- Негізгі бет
- Бізге 1 жыл!
- Бекжан Тұрыс: "Жақсы...
Бекжан Тұрыс: "Жақсы адам – текшіл, жаман адам – кекшіл"
- Барлық журналист ең бірінші жаңалық сұрайды ғой. Жаңалығыңызбен бөлісе отырсаңыз...
- Жаңалықты театрдан бастасам, театрымызда «Шәкәрім» атты қойылым дайындап жатқан жайымыз бар. Режисері де, сценарийі де Әубәкір Рахимовтікі. Оны қараша айының 30-ына белгілеп отырмыз. Шәкәрімнің соңғы жылдарындағы, дүниеден өтер алдындағы кезеңі бейнеленген. Сол кездегі Қарасартовтармен өзара тартысы көрсетілген. Шәкәрімнің сөзі бар: «Мен өлсем ұрпағым, артымда қаларсың, Тілеген мақсұтты елден табарсың, Есіңе алып келгенде қабіріме, Шаттықпен шалқытып әніме саларсың» деген. Ол сосын қазақтың зиялыларының барлығы да Қытайдағы Шәуешекте дейді. Оларға «Сендер әлі қайтып ораласыңдар, бүгінгі жеңімпаздар жеңіліп, жер болар. Ал сендер қайтып ораласыңдар» дейді. Дәл бүгін сол баяғы белсенділер жеңіліп, жеңілгендер оралып жатыр ғой. Рас. «Абай» спектаклінде Керім образы жағымсыз болғаны зол заманғы идеологиядан еді, ал бүгін шындық шыңына қонып жатыр. Осы үшін қуанамын. Сол үшін де таңның атысы мен кештің батысында осында дайындық жүргізудеміз. Бар жаңалығым осы...
- Сіз алдыңғы сұхбаттарыңызда тойға шығамын дедіңіз. Қаржы мәселесі ме, әлде басқандай себептер бар ма?
- Жағдайымыз, шүкір, жақсы. Дегенмен өнер адамдарына берілетін жалақының аз екені рас. Сұхбатымда айтылған сөз де рас. Бірақ біз кешке дейін жан бағудың қамымен жүрген адам емеспіз. Театрдың кезекті демалыс кезінде, уақыт болғанда ғана асаба болатыным бар. Бүгінде жалпы тойды асабалар кәсіпке айналдырып алды ғой. Асабалық – өзінше бір өнер. Арзан сөздермен той өткізушілер көп қой, ал той үлкен мектепті қажет ететін дүние. Өйткені Мұзафар Әлімбаев ағамыз баяғыда «Той – тәрбие мектебі» деп айтып кеткен. Тәрбие бастауының бәрі де осы тойдан басталатынын біз түсінейік. Бізді тойға шақырса сөздің төркінін білетін, сөйлей білетін, ой арқалата алатын асаба деп шақырып жатады. Бос кезімде бас тартқан емеспін. Бірақ асабалық кәсіп емес.
- Сіз көп ішіндегі Бекжансыз ба, әлде өзіңіз жеке Бекжансыз ба? Топта өмір сүруге бейім адам болады, өз эгосынан айнымайтын адам болады. Сіз қайсысыз?
- Қазақ «Көппен көтерген жүк жеңіл» дейді. Театр ұжымдық жұмыс. Өсуіңе де, өшуіңе көбінде ұжымның әсері бар. Мәселен, мен рөлді жалғыз алып шыға алмаймын. Үйлесім бар болған жағдайда ғана адамды оқиғаға нандыра аласыз. Мен сол ұжымнан бөлініп, дараланып көрінетін ойым жоқ.
- Сахна белгілі бір деңгейде көрерменнен биік тұрады. Бұл тек қана соңғы қатардағыларға көрінбей қалмасын деген ой емес шығар?
- Талантты Құдай көзі түскен адамға ғана береді дейді ғой. Сахнаға тек пешенесіне бақыт бұйырған адам ғана тұрақтайды. Өнерді жеңіл көретіндер көп. Сахнаның тозаңын жұтып, шаңына аунаған сарабдал адам ғана сахна құдіретін сезінеді. Жалаң айғайшылдар үйлесе алмайды. Парасат пен зерде, пайым, табиғи талант керек. Қарашаңырақтың қазығын қаққан ағаларымыздың рухы әлі семген жоқ. Сондықтан да сахна киелі жер.
- Театр көрермені аз деп жастарды жата кеп сынайтындар көп. Сіздіңше қалай?
- Көрермен аз емес, көп. Әр театрдың, әр өнердің өз аудиториясы бар, болған, болады да. Бірақ сол көрерменнің мәдениет деңгейі турасында әңгіме айтсақ болады. Батыста мәдениетті театрмен өлшейді. Біз ондай деңгейге жеттік пе, жоқ па, білмедім. Спектакль үстінде телефонмен сөйлесіп отыратындар көп қой. Осыны айтсақ, құба-құп.
- Әңгімеңізге рақмет!
Қызықты оқиғасы:
Мен "көріпкелмін!"
- Республикамызға еңбек сіңірген әртіс Төлеубек деген ағамыз бар. Бірде көлікпен кептелісте тұрғанмын. Сөйтсем, Төлеубек ағамыз қолында көк пакеті бар, базардан шығып келеді екен. Дереу телефон соқтым.
- Аға, баяғы Бұқардың сөздері есіңізде ме, керек болып жатыр еді мұнда?
Ол кісі ұмытып қалғандығын айтып жатыр еді «Базарда неғып жүрсіз?» дей салдым. Ағамыз бірден жан-жағына қарап: «Қайда тұрсың, ә?» дейді.
- Аға, үйде отырмын. Сенбесеңіз міне, теледидар қосайын, - дедім де, көліктің радио даусын ұлғайттым. Сонда да сенбей қойған соң, арт жақта отырған әйеліме телефонды бердім. Сонда ғана сене бастады.
- Астахфиралла! Сен қайдан біліп отырсың, ә?
- Жоқ, аға, ешкімге айтпаңыз, менің сондай қасиетім бар.
- Ал қолымда не бар, айтшы ал?
- Қолыңызда көк пакет бар...
- Астахфиралла! Ал көлігім қайда?
Көлігінің қайда екенін мен қайдан білейін.
- Төле бидің бойындағы «Аруана» дүкенінің алдына қойып кетіпсіз ғой, - деп едім, «Жындының сандырағы келеді» демекші, ол да рас боп шыға келіпті ғой. Соңынан осы оқиға күлкіге ұласып, айтып жүретін әзілімізге айналған еді...
Әңгімелескен: Ардақ Құлтай
А. Құлтай