Достоевскийдің нақыл сөздері

Достоевскийдің нақыл сөздері

Бұл күні Достоевскийдің атын естімеген бірде-бір адам жоқ шығар. Ең болмағанда, әлем әдебиетіне қызығып, ізденіп жүрген адамдардың бұл кісі туралы білмеуі мүмкін емес. 30.10.1821 — 28.01.1881 жылдар аралығында өмір сүрген орыстың ұлы жазушысы қалдырып кеткен құнды сөздерді назарларыңызға ұсынамыз. 

  • Шектен тыс өзімшілдікке бой ұру - өзіңді сыйлағандықтың белгісі емес.
  • Тірлікте зұлымдардың үш түрі бар: бірі - өзі ісін дұрыс деп есептегендіктен ғана зұлымдық жасайтындар, бірі - өз ісінің жамандық екендігін білсе де, өзіне тоқтау салуға қауқары жетпейтіндер, бірі - ісінің жамандық екендігін білсе де, жасаған зұлымдығынан ләззат алатындар.
  • Адамшылық қасиеттерді оятуды мақсат қылмай сүрілген өмір - өте сұрықсыз болады. Тамақ жеп, ұйықтауды жан-жануарлар да біледі. Адам баласы олардан биік тұруы керек.
  • Адам өзінің ақымақтығын мойындаған кезде ғана ақылдылыққа бой ұра бастайды.
  • Адам баласы кез келген нәрсеге бой үйрете алатын жаратылыс.
  • Білім мен еңбек қана адамды мұратқа жеткізеді.
  • Адам баласы өзінше бөлек әлем іспетті. Тек сол кеудеде жақсылықтың тамшысы болсын деп тілеңіз.
  • Жарасымды әзіл - тереңдіктің белгісі.
  • Мен зұлымдықтың адам бойындағы табиғи қасиет екендігіне сенбеймін және ешқашан сене алмаймын.
  • Жаратушыны іздеген адам оны кеңістіктен іздемесін, айналасындағы жұрттың махаббатынан іздесін.
  • Адамды танығыңыз келсе, оның сөзіне де, ісіне де, қимылына да назар аудару міндетті емес. Тек оның күлген кезінде ғана зер салып қарасаңыз жеткілікті. Күлкісі тартымды адамның өзі де жақсы болады.
  • Әлемдегі әр адам жер бетіндегі әр жан үшін өзін жауапты сезінуі керек.
  • Бөтенді сыйлай алмайтын адам өзін де сыйлауы екіталай.
  • Орыс халқының ең жақсы қасиеті - әділеттілікті жан-жүрегімен қалайтындығы.
  • Адам бойындағы бағалауға лайық қасиет - ақыл емес. Қайта сол ақылды басқаратын қасиеттер: мінез, жүрек, мейірімділік, таза ой.
  • "Қоғамды сақтап қалу үшін" адамды қырып-жоюға баратын цивилизацияны қарғыс атсын.
  • Табиғатты сүймеген адам халықты да сүймейді
  • Әр халық өз тілін жетік меңгеріп алса, бөтен тілді де еш қиындықсыз меңгере алатыны анық.

сурет: profliqa.blogspot.com