- Негізгі бет
- Өнегелі өмір
- Мұқағали Мақатаевтың туғанына...
Мұқағали Мақатаевтың туғанына 81 жыл!
Жалғыздық пен мұң шарабына сылқия тойған сезім көк аспанға көтерілді де, көз ұшында мұнартып тұрып-тұрып, күллі әлемге "қош!" деді де, жоқ болды. Күмбез бауырында қалықтап аппақ із қалды...
Ол Мұқағали деген арда туған ақиық ақынның салған ізі болатын. Жүректен жүрекке жетіп, көңіл пернесін дөп басқан поэзияның салып кеткен өшпес таңбасы болатын...
Тағдырдың теперішін көріп, талқысын тартқан арда ақын сырларын өріп ақ қағазға тізе берді. Миллиондаған жырсүйер қазақтың бойтұмарындай болған қастерлі жырлар жабыққанда жұбаныш, құлағанда сүйеніш іспетті...
Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп өткен жер.
Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,
Ғашықтар бір-бірін өпкен жер.
Сарылып сал-сері кеткен жер - деп жырлаған ақын ұлтын құлай сүйіп,
Сен менің сүйегім мен қанымдасың,
Жанымдасың, ұятым, арымдасың.
Саған деген махаббат дамылдасын,
Тек сенің топырағыңды жамылғасын! -деп елжіреді. Ұлтты сүйсең, Мұқағалидай сүй!..
Мәңгілік тақырып - махаббат тақырыбын қазақ поэзиясында соны биікке көтеріп кеткен де Мұқағали болатын. Іңкәр жүректің лүпілі сезілетін "Махаббат диалогы", "Аңса, жаным" секілді өлеңдері ыстық сезімнің өлеңмен өрілген символындай.
Бүгінде сәйгүлік ақынның туғанына 81 жыл толып отыр! Бүгін жүрегі қазақ деп соққан әр пенденің мерейлі мерекесі. Бүгін - поэзия тойы!
Қарасаз топырағынан нәр алған арда ақынның тойы құтты болсын! Рухани байлық сыйлаған рухты, отты, нәзік, мөлдір жырлардан сусындап өткен жамағат, ақынға деген құрметіміз өлеңге деген, өнерге деген құрметіміз, ақынға деген сыйымыз ерін ардақтап, төбесіне көтерген қалың қазаққа деген сыйымыз деп білейік... Поэзия тойы құтты болсын!
Сурет: ukkz.net, anatili.kz
М. Оңғарова