- Негізгі бет
- 15 СӘУІР - 2012
- Махаббат сауалнамасы. 3-бөлім...
Махаббат сауалнамасы. 3-бөлім
1-сұрақ. «15 сәуір – Ғашықтар күні. Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күні» мерекесі жайлы не ойлайсыз?
2-сұрақ. Бала махаббатыңызды қай кезде кездестіріп едіңіз? Есімі есіңізде ме?
3-сұрақ. Романтикалық іс-әрекеттерге көзқарасыңыз. Дұрыс па, бұрыс па? Өз пейіліңізді білдіру мақсатында романтикалық іс-әрекеттер жасадыңыз ба? Әлде сізге тосын сый жасаған кездер болды ма?
Айжан Нүсіпова, «Сленг» тобының әншісі
1. Әр мерекенің өз тарихымызбен ұштасқанына не жетсін?! «Әулие Валентин» күні дегеннен гөрі «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» күні деген құлағыма жағымдырақ естіледі. Мысалы, ерлерді 23 ақпанда құттықтағанша, бізге 7 мамырда құттықтаған жарасады. Себебі, әр мерекені қисынсыз тойлай бермей, өз тарихымызбен байланыстыра отырып тойлағанымыз дұрыс.
2. Өнер адамдары әркез тәтті сезімді сезініп жүреді. Менің алғашқы махаббатым 8 сыныпта оқып жүргенде оянды. Жігіттің есімі есімде қалмапты, ол менен екі сынып жоғары оқыды. Бір-бірімізді сырттай таныдық, мен онымен сөйлесуге қорқатынмын, ұяламын. Соған қарамастан, бұл алғашқы махаббат жағымды әрі тәтті сезім болатын.
3. Әр күнімнің өзі романтика. Мына оқиға есіме түсіп тұр. Мені ұнататын жігіт ауруханаға түсіп, наркоздан енді оянғанда, «Айжан» деп менің есімімді атай беріпті. Тәтесі хабарласып, маған айтқанда, ерекше күйге бөлендім. Осы бір оқиғаның өзі оның маған сезімінің қаншалықты дәрежеде екенін дәлелдеп берді. Кейбіреулер анасының, әкесінің немесе басқа нәрселерді айтса, ол менің есімімді атады ғой...
Сосын мен түнгі Алматыны көлікпен, әдемі әуеннің ырғағымен аралағанды жақсы көремін. Бұл — ең әсерлі романтика. Өткен жылы Президент саябағында аспанға ұшырған әуе фонарьлары да нағыз романтика. Биыл бұл шара тағы ұйымдастырылады деп ойлаймын.
Ғабит Әбілдаев, «Мelo’Men» тобының әншісі
1. Ғашықтар күнінің көктем мезгілімен тұспа-тұс келуінің өзі мерекені ерекше сездіреді. Бұл мерекені кейінгі кездері тойлап жүрміз. Керемет етіп тойланбаса да, атап өтіліп жүр. Өзіміздің қазағымыздың осы мерекесін түбегейлі орнықтырып алсақ, жақсы болар еді. Қазірден бастап, бүгінгінің жастары, біздер ғашықтар мерекесін осы күні тойласақ, кейінгі буын үшін бұл кәдімгі үлкен мерекеге айналар ма еді деп ойлаймын.
2. 8 сыныптан бастап ғашық бола бастадым. Сол мектептегі махаббаттың бәрі бала махаббат қой. Ұнатқан қыздарым көп еді... Есімдері есімде қалмапты. Университет қабырғасына келіп, нағыз махаббат басталды.
3. Мен әлемдегі ең бірінші романтик адаммын. Өзім осылай есептеймін. Жақында бір қызға 21 раушан гүлін сыйладым. Сыйлықтарды жиі жасаймын. Ұнатататын қызымның шемішкені жақсы көретінін білетін едім. Туған күніне шемішкені әдемі қораптарға салып сыйлағаным бар. Көп қорапқа, бірінің ішіне бірін салып, әдемі лентамен орап, қасына гүл қосып бердім. Ол қорапты алғанда, үлкен бағалы сыйлық деп ойлады. Соңғы қорапты ашып, шемішкені көргенде, қуанды. Өйткені, мен оның ұнататын затын сыйға тарттым.
Тағы бірде көңілімді жаулаған ару төртінші қабатта тұратын еді. Үйінің сыртына гүлдермен есімін, сосын «Сен мендіксің» деп жазып кеткенмін... Бұл да менің романтикалық әрекеттерімнің бірі. Осы жылдың көктем айлары мен үшін нағыз романтика айлары болып жатыр...
Жігер Ауыпбаев, «Мelo’Men» тобының әншісі
1. Төл мерекеміздің болғаны дұрыс. Бізге 14 ақпанды тойлағаннан гөрі, «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» күнін тойлаған жарасатын сияқты. Қазір көп байқаймын, бұл мерекеге ерекше көңіл аударылып жүр. Тіпті, менің таныстарымның арасында 15 сәуірді күтіп, дайындалып жүргендер бар. Бұл мені қатты қуантады.
2. Алғашқы махаббат маған 9 сыныпта келді. Есімі — Әйгерім. Оған арнап өлең жазатынмын. Көп нәрсенің байыбына бара бермейтін шақ еді. Сонда да Әйгерімге ұнау үшін жағымды әрекеттер жасауға тырысып жүретінмін. Қыздар бірден жауап қайтара қоймайды ғой.
3. Қазір сүйіктіңе тікелей барып, сезімді білдіре салу қызық емес. Жастардың көбі сүйіктілеріне сүйетінін жеткізу үшін киноға немесе табиғат аясына шақырады. Үйленуге ұсыныс жасау үшін де түрлі әдемі әрекеттер жасалады. Менің романтикам — өлең. Сұлуды ұнатсам, өлең жазамын. Сурет салатыным да бар. Сосын өлеңді телефон соғып, оқып беремін. Салған суретті де сыйға тартатыным бар. Ал қыздың тарапынан маған жасалған романтикалық әрекеттердің біразын көрдім... Мысалы, бірде мектептегі баға қоятын мұғалімнің журналына ұқсас дәптердің аяғына дейін әдемі суреттер мен сөздерді толтырып, ең соңғы бетіне менің суретіммен, маған бағытталған сөзді жазыпты. Тағы бірде бір қыз жұмсақ қонжықты сыйлады. Бірнеше күн өткен соң, қонжықты ұстап отырсам, жүрегінің ішінен қатты затты байқадым. Ішін ашып қарасам, маған арналған хат екен. Хатқа әдемі сөздер жазылыпты. Бұл өмірде ғашық болып көрген адам өмірдің, Аллаһтың берген ең қымбат сыйы екеніне көз жеткізеді. Сондықтан, сүйіп, сүйікті болыңыздар!
A. Mustafina