Марк Цукербергтің өмір жолы

Марк Цукербергтің өмір жолы

Бүгін оқырмандарға әйгілі Facebook-тің негізін қалаушы, бизнесмен Марк Цукерберг туралы әңгімелеп бермекпіз.

Марк Эллиот Цукерберг 1984 жылдың 14 мамырында Нью-Йоркта дүниеге келген. Әкесі Эдвард Цукерберг стоматологиялық клиникаға иелік етті. Ал анасы 4 балалы болғанға дейін, психиатр болып қызмет атқарды. 

Марк жастайынан-ақ, компьютерге деген қызығушылығын танытқан. Қызығушылықпен қатар, ерекше электронды машинаға деген икемінің де жақсы екендігі белгілі болды. Осылардың әсері болса керек, жас Марк 12 жасында Atari BASIC платформасында «Zucknet» деп ат қойып, хат алмасуға арналған бағдарлама жасап шығады. Кейін бұл құралды бүкіл отбасы өзара сөйлесу үшін қолдана бастады. Әкесі Эдвард «Zucknet»-ті клиникасында жаңа емделушінің келгендігін біліп отыру үшін пайдаланды. Ұлдарының компьютерлік ойындарды да жасап жүргенін көрген ата-анасы баласының қарымын арттыру үшін программашы Дэвид Ньюманды жалдап оқытты. Осылайша мұғалім аптасына бір рет келіп, Маркпен жұмыс істеп жүрді.

Оқытушы Дэвид кейінірек журналистерге берген сұхбатында: "Сол кезде Марктің соңынан ілесіп отыру менің өзіме де оңайға түспейтін. Басқа да курстарға барып жүрген оқушының алғырлығы мен зеректігі бірден көзге түсіп еді", - деп ағынан жарылыпты. 

Жас талант Phillips Exeter мектебіне де жазылып, өнер үйреніпті. Қандай өнер десеңіздер, кәдімгі семсерлесу өнері. Сонымен қатар, әдебиетте де біршама жетістіктерге жетіп, мектеп кезінде талай классиктердің шығармаларын түбірімен оқығанға ұқсайды. 

Дегенмен жаны техникаға үйір жігіт бәрібір сол саланы айналшықтай берді. Аудио файлдарды ашуға арналған Pandora бағдарламасының алғашқы нұсқасын жасап шықты. AOL пен Microsoft секілді ірі компаниялар бұл өнімді сатып алуға құлық танытса да, Марктың келісімін ала алмай, әрі-сәрі болыпты. 

123

Марк Цукерберг. Сұхбат беру үстінде

Осылайша 2002 жылы оқу бітірген ол Гарвард университетіне оқуға түседі. Оқуының екінші жылында кампус желісінің айыбын ашып, желі бағдарламасын жасап шыққан программашылардың кемшіліктерін көрсетіп берді. Дәл осы тұста "CourseMatch" деген атпен оқу пәндерін таңдауға арналған ерекше құрал жасап шықты. Өзі "Facemash" деп атаған бағдарлама туралы Марктың өмірін бейнелейтін "Әлеуметтік желі" фильмінен көрген де боларсыздар. Екі қыздың арасынан біреуін таңдауға мүмкіндік берген бұл программа бүкіл университетті шулатқан еді.

Бәрін айт та бірін айт, кейін Марк университетті өз еркімен тастап, өз идеясын іске асыруға ден қояды. Бұл туралы толығырақ келесі жазбада баяндайтын боламыз. 

Жалғасы мына жерде

сурет: factroom.ru, nice2look.net