Қазақстандық "Ролс-Ройс"

Қазақстандық "Ролс-Ройс"

Аты бүкіл дүниежүзіне әйгілі британдық «Роллс-Ройс» көлігін бүгінде Қарағанды облысы, Шахтинск қаласының көшелерінен кездестіруге болады. Иә, иә, бұл оқиға жайлы сіз естіген боларсыз. Бірақ, бұл жайлы тағы бір рет айтып кету тым артық болмас. Керісінше, осындай қолынан бәрі келетін, сегіз қырлы бір сырлы азаматтарымыздың бар екені бізді қуантпай қоймас. Қарағанды облысының тұрғыны өзінің ескі "Мерседесінен" аты аңызға айналған "Ролс-Ройсты" құрастырып алған болатын.

Шахтинск қаласының 26 жасар тұрғыны Руслан Мұқанов "Ролс-Ройс" жайлы армандайтын. 500 мың АҚШ доллар тұратын темір тұлпар нағыз арман құсқа айналды. Бұндай көлемде қаражат жинап, арманындағы көлікті меншікке сатып алу қарапайым жігіт үшін мүмкін емес еді. Сонда Руслан бұндай көліктің құрылысын өз қолына алып, шаруасы жеңіл емес істі бастап кетеді. "Көз-қорқақ, қол-батыр". Руслан "Ролс-Ройсты" бір рет қана көрген болатын. Алматыдағы "Ролс-Ройс" көліктерін сататын орталыққа келген Руслан қымбат темір тұлпарды  бір көріп алып, зерттей бастағанда, оның өзінің 1986 жылғы Мерседесімен ұқсастығын байқайды.

Руслан Мұқанов: "Мен w124 шанағындағы Мерседестің суретін көрдім де, үстінен "Ролс-Ройсты" кескіндегенмін. Барлық сызықтар "Ролс-Ройспен" сәйкес келді".

Руслан өзінің арманын жүзеге асыру үшін үш ай бойы еңкейместен еңбектеніп, 5000 АҚШ долларын жұмсаған болатын. Барлық жетіспеген бөлшектерді өз қолымен жасаған автошебер, британдық көлікті ерекше ететін элемент жайлы да ұмытпаған. Оның көлігінің есіктері  жүрісіке қарама-қарсы ашылады. 

Руслан Мұқанов: "Мен капотыма "Ролс-Ройстың" таңбасын орнатқым келмейді, бұл жақта бүркіт тұрады. Бұл шынайы "Ролс-Ройс" емес қой, бұл қазақстандық "Ролс-Ройс".

Жол полиция басқармасына есік топсалары күмән келтіргенімен, машина тіркеуден өтіп, Қазақстанның кез келген көшелерін жүре алады. Жүріс бөлігіне еш өзгертулер енгізілмегендіктен, көліктің техникалық жағы өзгермеді. Руслан көліктің құрылысына кеткен ақшаны аямады. Жол бойында кетіп бара жатқан "Ролс-Ройсты" байқаған жолаушылар жалт қарап, таңдайларын қаққанда, қаражатты ойламайсың да.

Ендігі кезекте қандай көлік болмақ? Мүмкін "Запорожецтан" жасалған "Феррари" болар? 

Сурет: todase.kz