған болса, өңінде қуанады.
– Аспанда тұрған айды көрсе, өте жақсы белгі, мұратына жетеді.
– Күнді көрсе, мерейі өңінде дұшпандарынан үстем болып, дәулеті тасиды.
– Жұлдыздарды көрсе, балаларының дәрежесі жоғары болады.
– Өзен көрсе, кісі өңінде үлкен олжаға, пайдаға кезігеді.
– Баққа кіріп, оны аралау,- жақсылықтың белгісі.
– Қызыл гүл көрсе, онда өңінде бай болады.
– Бал арасын қуып жүрсе, өңінде пайдаға жолығады.
– Өлген кісіні көрсе қорықпаған жөн. Егер ол адам сөйлесер болса, онда ол шындықты айтады.
– Суда жүзіп жүрген балықты көрсе, адам өңінде перзент сүйеді.
– Өзінің ұйықтап жатқанын көрсе, онда өңінде жақсы табысқа жетеді.
– Үйіне түскен ұрыны көрсе, онда ол өңінде табыс табады.
– Шашын алдыратын болса, онда ол өңінде кедейленеді.
– Керісінше шашы өсіп кететін болса, онда ол өңінде байиды.
– Үйленген болса, тілеп жүргеніне жетеді.
– Алтын көретін болса, онда оған өңінде дәулетті кісілер демеу береді.
– Жағымсыз иіс өңдегі жайсыз істің нышанын білдіреді.
– Қолын жуса, өңдегі мазасыздықтан арылу.
– Көпірден өткен кісі өңінде өзінің жақсы қызметін қалдырып, одан да жақсы қызмет істейді.
– Әлдекімді ұрып-соқса, онда дұшпанын кекетеді.
– Ақ, жасыл түсті затты немесе суды көрсе, жақсы нышан.
– Қара, қарақошқыл түсті затты немесе түтінді отты көрсе, жаман.
– Тісін сындырып алу – өңде досын жоғалтып алу.
– Ақ түсті киім кисе, онда ол бұл дүниеде де, о дүниеде де сый-құрметке бөленеді деген сөз.
– Сары түсті киім кисе, онда ол өңінде өз ісіне қарай бірде жақсы, бірде жаман жағдайда болады.
– Қызыл түсті киім кисе, онда ол өңінде ел билеген болады.
– Қара түсті киім кисе, өңінде қайғыға ұшырайды.
– Құс ұстап алатын болса, онда ол өңінде үйленеді.
– Кісінің басына құс қонатын болса, онда ол өңінде бір қызмет атқарады.
– Қыранды көрсе, дәрежеге ие болады.
– Көгершінді көрсе, өңінде оның ісі оңғарылады.
– Ақ қоян енсе, онда қыс қатты болады. Егер кісінің түсіне қара қоян енсе , онда қыс жайлы болады.
– Ит қабатын болса, өңінде бір қатыгез адамның жаласына ұшырайды.
– Ас ішсе, өңінде мол дәулетке ие болады.
– Ет жесе, өңінде ішіп-жемінің көбейгенін көреді.
– Алма жесе, өңінде тілегіне жетеді.
– Балық ұстап немесе жеп жүрсе, өңінде дәулеті артады.
– Жылан қуса, әйелдердің арбауына түседі.
– Сақалы ағарса, ауруға ұшырайды.
– Үйі құлағанын көрсе, ұрыс-керіс болады.
– Пышақ қайраса, қауіп-қатер болады.
– Аттан құлап қалса, қатерге кездеседі.
«Түсті көруінен емес – жоруынан қорық» демекші, түсіңізді жақсылыққа жорысаңыз, жақсылыққа, жамандыққа жорысаңыз, жамандыққа қарай бұрылып кетуі мүмкін. Ең бастысы - түсімізді тек жақсылыққа жори білейік!
М. Оңғарова