Үш арыстың жұбайы болған Фатима...

Үш арыстың жұбайы болған Фатима...

Талғамы биік оқырман, біз бүгін ұлағатты ұлтымыздың үш бірдей ұлы тұлғасының жүрегіне сезім шоғын жағып, көңіліне шабыт берген данагөй Фатима Ғабитова туралы әңгіме өрбітеміз. Әлем тарихында сезімтал жүректі дір еткізіп, тұғыры биік туындыға айналған ай қабақ, алтын кірпік арулар аз болмаған. Ал Фатима апайымыздың орны өзгеше...

1903–1968 жылдар арасында ғұмыр кешкен Фатима Ғабитова 17 жасында жас ағартушы, драматург Біләл Сүлеевпен шаңырақ көтеріп, одан үш бала көреді. Біләл ағамыз 1930 жылдардың басында қуғынға ұшырап, тұтқынға алынады. Фатима Ғабитова одан соң, Ілияс Жансүгіровпен көңіл жарастырып, одан да үш бала сүйеді. Екеуі құрған шаңырақ ыстық махаббатқа толып, сезіммен өріледі. Алайда Ілияс Жансүгіров 1937 жылы қуғын-сүргін құрбаны болып, атылып кетеді. Сөйтіп Фатима екінші рет "Халық жауының" әйелі атанады. Бұдан кейін Фатима апайымыз Мұхтар Әуезовпен қосылып, одан бір бала қалады. 

Фатима Ғабитова

Қазақтың мүйізі қарағайдай ірі тұлғаларының өмірлік жары болған Фатима Ғабитова қандай адам болған? Ол - еңбек жолында мыңдаған шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, аңызға айналған әйел. Үлкен қызына ерте келген ажал, екі күйеуінің атылып кетуі, бес баламен жападан жалғыз қалған күндер, зұлмат заманның запыраны сындыра алмаған қажырлы әйелдің өмір жолы нағыз үлгі аларлықтай өнегелі жол. Биік парасатымен бірге асқан сұлулығымен ерекшеленген Фатимаға арнап Ахмет Байтұрсынов өлең жазған деседі. 

Ұлтына еңбек сіңірген тау тұлғалардың сүйген жарлары өздерінің жұбайлары туралы тәтті естеліктер шертіп отырғанда, заңғарлардың болмысын аша түскендей боласың. Мәриям Мұқанованың "Менің Сәбитім", Лашын Әзімжанованың Мұқағали Мақатаев, Әлия Бөпежанованың Асқар Сүлейменов туралы айтқан естелік әңгімелері өз алдына бір төбе болса, Фатима Ғабитованың "Кемеңгерлер тағдыры. Күнделік жазбаларынан" атты кітабы өз алдына бір төбе. Сондай-ақ, бертін келе, Фатима Ғабитованың болмысын ашып, тұлғасын тануға тырысқан Майра Жанұзақованың "Фатима" атты кітабы жарық көрді. 

Мұхтар Әуезов пен Фатима Ғабитованың ұлдары Мұрат Әуезов

Қиын-қыстау кезеңде алыптардың еңбектерін аман алып қалып, ұрпаққа жеткізуге Фатима Ғабитова аз үлес қосқан жоқ. Осындай оқиғалардың бірін Ілияс Жансүгіровтың қызы Ильфа былай деп жазады: «Оның (Фатима Ғабитованың) 1957 жылғы Қазақстан жазушылар одағындағы партия жиналысында айтқан сөзі есімнен кетпейді. Ол сөзі үш адамды – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлинді ақтауға арналған еді. Сәнді киінген, маңғаз, асқақ келбетімен шыға келгенде, бәрі тына қалды. Оттай жанған қара көзінің әсерінен у-шу болған зал лезде басылды. Оның сөзі өзіне дейін сөйлегендердің сөзінен ерекше болды. Хрущев пен қазақстандық үкіметке атүсті алғысын айтқан соң қолын залға созып, бірінші қатарда отырғандардың нұсқап, бірінен соң бірінің айыбын айта бастады: «Сен Ілиястың үстінен арыз жазғансың!», «Сен оның еңбектерін иемденіп алғансың!», «Ал сен Ілиястың отбасын қуып шығарып, пәтеріне кіргенсің!». Бұл бір құлақ естіп, көз көрмеген, ғаламат нәрсе болды. Мен оның сөзінің жарым-жартысын да ұқпай, қатты масаттанып отырдым».

Біртуар азаматтардың өмір жолына өшпес із қалдырған Фатиманың бейнесі бейне күннің нұрындай, шуақ шұғыласындай. Қашанда басын жоғары ұстап, темірдей төзіммен сүйген жандарына шабыт сыйлап қана қоймай, сүйеу бола білген өжет әйел Фатима Ғабитованы да біртуар тұлға деп білу керек. 

Сурет: proza.ru, np.kz

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Р. Роза